10 Қыркүйек, 2013

«Мағжанның» оралуы

386 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мағжан» әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналының алғашқы саны 2007 жылы қаңтарда жарық көріп, облыс өмірінде үлкен мәдени жаңалық ретінде қабылданған еді.

 

Магжан«Мағжан» әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналының алғашқы саны 2007 жылы қаңтарда жарық көріп, облыс өмірінде үлкен мәдени жаңалық ретінде қабылданған еді.

Алайда, қаржы тапшылығынан 9 саны ғана шығып, дара тұлға ретінде төрткүл түркі дүниесін мойындатқан ұлтшыл, рухшыл ақын Мағжанның шығармашылық асыл құндылықтарымен жан-жақты таныса бастаған талғампаз оқырман қауым сусынын баса алмаған күйі өкініште қалған болатын.

Енді, міне, араға 6 жыл салып, өңір басшысы Самат Ескендіровтің тікелей қолдауымен басылым өз оқырмандарымен қайта табысты. Оның тұсаукесері С.Мұқанов атындағы әмбебап кітапханада өтіп, жиынды кіріспе сөзбен ашқан ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов биыл ұлы шайырдың 120 жылдық мерейтойына республикалық, облыс деңгейінде көптеген іс-шаралардың ұйымдастырылғанын жеткізді. Олардың қатарында «Мағжан көктемі» ІІ республикалық өнер фестивалін, ол туралы түсірілген көркем-деректі фильмді, ғылыми-тәжірибелік конференцияларды атады. Біз бүгін ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттайтын, облыс қаламгерлері мен жас таланттардың туындыларын жариялайтын журналдың қайта жарық көруімен қауышып отырмыз, деді Салауат Сыйлыбайұлы. Сосын сөз кезегін осы игі шараны ұйымдастырушылардың бірі, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, белгілі журналист-жазушы, Жарасбай Сүлейменовке берді. Мағжантанушы рухани, мәдени салаға үлкен көңіл бөліп, жанашырлық қолдау көрсеткені үшін Самат Сапарбекұлына ризашылығын айта келіп, басылым алдағы уақытта Мағжанның шығармашылығымен, өңірлік ауқыммен ғана шектеліп қалмайтынын, ел өнеріне, мәдениетіне қатысты мәселелер де кеңінен қамтылатынын, әсіресе, жастар шығармашылығына үлкен орын берілетінін, ел аумағына тарату мақсаты тұрғанын алға тартты.

Жиында Қазақстан Жазушылар одағы жергілікті бөлімшесінің төрағасы, ақын Мүталлап Қанғожин, «Асыл мұра» орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев, СҚМУ жанындағы Тіл инс­титутының директоры Жанар Таласбаева, «Қазақ тілі» халықаралық ұйымы облыстық филиалының жетекшісі Кәрібай Мұсырман, тағы басқалар журналдың осы жолғы саны айдарлар, тақырыптар сан-алуандығымен тартымды да мазмұнды шыққанын, белсенді авторлар қатарына елімізге белгілі қаламгерлер мен тұлғалардың тартылуы құптарлық екенін тілге тиек етті.

Тұсаукесерде «Мағжан көктемі» ІІ респуб­ликалық өнер фестивалінің жүлдегері Аманжол Зағыпар Мағжан рухына арналған «Қызыл от» өлеңін нақышына келтіріп оқып берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40

60 отбасының қуанышы

Қоғам • Бүгін, 08:38

Ата заң жобасы сараланды

Саясат • Бүгін, 08:22