Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Қостанай облысының дәрігерлері 51 млн теңге үстемеақы алды

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үстемеақы COVID-19 індетіне қарсы күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтыру тәуекеліне қарай әр дәрігерге әр қалай төленіп жатыр.

Қостанай облысының дәрігерлері 51 млн теңге үстемеақы алды

Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс бойынша бүгінге дейін 274 медицина маманы жалпы көлемі  41,7 млн теңге үстемеақы алған.  Мәселен, екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін 186 медицина қызметкері 34 млн теңге алса, үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 88 медицина қызметкеріне 7,7 млн теңге төленген.

Жұмакүл Сексембаева он жылдан бері түбіркүлезге қарсы облыстық диспансерде санитар болып жұмыс істейді. 

- Өздеріңіз білесіздер, санитарлардың жұмысы оңай емес. Қазіргі елдегі жағдайға байланысты 26 наурыздан бастап Тобыл қаласындағы провизорлық стационарда санитарлық қызмет атқарып жатырмын. Карантинге алынғандарды қабылдап, оларды зарарсыздандыру жұмыстары менің міндетім. 3 сәуірден бері біз де карантинде жатырмыз. Өзім Қостанай ауданының Қазақстан ауылында тұрамын. Отбасымды көрмегелі екі аптадай уақыт болды. Бала-шағамды сағындым. Амал жоқ, шыдамдылық танытуымыз керек. Осындай қиын сәтте бәріміз бірге болуымыз қажет. Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінде лаборант болып қызмет істейтін ұлым Нұрболым да екі аптаға Астанаға көмекке кетті. Ол қазір нағыз індет ошағының ортасында жүр. Күні-түні адам өмірі үшін арпалысып жүрген баламның амандығын Алладан тілеп отырмын. Бізге қаржылай көмектесіп жатқан мемлекетке алғысымыз шексіз. Сыйақы да, үстемақы да алдық, өз басым көңілім толады. Бастысы, еліміз індеттен ада болып, тезірек бұрынғы мамыражай күнімізге оралсақ екен. Елдің тыныштығы мен халықтың амандығынан басқа маңызды ештеңе де жоқ, - деді тәжірибелі санитар.


Қостанай облысы