Спорт • 16 Сәуір, 2020

«Қайрат» футболшысы коронавируспен күреске қаржы бөлді

89 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Польша құрамасы мен Алматының «Қайрат» клубының жартылай қорғаушысы Яцек Гуральски карантин уақытында гол соғып емес, қайырымдылық арқылы көзге түсті. Гуральски өзі туып-өскен 350 мыңнан аса халқы бар Быдгощ қаласының ауруханасына коронавируспен күреске қаржы жинау қайырымдылық акциясына қатысып, сауапты іс жасады.

«Қайрат» футболшысы коронавируспен күреске қаржы бөлді

Бұл қайырымдылық акциясын сол қаланың «СК Уния Солец Куявски» клубының президенті – Матеуш Чижевски бастаған. Ол өз қаласының танымал тұлғаларын қайырымдылық іс-шарасын қолдауға шақырып, әлеуметтік желіде «Біз аурухана үшін ойнаймыз» деген жазуы бар фото жариялаған.

«Біздің қалада жомарт жандар жеткілікті. Солардың бірі – үлкен жүректі азамат Яцек Гуральски. Польша құрамасының футболшысы осындай қиын-қыстау уақытта бізді қолдайды деп сенеміз. Айтпақшы, біздің командадағы ең үздік ойыншының бірі Яцекті кумирім деп санайды», деп жазған Чижевски.

100 мың злот (10,2 миллионнан теңгеден астам) көлемінде қаражат жинау Zrzutka.pl сайтында жүргізіледі. Гуральскидің өзі 500 злот бөлді (51 мың 221 теңге). Жиналған сомма дәрігерлерге арналған қорғаныс құралдарын сатып алуға жұмсалады.

27 жастағы Гуральски «Қайрат» сапына жыл басында Болгарияның «Лудогорц» клубынан ауысқан болатын.

Айта кетейік, бұған дейін «Астананың» черногориялық футболшысы Жарко Томашевич та қайырымдылық жасаған болатын.