Технология • 17 Сәуір, 2020

Көшені залалсыздандыратын көлік шығара бастады

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай машина жасау зауыты көшелерді дезинфекциялап залалсыздандыратын құрылғысы бар автокөліктерді шығара бастады.

Көшені залалсыздандыратын көлік шығара бастады

28 наурызда Үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысуымен Қостанайда отандық «Chevrolet» көліктерінің бірнеше үлгісін шығаратын жаңа өндіріс іске қосылған болатын. Олардың ішінде, әсіресе шағын және орта бизнеске арналған «Labo» коммерциялық автокөлігі көпшілік қызығушылығын оятып отыр. Бұл автокөлік отандық нарықта ең өтімді әрі ең арзан көлік ретінде танылып үлгерген. «СарыарқаАвтоПром» серіктестігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, компания елдегі жағдайды ескеріп, «Labo» көліктеріне көшелерді дезинфекциялау және залалсыздандыру жүйесі бар құрылғы орнату туралы шешімге тоқтаған.

Көше залалсыздандыратын отандық көліктің көлемі шағын ғана, тіпті саябақтың ішіндегі тар жолға да еркін кіріп жүре береді. Сөйте тұра, 560 килоға дейін жүк көтере алады. Санитар көліктің арқасында 500 литрлік құтысы бар. Онысын бір толтырғанда 5-10 гектар аумақты залалсыздандыра алады.

Көліктің ені 5 метр ауқымды қамтитын шашқышы автобус аялдамалары мен көшедегі демалыс орындық­тарына дейін дәрілей алады. Отандық санитар көлік бүгінде Қарағанды, Ақмола облыстары мен Алматы көшелерін дезинфекциялап жүр.

 

Қостанай облысы