«Өздеріңіз білетіндей, осындай қиын жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету қажет, сол себептен жасотандықтар қала тұрғындарына сақтану құралдарын тегін тарата бастады. Аталған 5 млн маска Елбасы бастамасымен құрылған «Біз біргеміз!» қоры арқылы сатып алынды», деді Елнұр Бейсенбаев.
Сондай-ақ ол негізгі басымдық аз қамтылған көп балалы отбасыларға, жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге бағытталатынын атап өтті. Яғни дәріханаға барудың өзі қиындық тудыратын азаматтар бірінші кезекте ескеріледі. Сонымен қатар белсенділер осы аптада азық-түлік таратуды қайта бастайды. Сондай-ақ жалғызбасты зейнеткерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғастырылатын болады. Бұл істің барлығы тек волонтерлердің көмегімен іске асырылуда. Олар да барлық сақтану киімдерімен, бетперделермен қамтамасыз етілген.
«Біз елорданың 40 000 отбасын маскамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Әрбір қорапта 50 қорғаныс құралы бар. Тек бүгін ғана біз 2 000 отбасына 100 000 бетперде тараттық», деді Jas Otan жетекшісі.
19 наурыздан бастап Jas Otan жастар қанатының 3000-нан астам еріктісі Қазақстан бойынша 56 мыңнан астам отбасын бірінші қажеттіліктегі азық-түліктермен қамтамасыз етуге атсалысты. Күн сайын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында еріктілер 1200-ден астам жалғызбасты зейнеткерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ олар зейнеткерлерге дәрі-дәрмектерді және қорғаныс құралдарын жеткізуді жүзеге асыруда.
Тұңғыш Президент – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Біз біргеміз!» қоры еліміз бойынша әзірге 152 000 мұқтаж отбасына 56 000 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетті. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының 2000-нан астам дәрігеріне де 50 000 теңге ақшалай көмек жіберілді.