Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Нұр-Сұлтан: Ботаникалық бақтағы аққулар тіршілігінен репортаж

818 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан екі-үш күн бұрын елорданын сол жағалауынан былтыр ашылған Ботаникалық бақтың жасанды көліне екі аққудың ұшып келіп, жүзіп жүргендігін хабарлаған едік. Бақтың өзі жүз гектар аумақты алып жатыр. Оның Түркістан көшесі жағындағы шетіне қолдан көл жасалынған. Жасанды көлдің өзі биіктен қараған адамға қанатын жайып ұшып келе жатқан құс бейнесінде көрінеді. Көл беті ортасынан кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер арқылы төрт аумаққа бөлінеді. Қос аққу міне, осы көлге келіп қонақтаған болатын.

Нұр-Сұлтан: Ботаникалық бақтағы аққулар тіршілігінен репортаж

Айта кетейік, елордаға көрік беріп тұрған осы ғажайып бақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынған және оның ашылуына Елбасымыздың өзі қатысқан болатын.

Аққулардың жасанды көлге ұшып келгендігі туралы алғашқы хабарды бізге көлдің дәл қасындағы «Park Avenue» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Қайрат Шыңғысбаев жеткізген еді.

Қайрат аталған тұрғын үй кешенінде екі жылдан бері тұрып жатыр. Яғни Ботаникалық бақ ашылғаннан бері осында. Оның айтысына қарағанда, бұл – аққулардың жасанды көлге алғаш ұшып келуі. Былтырғы жазда мұндай құбылыс байқалмаған еді.

Төмендегі көлдің жалпы көрінісі туралы сурет Қайрат пәтерінің балконынан түсірілді.

лл

 «Басында көлге екі аққу ұшып келіп еді. Келесі күні олардың саны алтауға жетті. Аққулар көбейген соң олардың арасында шайқас басталғандығын байқадым. Алғаш ұшып келген екі аққу соңғы ұшып келген екі аққуды қайта-қайта қуалады. Ақыры ол екі аққудың бірі ұшып кетті де, екіншісі сыңарынан айрылып жалғыз қалды. Басқа аққулар жалғыз аққуды маңайына жолатпады. Біраздан кейін ол да көл бетінен көтеріліп, белгісіз жаққа ұшып кетті. Аққулар жұбы жазылмастан өмір сүреді, бірі бірінен еш уақытта айырылмайды деуші еді. Соңғы екі аққудың бір-бірінен неге бөлінгендігін түсінбедім» дейді Қайрат.

Артынан интернеттен қарап білгеніміздей, аққулар өздері иеленген аумақты керемет қорғайды екен. Алғашқы ұшып келген екі аққудың соңғы ұшып келген екеуді сиғызбау сыры соған байланысты секілді. Әлде бір-біріне деген махаббаттарының берік еместігін білді ме екен?!

Берілген деректерге қарағанда, аққудың серігі қайтыс болса, ол қатты қайғыға батады. Кейбіреулері өзін ерікті түрде өлімге қияды. Климаты ыстық жерде – олардың түсі қара, ал суық аймақта – ақ болып келеді. Қазақстандағы аққулар түсінің ақ болып келетіндігі де климатымыздың қаталдығына сәйкес болса керек. Жалпы қазақ халқы қара аққу дегенді білмейді. Сондықтан да оған «Аққу» деген ат берген. Халқымыз оны ерекше киелі құс санайды. «Аққуды атпас болар» деп ұрпағына өсиет еткен. Ырым бойынша, аққуды өлтірген адам өмірінде бақытсыздыққа тап келеді. Дегенмен туылған кезде аққу балапаны сұр түсті болып, бірте-бірте күлгін тартып, әбден жетілген кезде ағарады екен.

Аққуды тек қазақ қана емес, бүкіл әлем халқы қадірлейтіндігін айта кетсек, артық болмас. Ұлыбританияда барлық аққулар ханшайымға тиесілі деп саналады және оларды атуға, аулауға тиым салынған. Ал Финляндия халқы аққуды өздерінің ұлттық құсы деп есептейді.

Қайраттың айтуына қарағанда, жасанды көлге кеше тағы екі аққу ұшып келген. Сөйтіп олардың саны қайтадан алтыға жеткен. Аққулар енді бір жерге шоғырланбай көлдің үш жағына жұптаса орналасқан. Шамасы, олар көл бетін осылайша бөліп алса керек.   

Мына төмендегі суреттегі –  жасанды көлге алғашқы болып ұшып келген қос аққу:

апа

Ертерек келгендіктен көлдің жақсырақ жеріне иелік еткен бұл қос аққу оның бетінде емін-еркін жүзіп жүрді.  Білуімізше аққулар көбіне су бетінде өмір сүреді. Жағаға сирек шығады. Суыққа төзімділігінің арқасында, 8000 метр биіктікте ұша алады. Яғни аққулар басқа құстардан тым биікке самғай алатындықтарымен де ерекшеленеді. Орташа ұшу жылдамдығы сағатына 65 шақырым мөлшерінде. Өмір сүру ұзақтығы – 20-30 жыл. Салмағы 15 килограммға дейін барады.

Біз мұнан кейін көлдің Астана Арена спорт сарайы жақ бетінде жүзіп жүрген екі аққуды алыстан суретке түсіріп алдық.

лл

Олар жағалауға тым жақын жүзіп жүр екен. Кейде бастарын су астына сұғып жіберіп бірдеме іздегендей болады. Соған қарағанда жағалауға, тақау таяз жерлерден су астының шөбі мен жәндіктерді тамақтарына талғажау етіп жүрсе керек. Білуімізше, аққулар суда өсетін өсімдіктермен, құрттармен, жәндіктермен қоректенеді. Көздері өте жақсы көреді. Бұл қабілет оған судың астынан азық табуға көмегін тигізеді. Ересек аққу күніне 5 килоға дейін тамақ жеуі мүмкін екен.

Ал көлдің Абу-Даби Плаза жағындағы қос аққу бізге көл бетінде жүзіп жүріп ұйқыға кеткендей сезілді. Бастарын қанат қауырсындарына жасырып, ерекше мамыражай сәтке бөленген. Қайраттың айтуына қарағанда, осы екі аққу соңынан ұшып келген. Соған қарағанда, жол сапардан шаршағандары да сезілетіндей.

Қазақтың біртуар ерекше дарынды ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» атты атақты поэмасы барын білеміз. Аққуды киелі құс ретінде бейнелейтін, оны ату үлкен қасірет әкелетінін білдіретін бұл поэмада:

«Биік барып жаралған жер бетінен,

Сол байырғы «Жетім көл» келбетімен.

Айдынында аққулар ұйықтап жатыр,

Сайдан соққан самалмен тербетілген» деп келетін поэмадағы «Жетімкөл» - ел көзінен жырақтағы тұмса табиғат аясындағы көл. Ал мынау алтын Арқа төсінде асқақтаған астананың жауһары секілді Ботаникалық саябақта адам қолымен жасалған, әлі аты да белгіленбеген жасанды көл.

итьить

Көл бетінде құс патшайымы аққулар ұйықтап жатыр. Олар қазіргі коронавирус карантині кезінде Ботаникалық бақ ішіндегі, оның жасанды көлінің бетіндегі тыныштыққа сенетіндей. Сондықтан бұл аққулардың ұйқысын бұзғың келмейді-ақ. Атақты ақын жырлаған поэмадағы қасіретті шақ қайта оралмауын, ертең дүрілдеген қала тірлігі қайта қалпына келген кезде аққулардың басқа жаққа ұшып кетпеуін тілейсің.

Дегенмен Биоәркелкілікті сақтау жөніндегі қазақстандық ассоциацияның ғылыми қызметкері, орнитолог Руслан Оразалиевтің сөзіне қарағанда, құс патшайымы аққулар елордада көп бөгеле алмайды. Оның пікірінше, құстардың көшіп-қонуында мұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Аққулар қала ортасындағы жасанды көлге коронавирус карантині кезіндегі тыныштыққа сәйкес ұшып келсе керек. Алайда жасанды көлдегі қоректік жағдайдың тапшылығынан және тыныштықтың бұзылуынан олар көп өтпей-ақ қала сыртындағы көлдерге қарай орын ауыстыруы тиіс.

«Оның үстіне, аққулар тұрақтап қалуы үшін олар көп өтпей өздеріне жағалаудан ұя салуы тиіс. Ол үшін қамысты қоға қажет. Жасанды көлде ондай жағдай жоқ. Сондықтан аққулар ботаникалық бақта көп бөгелмейді деп ойлаймын» дейді Р. Оразалиев.

Дегенмен халық басына қиындық түскен осынау шақта Қазақстан жеріне, соның ішінде оның астанасындағы Ботаникалық баққа киелі құс аққулардың ұшып келуі әлдебір жақсылықтың хабаршысы іспетті. Лайым солай болғай деп тіледік.