Экономика • 17 Сәуір, 2020

Әлемдік экономика «дәстүрлі мұнайдан» құтылуға асығып отыр

1313 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан бес-алты жыл бұрын әлемдік ақпарат көздері Америка тақта тас (сланец) мұнай мен газ өндіру арқылы көмірсутек өнімдеріне тәуелділіктен құтылуға асығып отырғанын хабарлаған.

Әлемдік экономика «дәстүрлі мұнайдан» құтылуға  асығып отыр

«Бізді алпауыт елдердің экономикасының теңселгені  ойлантуы тиіс. Ұлттық экономиканың тынысын ашу үшін нақты мемлекеттік шара қолданған жөн», – дейді мамандар.

Біздің ұлттық экономикамызға, ұлттық валютамызға ішкі-сыртқы факторлардың кері әсер етіп тұрғаны белгілі. «Иллюзиядан» арылып, күнгейдің көлеңке тұстарын көруі керек. Осыған орай, нақты шешімдер қабылданып, экономикамызды тығырықтан шығара алатын сауатты топ-менеджерлер тобын қалыпастыратын кездің келгенін айтып отыр мамандар.   Демек «мұнай қымбаттайды» деп қашпаған қашардың уызынан дәмете берген жалғаншы сезімнен арылып, мұнайдан кейінгі кезді ойластыратын кез келді.  

Қазір АҚШ тақтатас мұнайын өндіруге көшті. АҚШ  күніне 1 млн баррель мұнай өндіретін жағдайға жетті. Соның арқасында Сауд Арабиясын ығыстырып, әлемдегі ең ірі мұнай өңдеуші елге айналды. Осылайша ОПЕК-ке мүше елдер мен Ресейдің мұнайына АҚШ-тың тақтатас мұнайы қосылып, нарықта мұнай көбейді.

«Бәсеке көбейіп, тұтынушыға талас басталды да, мұнайдың бағасы төмендеді. Алдағы уақытта да мұнайдың бағасы төмендей береді. Бұл экономикасы мұнайға байланған елдер үшін қуантарлық жағдай емес», – дейді отандық экономист-ғалымдар.. Бүгінде өнеркәсіптік көлемде мұнай өндіріліп жатқан қатпарлы тас кеніші АҚШ-тың солтүстігіндегі Монтана және Северная Дакота штаттарында орналасқан. Бұл кеніштер өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында мұнайы таусылған кеніштер болып есептеледі. Америкалықтар мұнайы таусылған кеніштің қатпарлы тас бөлігінен мұнай өндіруге сол жылдары-ақ ұмтылған болатын. Бірақ технологияның сол кездегі мүмкіндігімен қол жеткізе алмады,  содан кейін 2000 жылдары олар қайта кірісті. Бұл жолғы ұмтылыс табысты болып, кеніштің екінші тынысы ашылды деуге болады. Бахен деп аталатын сол кеніш бұрынғысынан да көп мұнай бере бастады.  Бұл жерде америкалықтардың қатпарлы тастан мұнай мен газ алатын, алғанда да өзіндік құнын өсірмей алатыны жаңа инновациялық технология мен техниканы ойлап тапқандарында болып тұр.

Ғалымдарға арнайы тапсырма беріп, қажетті қаражатпен қамтамасыз ету арқылы тастан газ бен мұнай алуды жолға қойып отыр.

Ойлап қарасақ, АҚШ әлемде жоқ жаңалық ашып, айды аспанға шығарып отырған жоқ. Бұрынғы шикізаттың бәрі сорылып алынған кеніштерден жаңа жолмен шикізат алуда. Ондай қатпартас қабаттары біздің ескі кеніштерде де жеткілікті көрінеді. Бірақ бізде бұл мәселе қозғала қойған жоқ. Ал алдағы уақытта қатпарлы тас мұнайы мен газы әлемдік рыноктағы «қара алтын» бағасына қалай ықпал етпекші? Мұнайлы мемлекеттер өзіндік құны арзан көмірсутекті өнімдердің көлеңкесінде қалып, болашақта әлем олардың өнімін пайдаланудан бас тартуы мүмкін бе? Олай болған жағдайда еліміз экономикасының локомотиві болып отырған мұнайдан түсетін табыс қазаны ортайып қалмай ма деген сауалдардың атойлап шыға келетіні де заңды.
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, қатпарлы тас мұнайы мен газы дәл қазір мұнай-газдың әлемдік бағасына әсер ете алмайды. Ал 4-5 жылдан кейін оның әсерін кәдімгідей сезіне бастайтын боламыз. Он жылдан кейін газ бен мұнай нарығы жаhандық болудан айырылады. Ол қарапайым ғана көмір нарығына ұқсап қалады.

Экономист  Мағбат Спанов  болашақта бұл нарық томаға-тұйық үй шаруашылығындағы нарықтарға айналуы әбден мүмкін екенін айтады. Әлемдік нарықта бағасы жоқ шикізатқа мемлекет бақылау жасап, реттеп отыра бермейді. Қатпарлы тас шикізаты әр елдің өз аймағында да жетіп артылады. «Алыстан тасығанша, өздерінде өндіріп, пайдаланған тиімді болмай ма? Бағасы да көкейге қонымды болады, өйткені тасымалдың өзі бағаны екі еселендіріп жіберетіні белгілі»,  дейді сарапшы Мағбат Спанов.
Халықаралық энергетикалық агент­тіктің (ХЭА) сарапшылары  мұнай бағасын тұрақтандыру үшін жанталасып жатқан ОПЕК-тің жігерін құм қылатын да – АҚШ- тың тақтатас мұнайын («сланцевый нефть») өндіруші компаниялары екенін айтады.

«Аль­пари» агенттігінің бас сарапшысы Анна Бодрова да кешегеі өткен вебинар жиында ҚШ ком­па­ниялары қазірдің өзінде ОПЕК және әлем­дегі мұнай экспорттаушы 11 елдің келісімі нәтижесінде жүзеге асырылған мұнай өндіру көлемін қысқарту шараларының тиімділігін жоққа шығарғанын айтты. Себебі  тақтатас мұнайын өндіруші АҚШ компаниялары ешқандай келісімдерге қатыспайды, ОПЕК-тің бұл компанияларға ықпал ететін де ешбір мүмкіндігі жоқ.

Жақында Хьюстон қаласындағы АҚШ-тың ең ірі аудиторлық компаниясы энергетика бөлімінің басшысы Регина Мэйор «Әлемдік рыноктағы мұнай барелінің бағасы 35 долларға дейін төмендесе де АҚШ-тың барлық тақтатас мұнайын өндіретін кен орындары табыспен жұмыс істейтін болады», деп атап көрсетті. Иә, жуыр маңда жаһандық рынокта мұнайға деген сұраныстың күрт өсетін түрі көрінбейді. Тақтатас мұнайының арқасында АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушы елден, бұл энергетикалық шикізатты ең ірі экспорттаушы елге айналып келеді.  

Ғалымдар АҚШ-тың көмірсутектік өнімдерге балама ретінде дәстүрлі емес энергоресурстарды табу жөнінде ғалымдарына тапсырма бергеніне оншақты жылдың болғанын айтады. Ол үшін бюджеттен бөлінетін қаражат көздері де барынша ұлғайтылды. Мұнайға балама энергоресурстар көзін тауып, көмірсутек бағасына деген тәуелділікті сылып тастауға шындап кіріскен АҚШ дәстүрлі емес қуат беретін көздерді іздестіруін, әсіресе, соңғы он жылда бір сәтке де тоқтатқан емес. Жел, күн көздері беретін қуат дәрменсіздеу болатынын, аса қуатты энергия жер қойнауындағы жыныстарда ғана екенін түйсінген америкалықтар мұнай орналасқан қабаттарға жүгінгені байқалады. Өйткені олардың өндіріп жатырмыз деп отырған қатпарлы тас мұнайы мен газы (сланец-сланцевая нефть) кәдімгі мұнай-газ кеніштерінің астында орналасады екен. Ал ғалымдар сланец немесе тақта  тас кеніші мұнай мен газ кенішінен өзге нәрсе емес екенін, екеуі бір кеніште орналасатынын айтады.   Кеніштің аналық түрі бар, онда қуыс аз, өткізгіш қабілеті онша емес, сондықтан да оның құрамында көмірсутектердің концентрациясы аз мөлшерде, бірақ ол үлкен қашықтықтарды алып жатады. Аналық түрдің үстінде немесе оның бір қуыстарында көмірсутектерді жинап алатын орындар болады. Онда көмірсутектер созылмалы суспензия секілді жинала береді. Міне, осындай жерлерден мұнай немесе газ өндіріледі. Бұл біздің өндіріп жүрген дәстүрлі мұнай-газымыз.

Қалай болған күнде де, бәрін уақыт көрсетеді. Қатпарлы тас кеніштері әлемнің барлық аймағында орналасқан болса, біз де қол қусырып отыра қоймаспыз. Ғылымға деген мемлекеттің бетбұрысы да түзеліп  келе жатыр. Мүмкін бізді мұнайға деген тәуелділіктер ғылым алып шығатын шығар.