Руханият • 17 Сәуір, 2020

Үкілі Ыбырайдың жаңа қырларын ашу парыз

1170 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ өнерінің жарық жұлдыздарының бірі – Үкілі Ыбырайдың туғанына биыл 160 жыл толып отыр. Халықтың еркесі,  ән мен жырдың серкесі болған оның әндері қазақ даласына кеңінен тараған. «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларында оның әндері жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлікпен өңделіп, классикалық шығармаларға айналды. Жібектің басты ариясы да Ыбекеңнің «Гәкку» әнімен орындалады.

Үкілі Ыбырайдың жаңа қырларын ашу парыз

Арқа әндері мектебінің шебер орындаушылары Қайрат Байбосынов, Майра Ілиясова, Қапаш Құлышева, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жампейісова және т.б. өздерінің репертуарларынан Үкілінің әндерін түсірген емес. Оның  «Гәкку», «Мақпал», «Қарақат көз», «Алтыбасар», «Жиырма бес», «Желдірме», «Сүйгенім», «Арарай», «Қалдырған» және т.б. қырықтан астам әндерін естігенде жан-дүниесі босап, бойы балқымайтын қазақ жоқ. «Гәккуді» алғашқы болып үлкен аренада шырқаған Күләш Байсейітова осы әннің құдыретімен кезінде КСРО қоластына тегіс танылған.  

Ыбырай Сандыбайұлы Солтүстік Қазақстанның Айыртау ауданындағы Өскен ауылының түбінде туып өскен. Оның өмірі мен қызметі туралы біздің Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде біршама деректер бар.

Колхоздастыру жылдарында Үкілінің ағайын-туысқандары осы колхозға біріккен. «Сандыбайдың әнші баласы» атанған туабітті дарын жас шағынан осы өлкенің жыр сүлейлері мен көмейі суырылған әншілері Біржан сал, Ақан Сері, Орынбай, Шөже, Балуан Шолақ әндерін бойына сіңіріп өскен.

Үкілі Ыбырай туралы Сәкен Сейфулиннен бастап, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, Есмағамбет Ысмайылов, Қали Жантілеуов, Молдахмет Тырбиев, Кәкімбек Салықов, бертін Естай Мырзахметов, Серік Негимов, Жарасбай Сүлейменов, Төлеген Қажыбаев, Рәшит Кәренов, Жұмабай Есекеев, Зейнолла Әкімжанов және басқа да ондаған авторлар жазды. Драматург Шахмет Хұсайынов Ыбырай туралы ең алғашқы болып «Қайран Гәкку» пьесасын жазды.

Бірақ, өзінің шығармалары екі шағын кітап болып шыққаны болмаса оның өмірі мен шығармашылығын зерттеген маңызды мақалалар, зерттеулер  құрастырылып, жеке кітап болып басылған жоқ. 160 жылдығына орай осы мәселе қолға алынса Үкілінің өнері мен өнегесі ұрпаққа жете берер еді деп ойлаймыз.

Ән падишасы атанып, жүрген жері қызық пен думанға толы болса да Үкілінің кейінгі тағдыры аянышты болған. Ол туралы Естай Мырзахметұлы «Үкілі Ыбырай: Тергеу. Үкім» деген «Сары Арқа» журналына шыққан («Жаңа Сары Арқа», 2006 жыл, №3), Кәкімбек Салықов «Үкілі Ыбырай туралы үзік сыр» («ЕҚ» 25.06.2003 ж), Е.Қайырбеков пен Жарасбай  Сүлейменов «Үкілі Ыбырай қалай қуғындалды?» деген 1994 жылы «Солтүстік Қазақстан» газетінде шыққан мақалаларында жазған.  

Соңғы мақаланы Жарасбай Сүлейменов ағамыз сол кездегі облыстық ҰҚК бастығы Е.Қайырбеков деген азаматтың көмегі арқылы Үкілінің «Қылмысты ісін» зерттеу арқылы жазған. Онда былай деп жазылады: «...Мемлекеттік Саяси Басқармасының (ГПУ) бұрынғы Айыртау аудандық өкілі Жұмабай Шаяхметов (кейін Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы болған осы кісі Ж.С.) жүргізген бұл іс 1930 жылғы қарашаның 4-інде қозғалған. Нақ сол күні 72 жасар Ыбырай Сандыбаев қамауға алынады. Сонда оған қандай айып тағылады? Бұл арада басын ашып алатын бір жай ақынның ісі 1921 жылғы оқиғаларға байланысты жүргізілген. Одан жауапты Шаяхметовтың өзі алған. Ол Ыбырай Сандыбаевқа алғашқы кездесуде «Колхоз құрылысына қарсы үгіт-насихат таратқаны» үшін жауапқа тартылатынын хабарлаған...».

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде 1921 жылғы шаруалар көтерілісіне қатысты біраз материалдар бар. Халық алғаш рет ашаршылықтан қырылып, оның үстіне «соғыс коммунизмі саясаты» деген шектен шыққан салық жүйесіне қарсы шығып, қазақ пен орыс шаруалары бірігіп, Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске шыққан. Коноваловка селосында құрылған көтерілістің штаб мүшелері қатарына қазақтардан  Мәкенов Хайролла, Темірбеков Әбжан, Қапаров Кенжеахмет, Есенов Ақнұр, Мәкенов Мұхаметжандар кірген. Үкілі де сол қатарда болған деген дерек бар. «Қазақ  қоғамынан  1921  жылғы  Батыс  Сібір  «кулактар» көтерілісіне қатысқандардың біразы бай да, бағлан да емес, жай, қарапайым қоғам мүшелері болатын. Кеңестік билікке қарсы шыққандар тек байлар мен буржуазиялық интеллигенттер болды деген бұл большевиктік идеология жасаған көп аңыздың бірі еді», - деп жазды артынан осы оқиғаны зерттеген тарихшы М.Қойгелдиев.

Ж.Сүлейменов ағамыз өзінің мақаласында Ыбырайға тағылған осы айыпқа неше түрлі ауыл ішіндегі жалалар да қосылғанын жазады. Ақыры ОГПУ әншіні ұлғайған жасына қарамастан: «1930 жылғы 20 қарашада Солтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік Саяси Басқармасының (ОГПУ) Қаулысы бойынша ату жазасына кесіп, мал-мүлкін конфискелеу жөнінде үкім шығарған. Бірақ кейін осы үкім бұзылып, ақын он жылға бас еркінен айырылады. Жазасын өтеу үшін Қиыр Шығыс лагеріне жіберіледі. Міне, осыдан кейін оны көрдім, білдім деген адам болған емес», деп жазылған мақалада.

Өткір тілді Ыбекеңнің колхоздастыруды әзіл-шыны аралас шенеп жазған:

«Тұлпарларды мінгізген,

Жал-жаяны жегізген,

Барқыттан киім кигізген,

Сұлуларды сүйгізген,

Идраномайт Николай.

Мәстектерді мінгізген,

Тайынша-торпақ жегізген.

Түрегелтіп с...ген,

Кенептен шалбар кигізген,

Спасибо, көменес», - деген сияқты

өлеңдерін де салпаң құлақ сатқындар өкіметке төндіре жеткізгені даусыз. Ыбекеңнің осы әжуа өлеңі барлық қазаққа тарап, оны бірнеше түрлі нұсқада айтатындар бар. Тіпті, авторлығы басқа адамдарға телініп кеткен жерлері де аз емес.  Ал сотталып, айдалып бара жатқанда айтқан:

«ГПУ деген сотыңыз,

Жүріп тұр ғой хотыңыз.

Өңкей шалды айдатып,

Қисаймай ма к...ңіз», - дегені қайсар жанның қайыспай,

 сол кездегі қанды өкіметті барынша кекеп кеткенін көрсетеді.  

Белгілі журналист Смағұл Рахымбек Үкілі Ыбырайдың айдауда жүргенде шығарған «Қалдырған» әнінің бір нұсқасының тарихы туралы «Тайгадағы түс. “Қалдырған” әні» деген зерттеу мақаласында тамаша суреттеп, жазды. Көркем публицистика жанрымен жазылған бұл мақала былай басталады: «Тайга ішінің аязы бүгін ерекше шаңытып тұр. Барактан барынша жылы киініп шыққан қария қуаты қайта бастағанын бойының лезде қалтырап қоя бергенінен аңғарғандай болды. Қалың оппа қардан малтығып, бірер аттап үлгергені сол еді, жайдың оты түскендей әлде не жақын маңнан шатыр етті. Қарағай, самырсындар селк етіп, ағаштардың өн бойларынан қар ұшқыны саулап қоя берді. Әлгінде ғана тұлғасы аспандай зорайған алып қарағай аязға шыдамай қақ айырылған екен. Өзегінің қызғылт беттерінен сары алтындай шырыны бұлақ болып ағып жатыр. “Ғұмыры біткен соң, қарағай да жылайды екен-ау” – деп, тебіренді ақын жаны», дей келіп, ақынның «Қалдырған» әні осында шыққанын айтады:

                             Шіркін бір дүние кең едің,

                            Біраз күн алдап бөгедің.

                            Өкпеледім, дүние-ай,

                            «Қайдасың, Ыбырай, демедің?

Арғын, Найман ұлынан,

                            Талайдан сарқыт жеп едім.

                            Жетпістен асқан шағымда,

                            Сақал, мұртым қуарып,

                            Тамыр біткен суалып,

                            Неліктен мұнша жүдедім.

Бірақ, алыста жатқан жұртына Үкілі Ыбырайдың әйгілі “Қалдырған” әнінің осы жетінші нұсқасы жетпеген. Жазықсыз жер аударылған ақынның өзі 76-ға қараған шағында жат жұртта, туған елінен жырақта көз жұмды, деп жазады автор. Дегенмен осы жері шындықтан ауытқыған, өйткені барлық анықтамалық құжаттарда Үкілі Ыбырай 1860 жылы туып, 1932 жылы, яғни 72 жасында өмірден өткен деп көрсетілген.

Үкілінің туған жеріндегі, ауыл-аймақ арасында айтылатын көптеген естеліктерді жинап, біраз әнінің шығу тарихын да қосып, жергілікті қарт ұстаз Сәркен Құлмағамбет ағамыз да «Қайран Гәкку» деген шағын жинақ шығарған еді. Оның да Ыбырайдың тарихын соңына түсіп зерттеушілерге берері мол.

Үкілі Ыбырайдың 1960 жылы ақталуына тікелей үлес қосқан адам даңқты жерлесіміз, жазушы Сәбит Мұқанов. Оның сол кездегі Қазақстан КП ОК идеололгия жөніндегі хатшысы Н.Жанділдинге жазған хаты сақталған. Онда жазушы былай дейді: «В нынешнем Айыртауском районе Кокчетавской области жил один из известнейших казахских акынов и композиторов Ибрай Сандыбаев. В 1929 году, на старости лет, он был «раскулачен», арестован и, говорят, вскоре умер в заключении», дей келіп одан әрі Сәбең Үкілі Ыбырайдың өнерін, Кеңес одағын, Ленинді алғашқы болып жырлағандардың бірі екенін еске алып, оны ақтау керек екенін ұсынады. «Справедливость требует, чтобы народный акын Ибрай Сандыбаев был реабилитирован», деп сөзін қорытады сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаты әрі Орталық Комитеттің мүшесі Сәбит Мұқанов.

Осыдан кейін Үкілі Ыбырай ақталып, оның жарқын есімі еліне оралған. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы туған ауылы «Үкілі Ыбырай» аталады. Осы жерде Үкілі 1860 жылы өмірге келген. Жалғызтаудың бауырын жайлаған Жақсылық Қарауылдан шыққан ақынның ата тегі Деріпсал Сәбденнен тарайды. Сәбден Абылай ханның әрі досы, әрі даңқты батыры болған әйгілі кісі. Жерлестері «аспандағы аққуға үнін қосқан» әншіні ардақтап, облыс орталығы Қызылжар қаласында оған ескерткіш және есімі берілген шағын саябақ ашқан.

Қызылжардағы «Абылайдың ақ үйі» туралы да Ыбекең өзінің бір өлеңінде айтып кетеді. Оның мынадай:

                            «Абылайдың ақ үйі

                            Қызылжар деген қалада

                       Жарға жақын салынған...» - деген жолдары бар. Өлең 1926 жылы облыстық «Бостандық туы» газетіне басылған.

Қазақ өнерінің жарық жұлдызы ретінде – Үкілі Ыбырайдың ақын, әнші ғана емес қоғам өміріне белсене араласқан тұлға ретінде ұлықталатын шағы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан басталуы керек-ті. Бірақ бұл жағы әлі де шабандау. Кеңес одағы жылдарында оның әндері көп айтылғанымен азаматтық қыры – Кеңес режімі туралы айтқан ащы мысқылдары, халық арасына кең тараған әжуалары, оның үстіне 1921 жылғы «соғыс коммунизмі» саясатына қарсы көтеріліске қатысқаны  үнемі бетке шіркеу болып, ақынның бұл қырлары ашылмады. Қазір қайсар тұлғаның осы қырларын ашатын да кез келді деп санаймыз. Оның кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық сипаттары мол екені даусыз.

 

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры,

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы