Спорт • 17 Сәуір, 2020

Фируза Шәріпова чемпиондық жекпе-жек өткізеді

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күні кеше кәсіпқой боксқа қайта оралғанын мәлімдеген қазақстандық боксшы Фируза Шәріпованың алты айлық үзілістен кейін өткізетін алғашқы жекпе-жегінің мерзімі белгілі болды. Бұл туралы боксшының баспасөз қызметі хабарлады.

Фируза Шәріпова чемпиондық жекпе-жек өткізеді

Жамбыл облысының тумасы Фируза Шәріпова әуесқой бокста өте табысты өнер көрсеткен, тәжірибелі боксшыларымыздың бірі. Ол 2012 және 2013 жылдары 60 кило салмақта Қазақстан біріншілігінде топ жарса, келесі жылы күміс жүлдегер атанған. Сонымен қатар 2012 жылы Азия чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен болатын.

Осындай табысты жетістігінен соң жерлесіміз 2016 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, 2019 жылға дейін 11 жекпе-жек өткізді. 10 кездесуінде қарсыластарынан басым түссе, тек бір айқасында ресейлік боксшы Софья Очигавадан жеңілген еді.

Сол кеткен есені қайтару үшін Шәріпова 19 маусымда Софья Очигаваға қарсы шаршы алаңға шықпақ. Екі боксшы арасындағы жекпе-жек 58,9 кило салмақ дәрежесінде өтеді және 10 раундқа жоспарланған. Жеңіске жеткен боксшы IBA белбеуін иеленеді.

Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Шәріпова карьерасын аяқтағанын хабарлаған болатын. Ал күні кеше үлкен спортқа қайта оралғанын мәлімдеді.