10 Қыркүйек, 2013

Футбол. Қазақстан – Швеция 0:1 (қосылды)

543 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футбол-Казахстан-Швеция-1

10 қыркүйек. Сағат 11-30.

Қазір ғана Астанадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан мен Швеция құрамалары кездесіп, ойын 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Матчтағы жалғыз голды шведттер құрамындағы ең танымал да шебер ойыншы Златан Ибрагимович 28-секундта соқты.

Біздің жігіттер тап мұндай сәтсіздікті күтпесе керек, ойын басталмай жатып салынған гол оларды біраз уақытқа дейін өз-өздеріне келтіре қоймады. Бір қызығы, алғашқы допты тез салып алған шведтер де осыған қанағаттанған түр білдіріп, жаңа қарқынды шабуылға асығатынын байқатпады. Осындай майда ойын қазақстандықтардың тізгінді мүмкіндігінше тезірек қолға алударына мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде олар ақырын шабуылға да шыға бастады. Көп ұзамай Дмитрий Шомконың сол қапталдан жасаған жорығы қарсы қақпаға бірінші қауіп тудырып үлгерді. Бірақ айып алаңына жеткен допқа бізден еге болатын ешкім табылмады.

Бұдан кейін ойын екі жақтың алма-кезек шабуылымен өтіп жатты. Мұнда меймандардың аздаған басымдылығы білінді. Бірақ қарсыластар есепті өзгерте алмады.

Ал екінші таймның басында Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп кете жаздады. Бұған Свенсеннің өз айып алаңына жақын жерде тәртіп бұзғаны себепкерлік етті. Айып добын ұруға келген Андрей Финонченко оны айып алаңына әуелетіп жеткізу орнына төтелетіп жөнелтті. Оған швед қорғаушыларының бірі бұрын жетті. Бірақ допты алысқа ұзатып үлгере алмады. Сосын кезекті мәрте берілген допқа Сергей Хижниченко иелік етті. Ал оның соққысын қорғаушы Исакссон қайтарды.

Қазақстандықтар бұдан кейін де ашық белсенділік танытты. Шведтер өз кезегінде осыған ерік беріп қойып, бәсеңдік көрсетті. Соған қарамастан, олар 64-минутта тағы бір гол соғып кетуге шақ қалды. Алайда, Экдальдің алыстан ұрған добы қақпа бағанынан кейін қайтты.

Арада бес минут өткенде біздің жігіттер тағы екі қауіпті шабуыл жасады. Алдымен Мақсат Байжанов шведтер айып алаңында ашық қалып, доп қабылдады. Бірақ оны ұра алмады. Келесісінде Шомка алыстан соққы жасады. Оны Исакссон қайтарды.

Ойын осы қалпында соңына жетті.

Дамир Қожамқұл.

Қазірге дейін мына командалар арасындағы нәтижелер белгілі болып отыр:

Ресей – Израиль 3:1

Литва – Лихтенштейн 2:0

Армения - Дания 0:1

Соңғы жаңалықтар