«Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды», депті ғой баяғыда бір қойшы. Жарықтық бір нәрсені білген соң осылай деген екен де. Біз осыны түсініп отырмыз. Неге? Ел газетінің бетінде Қызылорданың Шиелі ауданында уран өндіру барысында қолданылатын күкірт қышқылының төгілгенін бірнеше рет жаздық. Айқайлап та айтып көрдік. Байыппен де жеткізген сияқты едік. Бірақ содан нәтиже болмай тұр. «Қазатомөнеркәсіп» қазақша оқымай ма, әлде күкірт қышқылын жұтқан жұрт қырыла берсін дей ме, белгісіз?

«Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды», депті ғой баяғыда бір қойшы. Жарықтық бір нәрсені білген соң осылай деген екен де. Біз осыны түсініп отырмыз. Неге? Ел газетінің бетінде Қызылорданың Шиелі ауданында уран өндіру барысында қолданылатын күкірт қышқылының төгілгенін бірнеше рет жаздық. Айқайлап та айтып көрдік. Байыппен де жеткізген сияқты едік. Бірақ содан нәтиже болмай тұр. «Қазатомөнеркәсіп» қазақша оқымай ма, әлде күкірт қышқылын жұтқан жұрт қырыла берсін дей ме, белгісіз?

Осы жылдың алғашқы алты айында 5 рет 30 тоннаға жуық күкірт қышқылын тиеп бара жатқан жүк көліктері аударылды. Ойлаңызшы, алты айда 5 рет! Оның бірнешеуі елді мекендердің іргесінде төрт дөңгелегі көктен келіп теңкиіп жатты. Ресми ақпарат 30 тонналық күкірт қышқылының аз ғана бөлігі төгілді деген хабар таратты. Тек соңғы оқиға кезінде тұтастай цистернаның аударылғанын айтты. Құлағымызды қағып қойып оған сенген сыңай танытамыз-ау. Дегенмен, оны көрген жұрт бар ғой. Оқиғаның куәгерлері төңкеріліп жатқан жүк көлігінен күкірт қышқылының лақ етіп жерге сіңгенін айтады. Оның тағы бірнешеуі Қаратаудың қатпарының арасында қалды. Тіпті, жұрт Дарбаза атайтын жердегі бұлақтың басында да қышқылдың төгілген фактісі бар екенін айтады. Ол бұлақтан адам мен малдың су ішетінін қайтеміз? Сонда уран өндіріп жатқандар адам денсаулығы мен өмірін ойламайтын болып тұр ғой. Біздің «ұят болды» деген тұсымыз да осы.
Бұл тақырып күнделікті күйбеңмен ұмытылып кетер ме еді? Егер қолымызға тиген халықтың жанайқайы болмаса. «Егеменнің» елдегі тілшілер қосынына жергілікті басшылықтың, құқық қорғау органдарының, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшысы В.Школьниктің атына жазылған хат келді. Оған Еңбекші елді мекенінің әкімі Мақсұтхан Ишанқұлов, аудандық мәслихаттың депутаты Бағлан Әшірбеков, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікқара Әбдіжаппаров, имам Мұхаммедқали Бекқожаұлы, мектеп директоры Ерсаид Жүсіпов, әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлман Бәтішова, №84 мектеп директоры мен бірнеше шаруа қожалықтарының басшылары қол қойған. Енді хаттың негізіне тоқталайық.
«Ауруын жасырған өледі», деген қазақтың сөзі бар. Осы сөзді қарт Қаратаудың етегінде отырған Еңбекші ауылына арнап айтқандай. Жалпы, біздің ауыл Кеңес үкіметі тұсында жазда жайлауға шығып, қыста Сырдың бойын сағалап мал шаруашылығымен айналысқан. Әлі де сол төрт түлік малды бағып-қағып, тұрмысымызды түзеп отырмыз. Бірақ соңғы кездері орын алып жатқан жағдайлар елді елеңдетіп, азаматтарымызды алаңдатып отыр. Сөзімізді ашып айтар болсақ, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына тиесілі РУ-6 мекемесінің терминалынан уран өндіретін орындарға күкірт қышқылын таситын автокөліктердің апаты жиі орын алуда. Бәрін санамаламай, соның бірнешеуіне тоқталайық. Мәселен, «ТТК» ЖШС-іне тиесілі автокөлік 2012 жылы, одан кейін биыл Еңбекші-Нартай ауылдарының арасындағы автожол бойына екі рет аударылып, күкірт қышқылын төкті. Төгілген қышқылдың иісінен тұрғындар дем ала алмай, тыныс жолдары ауруларына шалдығып жатыр. Одан кейін «Саяттранссервис» ЖШС-іне тиесілі автокөліктер 3 рет апатқа ұшырап, тонналаған қышқыл топыраққа, суға сіңді. Дарбаза, Сауысқандық деген жерлердегі өзендерге төгілді. Сол аймақтарда егілген ағаштар қурап, өзендегі балықтар қырылып қалды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, азын-аулақ мал шаруашылығымен айналысып отырған ауыл тұрғындарының зәре-құты қалмай отыр. Себебі, жол апаты болған жерлерде мал жайылып, өзеннен су ішеді. Соның кесірінен қышқыл төгілген шөпті жеп, суды ішкен малдар ауруға ұшырады. Өскен ағаш, жүзген балық, жайылған малға әсер еткен күкірт қышқылының адамға да тигізіп жатқан зияны бар екені бесенеден б елгілі. Осы жайттарды көріп-біліп, сезіп отырса да апатты жерлерді тазарту, қышқылдың қаупін сейілту жұмыстарына көңіліміз толмайды. Тұрғындардың денсаулығына келген зиян мен төрт түлік малдың шығынын кімнен талап етеміз?».
«Егеменге» арқа сүйеп келген хаттың мәтіні осындай. Әлгінде айтқанымыздай, біз бұл мәселені үш рет жаздық. Сөйтсек, біздің назарымыздан тыс қалған апаттар да бар екен. Мысалы, «Саяттранссервис» ЖШС-інің бір көлігі 14 мамыр күні Шиелі-Тайқоңыр тас жолының 106 шақырымында күкірт қышқылын төгіпті. Одан кейін 12 тамыз күні де Сейітжан Тұрғанбайұлы тізгіндеген көлік Еңбекші-Тайқоңыр жолының 42-шақырымында төңкеріліп қалыпты. Оның артынан барып залалсыздандыру жұмысы жүргізілмеген. Төтенше жағдайлар департаментіне, санитарлық-эпидемиологиялық орталыққа хабарламаған да сияқты. Егер аталған мекемелер құлағдар болса, онда ақпарат тарайтынын біз білеміз. Сол себепті, олардың ың-шыңсыз, төгілген қышқыл туралы ешкімге айтпай, мысықкөмбе жасағанын сезіп отырмыз. Осы «Саяттранссервистің» директоры Сержан Жанысұлы деген азамат. Азамат деп отырмыз ғой. Дегенмен, оған қарасты мекеменің тірлігі азаматтық түгілі, адамгершілікке де жатпайды. Ал «ТТК» ЖШС директоры Берік Қалдыбай деген кісі. Қоршаған ортаны қорлап жатқан «қаһармандарды» ел білуі керек сияқты. Сол үшін атын атап отырмыз.
Сонымен апат неге жиіледі? Бірнеше жауап бар оған. Соның негізгісі, техникалардың жарамсыздығы. Тонналаған күкірт қышқылын тасып жүрген жүк көліктері ескірген. Осы арқылы күреп қаржы тауып жатқан компаниялар техниканы жаңартуды ойламайды. Соның салдарынан олар аударылады, күкірт қышқылы төгіледі, халық уланады. Бірақ мұның оларға ешқандай қатысы жоқ сияқты үнсіз отыра береді. Тәртіп бойынша улы затты таситын техникалар әр 2 жыл сайын жаңартылып отыруға міндеттелген көрінеді. Дегенмен, «Саяттранссервис» пен «ТТК» ЖШС-дегі көліктердің жаңармағанына 5 жылдан әрі кетіп қалған, дейді білетіндер. Одан кейін жолдың сапасыздығы да ерекше әсер етіп тұр. Шиелі-Тайқоңыр жолымен тек күкірт қышқылын таситын жүк көліктері ғана жүрмейді. Сондай-ақ, жол құрылысына қолданатын қиыршық тас таситын «КамАЗ» көліктері де жолдың сапасыздануына айрықша «көмектесіп» жатыр. Ойқы-шойқы жолдан қашқан көліктер ақыры аударылып тынады. Бұдан бөлек, күкірт қышқылын таситын көліктің көбі жалғыз жүреді. Егер олар тобымен жүріп, алды-артында жол бастайтын адам болса, мұндай жағдай орын алмас еді. Ал жалғыз өзі келе жатқан жүргізуші іші пысқаннан ұйықтап кетеді немесе жетер жеріне асығып, жылдамдықты арттырамын деп опық жейді. Негізгі үш себеп ретінде біз осыларды атар едік.
Мына апаттарға халық шынында да үрпиісіп қарап отыр. Не істерін, кімнен сұрарын білмейді. «Қазатомөнеркәсіптің» басшылығы өз ішінде тексеру жүргізіп, кінәлілерді жазалай ма, әлде Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мәселенің ақ-қарасын анықтай ма, не болса да осы істің реттелуін қалар едік. Әйтпесе, іс насырға шауып, елдің обырдан қырылу қаупі де жоқ емес. Жалпы, жердің астындағы байлықты игерген жақсы ғой. Дей тұрғанмен, жердің бетіндегі халықты да ойлау керек. Ең болмаса, анда-санда...
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.