Елордадағы байырғы білім ұяларының бірегейі Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында «Ядролық сынақтардың себептері мен зардаптары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған қала мектептерінің оқушылары қатысып, ядролық сынақтардың келтіретін қасіреттері туралы ой бөлісіп, мұндай алапат қаруды жер бетінен мүлде жойып, баянды бейбітшілік орнату жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы идеяларын қолдайтындықтарын білдірді.

Аталмыш шара аясында №4 мектеп-гимназияның оқушылары Ғ.Абдуғалимов, А.Мергенбек, Н.Ғазизова, №19 мектептен Т.Есенгелдина, №24 білім ұясынан М.Ибраим, №29 мектептен А.Амангелдинова, №56 мектептен Ж.Мықтыбаева, №63 мектептен Д.Рахымбеков, №68 мектептен Е.Белялов қазақ топырағында 40 жылдан аса жасалған сынақтар туралы пікірлерін ортаға салып, адам жанын түршіктіретін мысалдарды алға тартты. Дөңгелек үстелге тек Астана қаласы мектеп оқушылары ғана емес, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Максимовка ауылдық округіндегі орта мектеп оқушысы Нәзира Ермек те келіп, «Ядролық сынақтардың қоршаған ортаға зияны» атты тақырыпта өз байламын ортаға салды. Оның бейбіт өмірге құлшынысы, алапат қарудан арылу арқылы адамзатқа бақыт сыйлау керектігі туралы тың тұжырымдары жиналғандардың көңілінен шықты.
Сол секілді оқушылардың бастамасымен өткен басқосуда Қазақ гуманитарлық заң университетінің халықаралық құқық және халықаралық қатынастар факультетінің студенті Әбіл Сырым «Ядролық қарусызданудың көшбасшысы – Қазақстан» деген тақырыпта баяндама жасап, Хиросима, Нагасаки, Семей полигонына қатысты суреттерді, плакаттарды, слайдтарды жұртшылықтың назарына ұсынды.
Қазақ елінің болашағына өз үлестерін қосуды мақсат еткен, отаншылдық рухы мықты жастар бұл бастамасына ұйытқы болған аталмыш мектептің тарих, қазақ тілі пәндерінің мұғалімдері Г.Байқадамова, Д.Ақжанова, Ж.Мұстафина, А.Сейдуалиева, Г.Сұлтанбаева, С.Маханова және Мемлекеттік тарих институтының жетекші қызметкері С.Дүйсен, т.б. азаматтар екенін айта кеткеніміз ләзім.
Серік ҚАНБАЕВ,
Ж.Жабаева атындағы
№4 мектеп-гимназиясының мұғалімі.