Сонымен қатар елордалық Қуыршақ театры, карантин кезінде «Егемен Қазақстан» газетімен бірлесе «Балаларға базарлық» (Ертекші қуыршақ театрының белді актрисасы Салтанат Мағзым) атты жобасын қолға алды. Аталмыш жоба нәтижесінде, кешкі сағат 19.00-де Egementv YouTube арнасында кішкентай көрермендерімізге қазақ халқының ертегілерін тыңдауға тағы бір мүмкіндік туды.
Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы қуыршақ театры Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері Құралай Ешмұратовамен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Ғани Құлжановпен, театр әртістері «Мәдениет саласының үздігі» Салтанат Мағзыммен, Дархан Мүсілімовпен, Нұржан Ахметовпен, Айжан Садықовамен, Дамир Утеевпен, Қарлығаш Танабаевамен, Әбілхайыр Сәлімбаевпен, режиссер Айжан Салаевамен, Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қуат Ежембекпен сүбелі сұхбат өткізе білді. Және төтенше жағдай кезінде «БІЗ БІРГЕМІЗ» акциясын қолдап, театр басшылығы, әкімшілігі және жалпы қызметкерлері қолдан 950 бетперде тігіп, оны мұқтаж жандарға, ардагерлерге, зейнеткерлерге тегін таратты.
– Бала тәрбиесінің бесігі саналатын Қуыршақ театры қашанда қалың жұртымен бірге. Театрдың басты мақсаты – сын сағатта қол ұшын созып, көпшілікке үлгі болу. Өйткені, балалар қуыршақ театрынан өнеге алып, бой түзейді», – дейді театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова.