Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімімен телефон арқылы сөйлесті

348 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысы әкімімен телефон арқылы сөйлесті. Архимед Мұхамбетов Президентке аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық аһуалы мен карантин жағдайында індетке қарсы күрес шараларының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндады. Сондай-ақ, облыс тұрғындарын әлеуметтік қолдау, шағын және орта бизнестің біртіндеп қайта жұмысқа кірісуін қамтамасыз ету, көктемгі егін жұмыстары және жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру бойынша Президент міндеттеген тапсырмалардың іске асырылуы туралы есеп берді.

Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімімен телефон арқылы сөйлесті

Аймақ басшысының баяндауынша, бүгінге дейін Қостанай облысында індетке қарсы күресу және оның алдын алу мақсатында 1 228 медициналық төсек-орын жабдықталған. Алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес коронавирус індетін анықтау мақсатында 3376 зерттеу жүргізілді. 1068 адам үй карантинінде жатыр. Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында 17 сәуірде сағат 00:00-ден бастап аймақта карантин жарияланды. Карантин тәртібін 29 тосқауыл бекеті, 33 мобильдік патруль және 300-ден астам жаяу полиция қызметкері қамтамасыз етеді. Карантиннің алғашқы екі күні полиция шектеу шараларын сақтау жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Содан кейін ТЖ режимін бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын қолдана бастайды. ТЖ режимі басталғаннан бері 408 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 40-ы қамауға алынды.

Сондай-ақ, Архимед Мұхамбетов Мемлекет басшысына шаруашылықтардың көктемгі дән сіңіру науқанына дайындығы жөнінде баядады: - Қостанай облысы көктемгі егіске толық дайын. Жақын күндері жер өңдеу, ылғал жабу жұмыстары басталады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілген. Көктемгі егіс жұмыстарына 22,9 мың трактор, 1032 дән еккіш кешен жұмылдырылмақ. Техника 100% дайын. Облыс бойынша 71 мың тонна арзандатылған ЖЖМ бөлінді, жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы егіс жұмыстарын несиелендіруге 25,9 млрд теңге бөлінді, - деді облыс әкімі.

А.Мұхамбетов пандемия кесірінен табысын жоғалтқандарды әлеуметтік қолдау шараларының қалай жүзеге асырылып жатқанына да тоқталды. Бүгінгі күні 117 260 азаматқа 5 млрд теңге сомасында әлеуметтік төлем тағайындалды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға шамамен 54 млрд теңге бөлінді. Облыста  13 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Жұмыспен қамтудың жол картасы төтенше жағдай кезінде біздің облыстың 6,7 мыңнан астам тұрғынын 85 мың теңгеден кем емес мөлшерде табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының есебін тыңдаған Президент А.Мұхамбетовке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді, -  деп мәлімдеді Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі.



Қостанай облысы