11 Қыркүйек, 2013

Шарайна

228 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымы елдер әл-ауқатының әлемдік рейтингін ұсынды. Оны жасау кезінде өмірдің ұзақтығы, тіпті, жемқорлық қылмыстар сияқты факторлар да ескеріледі.

БҰҰ БАҚЫТТЫ ЕЛДЕРДІ АНЫҚТАДЫ

Біріккен Ұлттар Ұйымы елдер әл-ауқатының әлемдік рейтингін ұсынды. Оны жасау кезінде өмірдің ұзақтығы, тіпті, жемқорлық қылмыстар сияқты факторлар да ескеріледі.

БҰҰ нұсқасы бойынша бірінші орында Дания, одан кейінгі орындарда Норвегия мен Швейцария тұр. Сонымен бірге, Тропикалық Африка мен Латын Америкасында әл-ауқат көрсеткіштерінің артып келе жатқанын да айта кету қажет. Экономикалық дағдарысқа қарамастан, бүтіндей алғанда адамдар соңғы бес жылда бақыттылау және жомарттау болып шыққан. Талдау көрсеткендей, бақытты адамдар ұзақ өмір сүреді, олар мол еңбекақы табады әрі тәртіпті азаматтар болып саналады. Зерттеуге қатысқан 130 елдің 60-ында бақыттылық деңгейі көтеріліп, 41-інде құлдырап кеткен.

БАС ХАТШЫ ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС ЖАСАМАҚ?

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Сирия бойынша сарапшылардың баяндамалары жарияланғаннан кейін өзінің Қауіпсіздік Кеңесіне ұсыныс енгізетінін мәлімдеді.

Осылайша, БҰҰ Бас хатшысының ұйымның қауіпсіздік кеңесіне Сирияда химиялық қару қолданғаны үшін кінәлілердің жауапкершілігі туралы ұсыныс дайындағаны белгілі болып отыр. Мен БҰҰ сарапшыларының химиялық қару туралы баяндамасы қарауға ұсынылған кезде Қауіпсіздік Кеңесіне бірқатар ұсыныстар енгізуді ойластырып отырмын, деп атап көрсеткен бұл туралы Пан Ги Мун.  

ЖАНКЕШТІЛЕРГЕ РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ

Сауд Арабиясы Сирияның үкіметтік әскерлерімен шайқасу үшін мыңнан астам жанкештілерді жіберген. Бұл туралы америкалық USAToday интернет-басылымы хабарлаған.

Осы жылдың көктемінде Сауд Арабиясы өкіметінің өлім жазасына кесілген 1,3 мыңнан астам тұтқындарға егер олар сириялық үкімет әскерлеріне қарсы соғысқа қатысуға баратын болса, рақымшылық жасап, ай сайын еңбекақы төлеуге уәде бергені белгілі болып отыр. БҰҰ-дағы Сирияның тұрақты өкілінің ақпаратына қарағанда, Сауд Арабиясы Сириядағы соғыс үшін жалдамалыларды дайындап, оларға ақы төлеп тұрады. Жанкештілердің арасында Ауғанстан, Ирак, Иордания, Египет, Пәкстан, Судан, Сомали, Йемен, Кувейт сияқты ондаған мұсылман елдерінің азаматтары бар екенін айта кету қажет.    

ОБАМА МӘСКЕУ ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАЙДЫ

Мәскеудің Сириядағы химиялық қаруға қатысты ұсынысы әлеуетті түрде оң сипатқа ие. Барак Обама ең ірі америкалық телеарнаға берген сұхбатында Ресей сыртқы істер министрінің бастамасына өзінің осындай көзқарасын білдірген.

АҚШ президенті араб республикасының химиялық қаруларының бүкіл қорына халықаралық бақылау орнату жөніндегі Сергей Лавровтың ұсынысына қолдау білдіріп отыр. Ақ үй басшысының пікірінше, егер Сирия өкіметі өз қаруынан бас тартуға келіссе, мұның өзі дау-жанжалды тоқтатудағы алғашқы қадам болмақ. Сонымен бірге, ресми Вашингтонның әзірге әскери операциядан бас тартпай отырғанын да айта кету керек. Әскери қимылдарды бастау туралы сенатқа ұсынылған   қарардың жобасы бойынша дауыс беру сәрсенбі күні өтуге тиіс еді, бірақ, парламентшілер оны кейінге қалдырып отыр.

ҰЛЫБРИТАНИЯ ДА ҮНДЕУЛЕРГЕ ҚОСЫЛМАҚ

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Сирияның химиялық қаруларын халықаралық бақылауға беру жөніндегі Ресей мен БҰҰ талаптарына қосылатынын мәлімдеді.

Егер Сирия өзінің химиялық қаруларын халықаралық бақылауға берер болса, оның өзі үлкен қадам болмақ, деп атап өткен Кэмерон. Айта кету керек, бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің химиялық қару-жарақты халықаралық қоғамдастықтың бақылауына беру үшін Сирия басшылығымен жұмыстар жүргізуді бастайтынын хабарлаған болатын. Кейінірек, Ресейдің бұл бастамасына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун да қолдау көрсеткен.  

ДҮКЕНДІ АВТОКӨЛІКПЕН ШАБУЫЛДАДЫ

Парижде тонауға ұшыраған дүкен иесіне сақтандыру компаниясынан ұрланған қымбат мүліктер үшін өтемақы төлеуді ғана емес, сонымен бірге, тас-талқаны шыққан дүкенді жөндеуге кететін шығындардың орнын толтыруды да талап етуіне тура келеді.

Өйткені, тонаушылар Вандом алаңындағы зергерлік дүкеннің витринасын да автомашинамен қағып кеткен. Автомобильдің жоғары шапшаңдығымен дүкен ішіне кіріп келген қылмыскерлер шамамен 2 миллион еуро болатын әшекей бұйымдарын ұрлап әкеткен. Әзірге полиция өртеніп кеткен автокөлікті ғана тауып отыр. Ал қылмыскерлер із жасырып үлгерген.  

РЕСЕЙ УКРАИНАЛЫҚ ПОЛИГОННАН БАС ТАРТТЫ

Ресей 2014 жылдан бастап «НИТКА» полигонын ұшқыштар даярлау үшін пайдаланбайтыны туралы Украина жағын ресми түрде хабардар етті.

Краснодар өлкесіндегі Ейск қаласында ресейлік «НИТКА» кешенінің құрылысы аяқталып келеді. Үстіміздегі жылғы шілденің ортасында МиГ-29КУБ ұшақтары онда алғашқы жаттығу ұшуларын жасады. Осыған дейін Ресей ӘТФ бас қолбасшысы В.Чирков Ейскідегі ресейлік тренажердің 2013-2014 жылдары іске қосылатынын хабарлаған болатын.

ИРАНДАҒЫ ЖОЛ АПАТЫ

Иранның мемлекеттік теледидары екі халықаралық автобустың соқтығысуы салдарынан қаза тапқандар саны 44 адамға дейін көбейгенін хабарлаған. Оқиға ел астанасы Тегеранның оңтүстігіндегі жол бойында орын алған.

Жол-көлік апатының дүйсенбі күні кешкілік автобустардың бірінің доңғалағының желінің шығып кетуіне байланысты, оның қарсы бағытқа шығып кетуі салдарынан орын алғаны белгілі болып отыр. Автобустың екеуі де отқа оранған. Алғашында 40 адам құрбан болды деп хабарланғанымен, соңғы мәліметтер бойынша, олардың 44-ке жеткені белгілі болып отыр. Оның сыртында 40-тан астам адам түрлі дене жарақаттарын алған.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар