Астанада Кардиохирургтердің II Ұлттық конгресі болды. Оған АҚШ, Еуропа, Ресей, Орталық Азия мемлекеттерінен әлемге әйгілі ғалымдар жиналып, медицина ғылымының дамуы, халықаралық байланыстарды жетілдіру тұрғысында ой бөлісті.

Конгрестің ашылу рәсімінде сөз алған Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова Қазақстанда халыққа кардиохирургиялық көмек көрсетуге айрықша көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Бүгінгі таңда 5 республикалық, 11 өңірлік кардиохирургиялық орталық, көпбейінді ауруханаларда 11 бөлімше халыққа қызмет көрсетуде. 26 инсульт орталығы ашылып, биылғы жылы тағы 22 осындай орталықты іске қосу жоспарланып отыр.
Жүрекке ашық операция жасау Қазақстанда осыдан 5 жыл бұрын ғана қолға алынса, өткен жылы отандық дәрігерлер 20 мыңнан астам күрделі ота жасады. Ал биыл олардың саны 28 мыңнан асты.
Кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде соңғы 2 жыл ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді 20 пайызға азайтуға қол жеткізілді. Қазіргі таңда Қазақстан жүрекке ашық бірегей операциялар жасайтын 22 озық елдің қатарына кіріп отыр. Кардиохирургиялық және кардиохирургиялық қызметті дамытудағы Қазақстанның тәжірибесі бүгінгі таңда өзге елдердің қызығушылығын тудыруда.
Айжұлдыз ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.