Кеше Астанада Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының кезекті отырысы болды.
Кеше Астанада Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының кезекті отырысы болды.
Отырыста бірнеше мәселе қаралды. Әуелі қауымдастық президенті, республикалық мемлекеттік тілді «Sport» және орыс тілді «Спорт» газеттерінің директор-бас редакторы, белгілі журналист-жазушы Несіп Жүнісбайұлы қауымдастықтың мақсат-міндетін айта келіп, осы кезге дейін атқарған жұмысы жөнінде есеп берді. Ол қауымдастықтың қызметіне өз бағасын бере келіп, қазіргі жұмысына тың идеялар мен жаңа жоба-жоспарлардың керектігіне назар аударды. Осыдан кейін ол ҚСБҚ президенті қызметінен өз еркімен босану жөнінде шешім қабылдағанын және жиналған әріптес інілерінен осы шешімін қолдауға өтінішін білдірді. Жиында әріптестері оның бұл шешімін қолдайтындарын айтып, оны қауымдастықтың құрметті президенті болып сайлайтындарын жеткізді. Жиында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының президенті болып әріптесіміз Ілияс Омаров сайланды. Ол бірнеше жылдан бері Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы қызметін атқарады. Бірнеше шет тілін біледі, спорт тақырыбына да бірнеше жылдан бері қалам тартып жүрген әріптесіміз.
Жиында қаралған тағы бір мәселе қауымдастықтың атқарушы комитеті мүшелерін сайлауға арналды. Оған 16 адамның тізімі ұсынылды. Бірақ, үміткерлердің көптігіне байланысты атқарушы комитеттің мүшелігіне ешкім сайланбай, мүшелікке сайлау мәселесі кейінге қалдырылды. Бұл мәселе жөніндегі ойын Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов жақсы айтты. Ол спорт журналистеріне электронды пошталарына үміткерлердің тізімін жіберіп, атқарушы комитеттің мүшелерін дауысқа салу бойынша сайлауды ұсынды. Оның бұл ұсынысы бірден қолдау тапты. Осыдан кейін отырыста «Алаш айнасы» газеті спорт бөлімінің меңгерушісі Нұрғазы Сасаев қауымдастықтың жұмысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесіне назар аударды.
Отырыста қауымдастықтың кеңсесін ашу, оған қызметкерлер алу, журналистердің шетелге іс сапарына демеуші іздеу мәселесі қаралды. «KAZSport» телеарнасының директоры Диас Ахметшәріп пен «Экспресс-К» газетінің спорт журналисі Максим Карташов «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ға қауымдастыққа демеуші болуға өтініш білдірді. Осыған орай «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ қоғаммен байланыс департаментінің бастығы Айдар Махметов өтініштің орындалу мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».