Спорт • 19 Сәуір, 2020

Мұхаммед Салах мәрттік танытты

666 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қай кезде де игі істер мен қайырымдылық шаралардың басы-қасында жүретін Мысыр елінің мақтанышы, Англияның «Ливерпуль» клубының бетке ұстар футболшысы Мұхаммед Салах тағы да мәрттік танытты.

Мұхаммед Салах мәрттік танытты

27 жастағы төрткүл дүниедегі теңдессіз теңбіл доп шеберлерінің бірі  COVID-19 індетіне қарсы күреске өз үлесін қосу мақсатында Мысыр еліне 1 мың тонна азық-түлік пен тамақ жөнелтті. Осының алдында ғана ол Египеттегі ауруханаларға қаржылай көмек көрсеткен болатын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі кезде аталмыш мемлекетте 3 000-ға жуық адамның коронавирус дертіне шалдыққаны жөнінде мәлімет таратып отыр. Олардың 205-і қайтыс болса, 646-сы айығып шыққан.

Жалпы Мұхаммед Салах­ өз отандастарына қамқор қолын созудан ешуақытта тартынған емес. Өз Отанында ол спорт кешендері мен футбол алаңдарын, мектептер пен ауруханалар салды. Кедейшіліктің қамытын киген балалардың өмірдегі өз жолдарын табуға Мұхаммед үнемі жәрдемдесіп жүр. 

Осы орайда мына бір жайтқа тоқталмай кетуге болмайды: 2017 жылы Египет үкі­меті өздерінің ұлттық валю­тасын құнсызданудан сақ­тап қалу үшін әлемнің әр қиы­рында жүрген бай-қуатты азаматтардан мол көлемде қаражат сұрауға мәжбүр болды. Айтулы теңбіл доп шебері бұл ұсынысты ең бірінші болып қолдады. Мәрт Мұхаммед арада бір апта өтпей жатып, арнайы есепшотқа 210 мың британ фунтты көлемінде қаржы аударды.