Саясат • 20 Сәуір, 2020

Тиімді жоба өз нәтижесін көрсетуде

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында қылмыстық істі электронды форматта жүргізуге ерекше назар аударады.

Тиімді жоба өз нәтижесін көрсетуде

Цифрландыру бағыттарының өзектілігін ескере отырып, агенттік сотқа дейінгі тергеуді электронды форматта жүргізу және киберқауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету үшін жұмыс орындарын барлық қа­жетті құралдармен толық жарақ­тан­дыру бойынша жұмысты күшейтуде. Мәселен, қаржы­ландырудың басталуын күтпестен, агенттік 2019 жылы өз күші­мен үнемделген қаражат есебі­нен 89 млн 320 мың теңгеге қажетті жабдықты сатып алды.

Бұл осы жылдың басынан бері еліміздің 3 өңірінде (Батыс Қазақстан, Атырау және Павлодар облыстарында) «Е – қылмыстық іс» форматында істерді тергеуді бастауға мүмкіндік берді. Жақын арада тергеуді электронды форматта тағы 5 өңірде бастау жоспарланып отыр. Нәтижесінде, биылғы 1 тоқсанда электронды форматта 9 қылмыстық іс тергелді, олардың алтауы сотқа жіберілген, соның біреуі бойынша айыптау үкімі шыққан.

Тергеудің электронды форматы институтын кеңейту мақсатында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 2020-2022 жылдарға арналған бюджетінде жобаны одан әрі кезең-кезеңмен іске асыруға қаражат көзделген.

Қоғамның цифрлы технологиялар дәуіріне кіруімен қылмыстық істерді электронды форматта жүргізудің артықшылығы айқын. Мұндай форматты пайдалану, ең алдымен, қылмыстық істерді тергеу процесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге әсер етеді, өйткені транспаренттік пен ашықтық деңгейін арттырады, сондай-ақ ақпаратты қорғау жөніндегі техно­ло­гия­ларды пайдалануды ескере отырып, қыл­мыстық істе құжаттарды бұрмалауға және ауыстыруға кедергі келтіреді.

Өз кезегінде, бұл қылмыстық іс жүргізуді жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің есеп­тілігін күшейтеді және тәртіптілікті орнатады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру электронды форматта мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен интеграциясына байланысты қылмыстық процесті оңтайландырады, уақыт шығынын қысқартады, яғни, электрондық қылмыстық іс шеңберінде тергеп-тексеруді жүргізетін қызметкерлерге мемлекеттік органдардан адамдарға, мүлікке және т. б. мәліметтерді сұраудың қажеті жоқ. Осының бәрін тергеуші кабинеттен кірмей-ақ интеграцияланған жүйелер арқылы электронды түрде ала алады. Сондай-ақ бюджеттік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл қылмыстық процеске қатысушылар мен қызметкерлердің қозғалуына, қағазды және басқа да қажетті қаражатты пайдалануды қыс­қартуына байланысты.

Агенттік қауіпсіздік жүйесінің қазіргі заманғы технологияларын сақтай отырып, елдің барлық өңірлерінде «Е-қылмыстық іс» жобасын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуді жалғастыруда.