АҚШ Сирияның оппозициялық жасақтарын қарудың кейбір түрлерімен қамтамасыз етуде. Бұл туралы Вашингтонда өткен баспасөз конференциясында Сирияның оппозиция мен революциялық күштері ұлттық одағының өкілі Халид Салехтің берген мәліметіне сілтеме жасаған ИТАР-ТАСС хабарлады.
Халид Салех әкімшілік пен конгресте кездесу өткізіп, Америка заң шығарушы органдарын Сириядағы әскери қимылдарды санкциялайтын қарарды мақұлдауға шақырмақшы.
Бұдан бұрын АҚШ президенті әкімшілігі Сирия оппозициясы арасында экстремистік топтардың, оның ішінде «Аль-Каида» құрылымымен тікелей байланыстағы «Джебхат ан-Нусра» тобының содырлары көбеюіне орай, оларға қару-жарақ жеткізуден бас тартқан болатын.
АҚШ Сирия оппозициясын тек әскери емес құралдармен қамтамасыз ететін. Алайда, Халид Салехтің айтуы бойынша, жақын арадан бастап олар әскери қарудың кейбір түрлерімен «Сирия азаттық әскері» жоғарғы әскери ұйымын жабдықтауда.
Айдар Өрісбаев.