
Бүгін Астанада ұлттық спорт түріміздің бірі – көкпардан тұңғыш рет ашық Азия чемпионатының жалауы желбіреді.
Бұл бәсекеге біздің елден басқа Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Тәжікстан, Ресей мен Қытай елдерінің ұлттық құрамалары қатысуда.
Азия чемпионаты Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Астананың маңындағы «Қазанат» атшабарында өтуде. Чемпионат төрт күнге созылып, 15 қыркүйек күніне дейін өтеді. Осы күні финалдық сында екі мықты команда өзара Азия чемпионын анықтайды. Қазір бұл мәртебелі атақты қай елдің командасының жеңіп алатынын айту қиын. Дегенмен басқа құрамаларға қарағанда Қазақстан мен Қырғызстанның Азия чемпионы атануға мүмкіндігі көп делінуде. Оны өзге елдердің құрамалары да жасырмайды. Ал Қазақстан мен Қырғызстан көкпаршылар қазірдің өзінде финалдық сында кездесуге алақандарын ысқылап дайындалып жатқан сияқты. Оған дәлел ретінде бүгін чемпионаттың алғашқы күні ұлттық құрамамыздың Тәжікстан командасын 9:3, Қырғызстан көкпаршыларының Өзбекстан құрамасын 11:1 есебімен жеңгенін айтуға болады. Осы күні Ресей мен Қытай елдерінің өкілдері де қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Ресей Моңғолияны 13:0, Қытай Түркияны 8:0 есебімен жеңді.
Ал ертең Қазақстан мен Ресей кездессе, Тәжікстан мен Моңғолия, Қырғызстан мен Түркия, Өзбекстан мен Қытай командалары күш сынасады. Айта кететін бір нәрсе Азия чемпионатына шетелдің құрамасы сапында қатысып жатқандардың бәрі өзіміздің қаракөз бауырларымыз. Мысалы, Ресейдің ұлттық құрамасы Алтай республикасынан жасақталса, Моңғолия командасында қандастарымыз көп тұратын Баян-Өлгей аймағындағы бауырларымыз өнер көрсетуде. Ал Қытай құрамасында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының қазақтары ойнап жатыр. Тек онда команданың жетекшісі ғана қытай азаматы.
Бүгін чемпионаттың ашылу салтанатында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов,«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Қайрат Сатыбалды, оның орынбасары Бекболат Тілеухан, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев Азия чемпионатының мәні мен маңызын айта келіп, оның жүлде қорына 20 млн. теңгенің бөлінгенін, соның ішінде бірінші орынға 10 млн. теңге, екінші орынға 6 млн. теңге, ал үшінші орынға 4 млн. теңгенің берілетінін жеткізді.
Азия чемпионаты күн сайын 15 қыркүйекке дейін сағат 10.00-ден 14.00-ге дейін өтетін болады. Оған жарыстың шарты бойынша әр топтан 10 адам қатысады. Қазір 20 минуттық екі таймнан тұратын ойынға әр топтан төрт ойыншы күш сынасуда. Тартыс екі шетіне бірдей қазан қойылған, ауданы 200/80 болатын алаңда өтуде. Ойыншылардың міндеті – серкені жерден алып, қарсылас топтың қазанына салу.
Дастан Кенжалин.