12 Қыркүйек, 2013

Басталды!

357 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қашағанның алғашқы «қара алтыны» алынды

Сүйінші, ағайын!

Кеше Солтүстік Каспий қайраңындағы әлемге әйгілі Қашаған кен орнынан алғаш рет мұнай өндіріле бастады. Қашаған толық қуатына қосылғанда Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы бес елдің қатарына кіреді. Абыройымыз аса берсін, берекеміз таса берсін!

Кашаган остров D 1

 

Қашағанның алғашқы «қара алтыны» алынды

Сүйінші, ағайын!

Кеше Солтүстік Каспий қайраңындағы әлемге әйгілі Қашаған кен орнынан алғаш рет мұнай өндіріле бастады. Қашаған толық қуатына қосылғанда Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы бес елдің қатарына кіреді. Абыройымыз аса берсін, берекеміз таса берсін!

Кашаган остров D 1

Иә, тәуелсіз Қазақстанның, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің шежірелі жылнамасы жаңа бір тарихи оқиғамен толықты. Дәлірек айтқанда, 11 қыркүйекте Солтүстік Каспий қайраңындағы Қашаған кен орнынан мұнайдың алғашқы баррелін өндіру бастау алды. Осы кезге «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» («НКОК») компаниясы Каспий теңізінің қазақстандық секторынан мұнай өндірудің нақты басталуын кешеуілдетіп келіп еді. Енді, міне, кеше тәуелсіз Қазақ елі ғана емес, әлем жұртшылығы көптен елеңдей күткен Қашағанның мұнайы өндіріле бастағаны хабарланды. Осылайша, Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің тарихында алғаш рет су астынан мұнай өндіру жылнамасы жазыла бас­тады.

Арал-3Қашаған – Солтүстік Каспийдегі аса ірі әрі ерекше кен орны. Атыраудан оңтүстік-шығысқа қарай 80 шақырым қашықтықта орналасқан бұл кеніштің ашылуы туралы 2000 жылғы 30 маусымда ресми түрде хабарланған еді. Сол кезде Атырау облысына сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев кеніштің ашылуына арнайы қатысқан болатын. Содан бергі кезеңде Қашағанды игеру, оның мұнайы мен газын кешенді дайындау үшін зауыттектес арнайы қондырғы құрылысын жүргізу жұмыстары атқарылып келді.

Енді Қашаған кенішінің ерекшелігіне тоқталар болсақ, біріншіден, Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық ашылған, енді, міне, кешеден бері игеріле бастаған тұңғыш кеніш. Бұл осыдан 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен де әлем назарын аударып отыр. Кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Кен орнындағы қысым да өте жоғары дейді мамандар. Кеніштегі мұнай парафинді болып келеді. Мұнай құрамында күкіртті газ да бар, ал күкіртті сутек (H2S) 15 пайызға тең. Кенішті кезең-кезеңмен игеру жұмыстары алдымен, алаңның шығысынан бастау алып, орта тұсына қарай ойыспақ. Кейінгі игеру жұмыстары батыс жағында шоғырланатын болады. Мұндағы мол мұнайдың болжамды қоры 10 миллиард тоннаны құрайды. Сонымен бірге кеніштің қойнауында 1 триллион текше метр шамасында газ қоры да бар.

Екіншіден, Қашаған кен орнында 1899 жылдан бері 220 мың метрлік тереңдікке бұрғы ұшы бойлапты. Кен орнында барлау, бағалау және өндірістік мақсатта бұрғыланған 31 ұңғыма бар. Осы кен орнын игерудің бірінші кезеңінде «A» және «D» аралынан 40 ұңғыманы пайдалану жоспарланған. Оның ішінде 20-дан астам ұңғыма өндірістік мақсатта пайдалануға дайын, деп түсіндіреді мамандар. Әр ұңғыманың орташа тереңдігі 4000-4500 метрге дейін жеткен.

Үшіншіден, Қашағаннан «қара алтын» селін тасыту үшін бастапқы тәжірибелік-өнер­кә­сіптік кезеңде жылына 50 миллион тонна мұнай өндіру көзделіп отыр. Осы кезде мұнда мұнай өндірудің жобалық көлемі тәулігіне 370 000 баррель құрайтын болады. Кейін «қара алтын» өндіру тәулігіне 450 000 баррельге дейін ұлғаяды. Ал 2018-2019 жылдарға қарай, яғни кенішті игерудің келесі кезеңінде жылына 75 миллион тоннаға дейін өнім өндіріле бастайды. Міне, сол кезде Қазақстан «Қашағанның» мол мұнайымен әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы бес елдің қатарына кіреді.

Және бір ерекшелікті баса айтуымыз қажет. Бұл – Қазақстан­ның тек құрлықтан емес, су астынан да мұнай өндіруге қадам жасауы. Осы кезге дейін, яғни, 114 жылдан бері қазақ мұнайы тек құрлықтан ғана өндіріліп келсе, енді, міне, теңіз тұңғиығындағы мол мұнайдың алғашқы тамшысы алынды. Бұл шынында да, тәуелсіз Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тарихи оқиға.

Қуаныш құтты болсын, әлеумет!

Қашағанның қадір-қасиеті, бұл оқиғаның мән-маңызы, ел экономикасын өркендетуде алар орны туралы таяуда газет бетінде кеңірек жазатын боламыз.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.

---------------------------------

Суреттерді түсірген

Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.

Соңғы жаңалықтар