Айына бір рет жарық көретін әйгілі басылымның рейтингі бойынша, үздік қақпашылардың көшін Мадридтің «Атлетико» клубының қақпашысы Ян Облак бастап тұр. Себебі, 27 жастағы словениялық қақпашының өзге әріптестеріне қарағанда жеке көрсеткіші таңдай қақтырарлық. Облак биылғы маусымында жалпы саны 27 матчқа қатысып (барлығында негізгі құрамда алаңға шыққан), небәрі 21 гол өткізіп алған.
Екінші орынды Бразилия ұлттық құрамасы мен Ағылшынның «Ливерпуль» клубының қырағы қақпашысы Алиссон Бекер иеленді. Ал үздік үштікті «Барселонаның» германиялық қақпашысы Марк-Андре тер Штеген түйіндеп тұр.
Сондай-ақ FourFourTwo басылымының рейтингіне мына қақпашылар да енген. Атап айтар болсақ, Тибо Куртуа («Реал»), Кейлор Навас (ПСЖ), Петер Гулачи («РБ Лейпциг»), Самир Ханданович («Интер»), Мануэль Нойер («Бавария»), Эдерсон Мораес («Манчестер Сити») және Давид де Хеа («Манчестер Юнайтед») бар.