Онда коронавирустан жазылып шыққан қала тұрғыны облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлеріне ерекше алғысын білдіреді.
«Бүгін үйге келгенімізге екі күн болады. Көңіл-күйіміз бен денсаулығымыз жақсы. Осыдан 15 күн бұрын ауруханаға түскенде өте қатты үрейде болғанымызды жасырмаймын. Сол сәтте дәрігерлер жанымыздан табылып, көңілімізді аулап, психологиялық қолдау көрсетті. Бізбен бірге уайымдап, зерттеу нәтижелерін тағатсыздана күтті. Палатаға «Біз біргеміз, біз жеңеміз!» деп кіретін дәрігерлердің дауысынан еңсеміз кәдімгідей көтерілетін. Шын айтам, бұл төрт қабырғаға қамалып, еңсесі езілген науқастарға үлкен демеу беріп, жігер сыйлады» дейді хат иесі.
Одан әрі хат иесі ақ халатты абзал жандар өзін ғана емес 87 жастағы әжесін, әкесі мен анасын, әпкелері мен інісін емдеп шыққанын жазады. Сонымен қатар, жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлеріне, ондағы орта буын қызметкерлерге алғысын жеткізіп, еңбектеріне табыс тілейді.