«Жақсы мұғалімдер жақсы оқушыларды жасайды» – деп атақты педагог М.В.Остроградский айтқандай, біз сөз етпек болып отырған мектеп ұстаздары бір шағын ауданнан 29 «Алтын белгі» иесін шығарып отыр
Биылғы маусым айында Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша баспасөздің басты қаһарманы Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия болды десек артық кетпеспіз. Астанадан алыста жатса да, «Алтын белгі» алған оқушыларының саны жағынан республикада рекорд жасаған бұл білім ордасы туралы жазбаған басылым кем де кем.
«Жақсы мұғалімдер жақсы оқушыларды жасайды» – деп атақты педагог М.В.Остроградский айтқандай, біз сөз етпек болып отырған мектеп ұстаздары бір шағын ауданнан 29 «Алтын белгі» иесін шығарып отыр
Биылғы маусым айында Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша баспасөздің басты қаһарманы Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия болды десек артық кетпеспіз. Астанадан алыста жатса да, «Алтын белгі» алған оқушыларының саны жағынан республикада рекорд жасаған бұл білім ордасы туралы жазбаған басылым кем де кем.
Сонау тест басталған 2004 жылдан бері – соның ішінде 2007 жылдан бері ҰБТ сынағына барлық түлектері қатысатын мектеп-гимназия өз көрсеткішін жыл сайын көтеріп келеді. Оның 2004-2013 жылдар арасындағы орташа көрсеткіші – 100,77 балл - еліміздегі көптеген мектептер үшін әзірше қиялдағы арман ғана екені ақиқат. Әсіресе, соңғы 6 жылдағы гимназия түлектерінің табысы кімге де болсын бас шайқатып, таңдай қақтырары хақ. Мысалы, ҰБТ бойынша орташа балл 102-ден төмен түскен емес. Осы мерзімде бұл мектепті 289 оқушы бітірсе, соның 234-і 100-ден жоғары балл жинаған. Грантқа жоғары оқу орнына түскені (биылғы жылғы үздік 70 баланы есептемегенде) – 198. Орташа көрсеткіші – 108,7 балл. 78 оқушы «Алтын белгіні», 60 оқушы «Үздік аттестатты» иеленген.
2010 жылы 35 түлектің орташа көрсеткіші, тіпті, 118,3 балл болған. Олар сол жылы 13 «Алтын белгі» мен 17 «Үздік аттестатты» иеленіп, 35-і де түп-түгел грантқа жоғары оқу орнына түскен! Көзі тірісінде-ақ классик атанған Қадыр ағамыз:
Шыңға биік шықтым-ақ,
Қона алмадым, қайтейін.
Болғым келді мықтырақ,
Бола алмадым, қайтейін... – деп жазып кеткендей, қашан да биікті бағындырудан, сол биікті ұстап тұрудың қиын екені белгілі. Ал Б.Момышұлы гимназиясының оқушылары «100 балл» деп аталатын биікке мықтап қоныс тепкен тәрізді.
Биылғы жылдың еншісі – 107,64 балл. 70 түлектің 50-і «Алтын белгіден» үміткер еді, соның 29-ы өз талабының орынды екенін дәлелдей алды, сөйтіп, екі жыл қатарынан қол жеткен өз рекордын – 13 «алтынды» тағы да жаңартты. Бұл – аудан бойынша барлық «алтынның» тең жартысы, облыс бойынша он пайызы деген сөз. Төрт балаға айтулы межені бағындыруға бір ғана балл кемдік етсе, 8 оқушы «Үздік аттестат» иесі атанды. Аудан бойынша 4 мектептің ғана бітіруші түлектері түгел ҰБТ-ға қатысса, соның бірі осы №6 гимназия. Мектеп балдық көрсеткіш бойынша ауданда екінші орындағы мектептен 20 балл жоғары тұрса, 2012 жылдың ҰБТ-ға қатысты рейтингісі бойынша 127 балл алды. Б.Момышұлы атындағы гимназия соңғы 5 жыл қатарынан барлық алты пән бойынша аудан көрсеткішінен жоғары мектептердің көшін бастап келеді. «Оқ бойы озық» дегеніміз, осындай-ақ болатын шығар.
Және ең бастысы бұның бәрі «қағаздағы көрсеткіш» емес, өмірдегі шынайы көрсеткіш. Әрине, айтуға оңай... Бүгінгі биік – моншақтаған тердің, ұйқысыз түндердің, жасампаз ақыл-ойдың, қатаң талап пен тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Облыстық білімді бақылау департаментінің директоры Ләззат Базарқұлова: «Біз оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау бағдарламасына сәйкес биыл министрліктен келетін кесте бойынша Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиядағы 9-сынып оқушыларының білімін тексеруге барғанымызда көзге көрініп тұрған ең бірінші ерекшелік – мектептегі тәртіп болды. Дәлізде беталды жүрген бір де бір бала байқалмады. Екінші ерекшелік – оқушылардың білімді екендігі. Олардың бәрі де ешқандай асып-саспастан, ойланып-толғанып отырмай, жан-жағына жалтақтамай бірден қағазға жауабын жазуға кірісіп кетті. Абыржып, жүгіріп жүрген мұғалімдер де жоқ. Өйткені, олар өз шәкірттеріне сенімді ғо й», деді.
Бастауы қайда бұндай керемет жетістіктің? Оны біз сонау 1963, 1964 жылдардан іздегеніміз жөн болар. Себебі, ата-анасы Қызылқұмды игеру басталғанда Түркіменстаннан көшіп келген Өмірхан Қозыбақ орта мектептің жоғары сыныптарын кешкі мектепте оқып бітірді. Күндіз «Шардарақұрылыс» мекемесінде дәнекерлеуші, кейінірек «Амангелді» кеңшарында жүргізуші болып жұмыс істеді. Бұл 15-ке енді толған екі баланың бірі бара бермейтін, ерік-жігері күшті жастың ғана қолынан келетін ерлік іс. Одан соң әкесі майданда болған украин жерінде жоғары білім алып келіп, Жетісай аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істеді, 32 жасында орта мектеп тізгінін ұстады. Бұдан кейін денсаулығына байланысты Батыс Қазақстанға қоныс ауыстырғанымен, ол жақта аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары секілді қызметі де жақсы болғанына қарамастан, төрт жылдан соң жердің де жәннаты, елдің де жәннаты – оңтүстік өлкеге, өскен ортаға қайта оралды. Міне, сол 1988 жылдан бері Б.Момышұлы атындағы көпсалалы мектеп-гимназияны (бұрынғы ХХVІІ партсъезд атындағы орта мектеп) басқарып келеді.
Еңбекқор ер-азаматтар аз емес. Бірақ, солардың бәрі бірдей істің көзін таба біле ме, міне, мәселе осында. Ө.Қозыбақ басқаратын мектепте жұмысқа мұғалімдер де, 1-сыныпқа бүлдіршіндердің өзі де сынақтан өтіп барып қабылданады. Бұл мектепке «тамыр-таныстық, көке-жәке» жүрмейді. Ұжым басшысы осы ұстанымынан ешқашан айнып көрген емес. Жоғары сыныпқа жеткенше бүгінгі қатаң талапқа төтеп бере алмаған оқушылар өз-өзінен артқа қарай ысырыла береді, соның арқасында іріктеліп, кіл сайдың тасындай бозбалалар мен қыздар ғана қалады. Облыс бойынша әр аймақтың теріп-теріп алған озық оқушыларынан құралған оннан астам «Дарын» мектебі бар. Солардың барлығы жиылып биыл 67 «Алтын белгі» алды. Ал өзі тұрған шағын ауданнан басқа жерден ешкімді маңдайынан шертіп таңдап алар мүмкіншілігі жоқ Момышұлы мектебінің көрсеткіші – 29 медаль.
Мектеп-гимназияда «Кіші ғылым академиясы», бастауыш сынып оқушыларына арналған «Жас ғалым» орталығы жұмыс істейді. Иә, таңғалмаңыз, дәл солай. «Себебі, дейді директордың орынбасары Айсұлу Жақсылықова, баланың білім алуға деген ынта-ықыласы, ой өрісі, мінез-құлқы осы кезеңде қалыптасады. Сондықтан қазір ескі сүрлеуден шығып, өскелең заман талабына сай шығармашылық тұрғыдан оқыту қажет». Гимназия ұстаздары бұл жолды «Дамыта оқыту арқылы шығармашылыққа үйрету» деп атайды. 2-4-сынып оқушыларының таңдаған тақырыптарына көз салайықшы: «Кемеңгер Абай», «Батыр ата – Бауыржан», «Мағжан және балалар әдебиеті», «Судың қасиеті және маңызы», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері»...
Мектепте бастауыш білімге қаншалықты мән берілетінін Өмірхан Қозыбақтың 2012 жылы баспадан шыққан «Сапалы білім – сәулелі болашақ» атты кітабында өз тәжірибесін ортаға салған 48 ұстаздың 16-сы осы бастауыш сынып мұғалімі екенін-ақ аңғаруға болады. Солардың бірі Гүлвира Уәлиева: «Өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру оңай шаруа емес. Сондықтан, дамыта оқу әдістемесіндегі ең басты нәрсе – оқушыларды шығармашылық әрекет жағдайына енгізу. Мұның өзі оқытудың эвристикалық (қосымша әдебиетті қолдану) және зерттеу әдістеріне ерекше мән берілетінін көрсетеді».
Ұстаздардың бұл қағидасының жемісі оқушылар жоғары сыныпқа келгенде айқын көріне бастайды. Соңғы 8 жылда пәндік олимпиададан гимназия ауданда бірінші орынды ешкімге бермей келе жатыр. Гимназия оқушыларының облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда, байқауларда жеңіп алған жүлделі орындарын санамалау біраз уақытты алады. Бірнеше түлек «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда, тағы бірнешеуі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті бастаған ресейлік ЖОО-ларында білім алып жатса, қалғандары Қазақ-Британ университеті, Л.Н.Гумилев, Әл-Фараби, Қ.Сәтбаев атындағы университеттер секілді өз еліміздегі ең жоғары деңгейдегі білім ошақтарының бетке ұстар студенттері.
«Баланы – жастан». Қалай исең солай қалыптасып өсетін шыбық кезінен ұстаздары шығармашылыққа баулыған балалар қай пәннің болсын мән-мағынасын түсініп, ұғынатын қабілетке ие болып шығады. Бүгінгі тест жүйесі салтанат құрған заманда ең қажетті, ең жетіспейтін құндылыққа айналған осы қасиеттің оқушылардың бойына шықпастай болып, мықтап сіңірілуін Өмекең өмір бойы басты назарында ұстап келеді. Сол үшін де мектепте балалардың сабақты қабылдауға бейімділігін ескеретін 7 шығармашылық топ құрылған. Математика ғылым атаулының атасы болуы себепті оған гимназияда ерекше мән беріледі. Дире