Аймақтар • 20 Сәуір, 2020

Қостанай облысында бір науқас дертінен айықты

451 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көпшілік көптен күткен жағымды жаңалық денсаулық сақтау басқармасынан жетті.  «Тобыл қаласында 3 сәуірде госпитальға түскен әйел дертінен айықты.  Ол осы айдың басында Алматыға Мысырдан ұшып келген. Қостанайға оралған әйелді оқшаулап, госпитальға жатқызған болатын. Науқас қазір құлан-таза айықты, ертең ауруханадан шығарылуы мүмкін», - деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі. 

Қостанай облысында бір науқас дертінен айықты

Өкінішке қарай, бүгін түске таман Жітіқара қаласында 1969 жылы туған тағы бір әйел адамнан COVID-19 індеті анықталды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың айтуынша, қазір Жітіқарадағы аудандық аурухананың инфекция бөлімінде індетке шалдыққан 8 науқас емделіп жатыр.  Ал провизорлық стационарда 24 адам медициналық бақылауда. Сондай-ақ аурухананың хирургия бөлімінде 30 адам оқшауда жатыр. Олар 28 сәуірде шығады.   №1 карантиндік стационарда жеті адам жатыр, оның бесеуі медицина қызметкері. Ал №2 стационарда жатқан 16 адамның біреуі – медицина қызметкері, 11-і  - полицей.  

19 сәуірде Жітіқара ауруханасында карантинде жатқан 94 адамнан қан алынып, талдау қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен. Қазір олардың бәрі үй карантиніне ауыстырылды.

Жітіқарада қазір 11 жасанды демалу құрылғысы бар. Таяуда тағы 5 құрылғы келіп түседі.

Жалпы 20 сәуірдегі жағдай бойынша облыста COVID-19 індетін жұқтырған 20 адам анықталып, 1 адам көз жұмды. Үш науқас – Тобыл қаласында госпитальда жатыр. Жітіқарада – 16, Арқалық қаласында 1 науқас тіркелген.  

 

 Қостанай облысы