12 Қыркүйек, 2013

Көкпардан Азия чемпионаты: бірінші күн

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астанада ұлттық спорт түріміздің бірі – көкпардан тұңғыш рет ашық Азия чемпионатының жалауы желбіреді.

ERA 0064

 

Эмблема-11Кеше Астанада ұлттық спорт түріміздің бірі – көкпардан тұңғыш рет ашық Азия чемпионатының жалауы желбіреді.

Бұл бәсекеге біздің елден бас­қа Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Тәжікстан, Ре­сей мен Қытай елдерінің ұлттық құрамалары қатысуда.

Азия чемпионаты Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Астананың маңындағы «Қазанат» атшабарында өтуде. Чемпионат төрт күнге созылып, 15 қыркүйек күні­не дейін өтеді. Осы күні финал­дық сында екі мықты коман­да өзара Азия чемпионын анық­тайды. Қазір бұл мәртебелі атақ­ты қай елдің командасының жеңіп алатынын айту қиын. Деген­мен, басқа құрамаларға қара­ғанда, Қазақстан мен Қырғыз­станның Азия чемпионы атануға мүмкіндігі көп делінуде. Оны өзге елдердің құрамалары да жа­сыр­майды. Ал Қазақстан мен Қыр­ғызстан көкпаршылары қазір­дің өзінде финалдық сында кездесуге алақандарын ысқы­лап дайындалып жатқан сияқ­ты. Оған дәлел ретінде кеше чемпионаттың алғашқы күні ұлттық құрамамыздың Тәжікстан командасын 9:3, Қырғызстан көкпаршыларының Өзбекстан құрамасын 11:1 есебімен жең­генін айтуға болады. Осы күні Ресей мен Қытай елдерінің өкіл­дері де қарсыластарын айқын ба­сымдықпен ұтты. Ресей Моң­ғо­лияны 13:0, Қытай Түркияны 8:0 есебімен жеңді.

ERA 0064

Ал бүгін Қазақстан мен Ре­сей кездессе, Тәжікстан мен Моң­ғолия, Қырғызстан мен Түркия, Өзбекстан мен Қытай командалары күш сынасады. Айта кететін бір нәрсе, Азия чемпионатына шетелдің құрамасы сапында қатысып жатқандардың бәрі – өзіміздің қаракөз бауырларымыз. Мысалы, Ресейдің ұлттық құрамасы Алтай республикасынан жасақталса, Моңғолия командасында қандастарымыз көп тұратын Баян-Өлгий аймағындағы бауырларымыз өнер көрсетуде. Ал Қытай құрамасында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының қазақтары ойнап жатыр. Тек онда команданың жетекшісі ғана қытай азаматы.

Кеше чемпионаттың ашылу салтанатында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Қай­рат Сатыбалды, оның орынба­сары Бекболат Тілеухан, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы ди­ректоры Дархан Кәлетаев Азия чемпионатының мәні мен маңызын айта келіп, оның жүл­де қорына 20 млн. тең­генің бөлін­генін, соның ішінде бірінші орын­ға 10 млн. теңге, екін­ші орынға 6 млн. теңге, ал үшін­ші орынға 4 млн. теңгенің бері­летінін жеткізді.

Азия чемпионаты күн сайын 15 қыркүйекке дейін сағат 10.00-ден 14.00-ге дейін өтетін болады. Оған жарыстың шарты бойынша әр топтан 10 адам қатысады. Қазір 20 минуттық екі таймнан тұратын ойынға әр топтан төрт ойыншы күш сынасуда. Тартыс екі шетіне бірдей қазан қойылған, ауданы 200/80 болатын алаңда өтуде. Ойыншылардың міндеті – серкені жерден алып, қарсылас топтың қазанына салу.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».

––––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар