12 Қыркүйек, 2013

Байланыс жібі үзілмейді

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше еліміздің Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кеннен Фэйрфаксты қабылдады.

 

Кеше еліміздің Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кеннен Фэйрфаксты қабылдады.

М.Тәжин АҚШ елшісін Қазақ­стандағы дипломатиялық мис­сия­сының аяқталуымен және Атом энергиясы жөніндегі халық­ара­лық агенттіктің атқарушы ди­ректорының орынбасары лауа­зымына тағайындалуымен құт­тықтады. Мемлекеттік хатшы К.Фэйрфакстың АҚШ-тың Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде жемісті еңбек еткенін, сондай-ақ, осы қызметке тағайындалған екі жылдың бір күндегідей сырғып өтіп кеткенін атап өте келе, мемлекетаралық байланыстарды жандандыруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Америка арасын­да­ғы көпқырлы стратегиялық әріп­тестіктің жоғары деңгейін, екі мемлекет басшылары арасын­да достық қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті.

К.Фэйрфакс саяси және эко­но­ми­калық әріптестікті ілгерілету, Қазақ­стан-АҚШ қарым-қатына­сын одан әрі институттандыру бойынша бірлесе атқарылған жұ­мыстардың нәтижелеріне қана­ғаттанушылығын білдірді.

Кездесу соңында америкалық дипломат журналистерге сұхбат берді. «Біз көптеген мәселелерді, соның ішінде соңғы жылдары атқарылған жұмыстар шоғырын және осы жұмыстардың нәтижеле­рін талқыладық. Мәселен, кездесуде қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы күрес жүргізу бағытында ынтымақтастық орнатудың жайы қаралды. Ядролық қаруды таратпау, әртүрлі жаһандық стратегиялық мәселелер төңірегінде Қазақстан мен АҚШ бір-біріне ұзақ жылдар бойы өзара қолдау танытып, ынтымақтастық орнатып келе жатқаны барлықтарыңызға белгілі. Бұған қоса, соңғы жылдары құқық саласында да тығыз әріптестіктің жолға қойылғанын атап өтуге болады. Мәселен, екі елдің құқық қорғау органдарының өкілдері терроризмге қарсы күрес саласында тәжірибе алмасып, тығыз қарым-қатынас орнатқан болатын», деді сөз орайында ол.

Сондай-ақ, К.Фэйрфакс екі­жақ­ты кездесу барысында соң­ғы уақытта Қазақстанда бол­ған саяси оқиғалар мен іс-шара­лар­дың және Қазақстанның де­мократиялық институттарды дамыту мен әлеуметтік даму мәсе­лелері төңірегінде қолға алған жос­парларының талқыланғанын атап өтті.

«Менің АҚШ-тың Қазақстан­да­ғы Төтенше және өкілетті елшісі ретіндегі миссиямның мерзімі аяқталғанын білесіздер. Соған қарамастан, мен Қазақстанмен бүгінгі күнге дейін қалыптасқан тығыз байланыс жібін үзбей, жал­ғастыра беретін боламын. Дәлірек айтсам, ендігі кезекте Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікте қызмет атқара жүріп «Жасыл көпір», ЭКСПО-2017 жобалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға айрықша назар аударатын боламыз», деді елші өз сөзінде.

Ләйла ЕДІҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар