Әлем • 20 Сәуір, 2020

The New York Times: Экономиканы жұмыссыздық жайлады

496 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін жәрдемақыға өтінім білдіргендер саны төрт аптада 20 миллионнан асты, мұндай деңгейде жұмыс күшін жоғалту Ұлы депрессиядан бері тіркелмеген.

The New York Times: Экономиканы жұмыссыздық жайлады

Нельсон Д. ШВАРЦ

Саяси көшбасшылар Aмерика экономикасын қашан және қалай қайта іске қосуды талқылап жатқанда,  коронавирус пандемиясының шын көрінісі өткен бейсенбіде тағы 5,2 миллион адамның жұмыссыздар қатарына қосылғанында байқалды.

Соңғы төрт аптада жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыға 22 миллион адам өтінім берген. Бұл – соңғы рецессиядан кейін тоғыз жарым жыл бойы ашылған жұмыс орнының саны.

Еңбек министрлігі ұсынған соңғы мәліметте жәрдемақыға өтінім білдіргендерге қарап экономиканың барлық саласы зардап шеккенін көруге болады.

Чикагодағы Grant Thornton  фирмасының бас экономисі Дайан Суонк «Бұдан ешқайда қашып құтыла алмайсың»,- дейді. «Бұл – біз көрген ең ауқымды әрі жылдам рецессия».

Қонақүй мен мейрамхана,  бөлшек сауда, өндірушілер және заң фирмалары секілді көптеген сала қызметкерлері жұмысынан айырылды.

Әлеуметтік көмек алуға жаңа түскен өтінімдердің кейбіреуі жақында жұмысынан айырылғандардан болса, тағы бір бөлігі бірнеше апта бойы тапсыра алмай жүргендерден қабылданған.   

Әр күн бір жағымсыз жаңалық алып келетін секілді. Сәрсенбіде сауда министрлігі бөлшек сауда сатылымында соңғы 30 жылда болмаған төмен көрсеткіш тіркелгенін хабарлады, ал Федералды резерв өнеркәсіп өндірісінің құлдырағанын айтты.

Жұмыссыздықтың көбеюімен қатар экономикалық жағдайдың құлдырауына оқшаулану мен әлеуметтік белсенділікті азайту туралы шешімдер де едәуір әсер етті.  

«Елді толығымен жауып тастау –  ұзақ мерзімді шешім емес»,- деді Президент Трамп бейсенбі кешке өткен брифингте. Ол вирус аз тараған аймақтарда шектеу шараларының алынатынын мәлімдеді. Президент осылайша жақын арада ашық штаттар саны көбейетінін атап өтті.

Губернаторлар мен денсаулық сақтау саласының мамандары елдегі бизнес жылдам қайта орнына келетін болса, вирустың  екінші легі басталуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Дегенмен жұмыссыздар саны баяу болғанымен әлі де арта бермек.

«Мына жағымсыз жаңалықтар легінде жұмыссыздар санының ең жоғарғы нүктесіне жеткені үміт сыйлайды. Бастысы, бизнестің ашылатын күнінің белгіленуі мен олардың қайта жұмыс істейтініне сенімділік бар»,- деді Deutsche Bank Securities ұйымының бас экономисі Торстен Слок.

Т.Слок наурызда елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды көрсетсе, осы айда ол 17 пайызға жететінін болжайды. Бұл – Ұлы депрессиядан кейін тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Ол жоғарыдағы сандар жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін көрсететінін алға тартады.

Шектеу шаралары жайлап алынатын болады. S & P Global компаниясының бас экономисі Бет Энн Бовино «Экономика жайлап ашылады, сәйкесінше баяу орнына келеді» дейді. «АҚШ экономикасын қалпына келтіру – аса ірі процесс. Егер бизнес мамырда ашыла бастаса шілдеге дейін жұмыс орындарының үштен бір бөлігі қалпына келеді. Бірақ жұмыссыздық көрсеткішінің дағдарысқа дейінгі деңгейіне жетуі үшін бірнеше жыл кетуі мүмкін»,- деді Бет Энн Бовино.

Коронавирустың таралуы секілді жұмыссыздық та аймақтарды әр түрлі деңгейде жайлаған. Мәселен, 3 сәуірге дейін үйде отыру туралы шешімді шығармаған Джорджия штатында жәрдемақыға 256,000 адамнан ең көп өтінім келіп түскен.

Кейінірек жабылған Аризона және Алабама штаттарында да мемлекеттен көмек сұрағандар көп болған.

Мичиганның жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік агенттігі тұрғындардың шағымдарын барынша шешуге тырысқан. Дегенмен жәрдемақы алуға 84,219 өтінім келіп түскен.   

Ел үкіметінің қолдауы жағдайды сәл жақсартқанымен, жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік агенттіктердің жұмысы ауырлады.

Олар жұмыссыздық бойынша жәрдемақының талаптарын қарастырумен қатар заңнамада көрсетілген жеңілдіктер жүйесін қайта қараулары керек болды.

Экономистер жәрдемақының мұқтаж халыққа жылдамырақ берілуі   экономикалық залалды шектеу мен құлдырауды болдырмау үшін өте маңызды екенін айтады. Алайда бұл қызметті аз ғана жұмыссыздық деңгейімен күресіп келген мемлекеттік агенттіктің атқаруы әлеуметтік көмектің кеш берілуіне алып келді.

Нью-Йорк штатының колл орталықтары бір аптада 50,000 адамның қоңырауына және веб-сайт арқылы хабарласқан 350,000 тұрғынның сұранысына жауап беріп жатыр. Пандемияның ең жоғарғы көрсеткіші тіркелген аптада 8,2 миллион қоңырау мен 6 миллион хабарлама сайтқа келіп түскен.  

Конгресс енгізген төтенше көмек жәрдемақыны арттырып, жұмыссыздық мәселесіндегі кемшіліктердің орнын толтырды. Жаңа ереже бойынша мемлекеттен көмекті фрилансерлер, толық емес жұмыс күнінде істейтіндер, осыған дейін жәрдемақы алуға құқығы болмаған жалдамалы жұмысшылар мен өзге де қызметкерлер ала алады. Үкімет оларға 600 доллар көлемінде апталық үстеме мен қосымша 13 апта жәрдемақы ұсынды. Әлеуметтік көмек алуға ниет білдірушілердің көп болуымен мемлекеттік ұйымдардың төлем жасау бойынша қызмет көрсету сапасы сынға түсті.

Еңбек департаменті қосымша 600 доллар жәрдемақыны төлеуге 33 штаттың дайын екендігін жеткізді. Олардың бірі – Вашингтон. Штаттағы жұмыспен қамту департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Ник Демерис Вашингтонда жәрдемақыға келіп түскен өтінім сандары соңғы рецессиядағы көрсеткіштен жеті есеге асып түскенін хабарлады. Ол өзге штаттардағыдай төлемнің кешікпеуіне 2017 жылғы бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңартудың септігі тигенін айтады.

Вашингтон колл орталық қызметкерлерінің санын екі есеге арттырған. Ник Демерис барлығы жылдам болып кеткенін айтады. «Әдеттегі экономикалық құлдырауға қарағанда мына жағдай цунами секілді. Бізде аймақтағы жұмыссыздыққа сәйкес жасалған штат кестесі болатын. Бірақ жағдайға байланысты мүмкіндігіміз жеткенше қызметті күшейтіп жатырмыз»,- деді ол.

600 доллар көлемінде үстемені беруге дайын штаттардың тағы бірі – Род-Айленд. Еңбек және штатты оқыту департаментінің директоры Скотт Р. Дженсен жүйе күнделікті онлайн және колл орталық арқылы бірнеше мың адамға қызмет көрсете алатынын айтады. Жексенбі күні департамент 90,000 қолданушының жүйеге кіретінін болжап отыр.  

Колл орталықтың 50 қызметкері үйінен жұмыс істейді, сондай-ақ билік өкілдері сырттан жеке компаниялардан тағы 20 адам тартуға келісті. Әкімшілік 20 бұрынғы қызметкерін қайта жұмысқа шақыруға үмітті.

Нью-Йорк штаты өткен аптада жүйесін жаңартып, келіп түскен өтінімдерді қарау үшін тағы  1200 адамды жұмысқа алмақшы. Одан бөлек орталық өткен апталарда шағымданған тұрғындармен де байланысуы керек.

Манхэттенның жоғарғы Ист-Сайд аумағында тұратын Ферн Вайнбаум 100-ден аса қоңырау шалғанын, бірақ ешкім жауап бермегенін айтады. 68 жастағы Ф.Вайнбаум ай соңында кішігірім заң фирмасында құықтық мәселелер бойынша хатшы қызметінен айырылып қалған екен.

Сәуір айында не айлықсыз, не жәрдемақысыз қалған ол осыған дейін жиған қаражатымен жалдап тұрып жатқан үйінің ақысын төлеген. «Жәрдемақы маған өмір сүруім үшін керек»,- дейді ол. Бірақ берген өтінімі жүйеде тіркелгеніне сенімсіз.

Мемлекет беретін көмек 68 жастағы Элис Купер үшін де аса қажет. Флорида штатында мейрамханалардың бірінде жұмыс істеген ол өтінім қалдыру үшін екі апта жұмсаған екен. Сайтта тіркелу кезінде бір ақпарат қалып кетсе бәрін басынан қайта бастауына тура келген. Одан кейін жұмыс орнының мемлекет тарапынан жабылғанына қарамастан, басқа жұмыс іздеп жатқаны туралы анықтама алып келуін сұраған. Сайтта көрсетілген есепке сәйкес, Купер ханым аптасына ең көп берілетін жәрдемақы 275 доллар алуы керек. Бұл – оның айлық жалақысының жартысы. Ол бірінші аптаға арналған төлемді алып үлгергенімен, қалған екі аптаға қайта өтінім беруге арналған сертификатты алу үшін Интернетке кіре алмаған. Купер ханым пандемия аяқталған соң көмек алуға арналған тізімге қайта қосылуға үмітті. Ол мемлекет беретін 1200 доллар төтенше көмек пен қосымша 600 доллар үстеме шығындарын жабуға жететінін айтады.  

Нью-Йорк штатының Ниагара-Фолс қаласында тұратын Custom Covers and Canvas фирмасының иесі 38 жастағы Эрик Уинстани үшін бұл әдетте жұмыстың қызатын шағы еді. Оның фирмасы үй аулаларына арналған қалқалар мен қайықтарға матадан қаптар дайындайды. Алайда ол пандемия кесірінен өткен айда жұмысын тоқтауға мәжбүр болған. 35 жұмысшыға наурызға дейін ғана жалақы бере алған, одан кейін оларды жұмыстан шығаруға тура келген. Жұмысшылар әдетте сағатына 20-23 долларға дейін жақсы еңбекақы алып отырған. Жұмыстан шығып қалғандар арасында бизнесте ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келген Уинстани мырзаның туыстары да бар.

«Бұл өте қиын болды. Барлығы бірден төлемдері бар екенін, отбасын асырау керек екенін алға тартты. Сол себепті де қиын шешім болды»,- деді ол.

Ол бірнеше аптадан бері үш еріктімен бірге жергілікті ауруханалар мен басты мекемелер үшін маска тігіп жатыр екен. «Жұмыс жолға қойылса, бірнеше қызметкерді қайта шақыруға мүмкін болады. Барлығы жұмысқа оралғысы келеді»,- деді Э.Уинстани.

 

Дайындаған

Меруерт Бүркітбаева

«Egemen Qazaqstan»