Менің анам Бақытжамал қазір 81 жаста. Балалық шағы соғыс уақытымен тұспа-тұс келген анам есінде қалғандарын, әжеміз Кәбзияның тылдағы ауыр еңбек бейнетін көргенін үнемі бізге айтып отырады. Бүгін міне ол кісінің Ғаббас атамыз туралы айтқан әңгімесі есіме түсіп отыр...
Соғыс жылдары «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» ұранымен Ғаббас Ыдырысханов бастаған тыл еңбеккерлері қазіргі Аққулы ауданынан майданға киім-кешек, азық-түлік жіберуге көп үлес қосқан.
Ғаббас атаның қызы Дәметкеннің айтуынша, соғыс жылдары әкелері қазіргі Аққулы ауданында колхоз төрағасы болып қызмет атқарған.
– Әкеміз 1943 жылдың 19 қаңтарында Кеңес өкіметінің Қорғаныс қорына танк алу үшін 100 мың сом жіберген екен. Мемлекеттік банктің №350 есептік квитанциясы, Сталиннің қолы қойылған Алғыс хат облыстық музейде сақтаулы, – дейді Дәметкен Ғаббасқызы.
Музейдің сарғайған құжаттарында 1942 жылы павлодарлықтардан майдандағы жауынгерлер 1264 сәлемдеме алғаны жайлы мәліметтер бар. Майданға 10360 жұп пима, 4190 шолақ тон, 10709 тымақ, 1639 тері желеткелер, 10 мың жұптан аса тері қолғаптар, мақта фуфайкалар мен шалбарлар және басқа бұйымдар жіберілген.
Сол жылдары Қайырбек Баженеев, Жақия Жаңатаев, Ғаббас Ыдырысханов сынды колхоз басшыларының әрқайсысы қорғаныс қорына 100 мың сомнан астам ақша аударады. Кейін Ғаббас Ыдырысханов басқарған «Соревнование» колхозшылары Қорғаныс қорына 25 мың сом, 21 мың пұт астық тапсырған.
Тарихи құжаттарға үңілсек, 1952 жылдың 23 сәуірінде Бронетанк және механизациялау бөлімінен Кеңес әскері штабы арқылы хат келген. Хатта Ғаббас Ыдырысхановтың майданға жіберген қаражаты арқылы құралған танк бірнеше рет шабуылға шыққаны, оның жөндеу жұмыстарынан өтіп басқа әскери бөлімдерге берілгені туралы жазылған. Штаб басшысының орынбасары, ішкі әскер генерал-майоры М.Зелинский де алғыс білдірген.
Бүгінде Ғаббас Ыдырысхановтың 1919 жылы Қызыл әскер қатарында болғаны, басқа да құжаттары, марапаттары Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр.
Қызы Дәметкеннің айтуынша, әкелері өте қарапайым, мейірімді, ел-жұртына жанашыр адам болыпты. Отбасындағы 9 баласына қоса, Несібелі деген қызды асырап алған екен.
Қазіргі уақытта Ғаббас атамыздың ұрпақтары Павлодар облысында тұрады. Бүгінде біздің кейіпкеріміздің 26 жиені, 8 немересі ержеткен.
Павлодар облысы,
Аққулы ауданы