Жалпы, ала жаздай атыз басында жүретін диқандардың жылдағы алаңы – судың толық әрі дер кезінде жетуі болатын. Соған қоса егінге қам жасаған әр шаруаның көңіл түкпірінде «Науқан қарсаңында бағасы мың құбылып кететін жанармай жайы қалай болар екен?..» деген күдік те жоқ емес еді. Бірақ Мемлекет басшысы төтенше жағдай мен дағдарысқа қарсы іс-шаралар жөніндегі мәлімдемесінде диқандарды мазалаған осы мәселенің оң шешілетінін айтты. Президенттің Үкіметке ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін дизель бағасын 165 теңгеден асырмауды тапсырғаны еңбеккерлер үшін ерекше қолдау болды.
Қазір осы тапсырма жүзеге асып жатыр. Облыс диқандарына мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен бөлінген дизельді жеткізуші оператор болып «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС мен «РК-Мұнай» компаниясы белгіленіпті. Бұл екі серіктестік облыстық ауыл шаруашылығы ұсынатын тапсырысқа сәйкес, күз бен көктемгі науқан кезінде диқандарға 28 мың тонна дизель жеткізеді.
«Нефтьтранс-Қызылорда» наурыз айының басында ғана Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан жанармайдың әр тоннасын 194 мың теңгеден алып, шаруаларға литрін 178 теңгеден жеткізген. Ал сәуір айынан бастап зауыт өнімі едәуір арзандап, тоннасы 174 теңге болыпты.
– Біз оған тасымалдау шығындарын қосып, литрін 162 теңгеден шаруашылыққа жеткіземіз. Белгіленген кесте бойынша диқандарға жанармай уақтылы барып тұр, – дейді «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС директоры Нұрымжан Сопбеков.
Мұнай тасымалдаушы компания басшысының айтуынша, алда зауыттағы баға түсіп жатса, аймаққа жететін дизель де арзандап отырады.
Мемлекеттің қолдауын сезініп, көңілдегі секемі сейілген шаруалар ел несібесін еселеуге кірісіп кетті. Биыл облыс бойынша 183,1 мың гектарға егiс егу межеленіп отыр. Негізгі дақыл күріш көлемі 88 мың гектардан асады. Егістікке қажетті минералдық тыңайтқыштар бар, тұқым да толығымен жетеді.
Қызылорда облысы