12 Қыркүйек, 2013

Пияздан пайда көп

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

DSC 0143-1Биыл «Жаушықұм» шаруа қожалығының 25 гектар жерге голландтық тәсілмен еккен жуасы жұртшылықтың көз жауын алатындай-ақ бітік шықты. Жақсы тәжірибені өзгелерге да кеңінен таныстыру үшін өткен аптада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков «Жаушықұм» шаруа қожалығында семинар-кеңес өткізіп, оған шардаралықтармен қатар Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал, Отырар, Сайрам, Арыс аудандарының диқаншылары да келіп қатысты.

DSC 0143-1

Биыл «Жаушықұм» шаруа қожалығының 25 гектар жерге голландтық тәсілмен еккен жуасы жұртшылықтың көз жауын алатындай-ақ бітік шықты. Жақсы тәжірибені өзгелерге да кеңінен таныстыру үшін өткен аптада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков «Жаушықұм» шаруа қожалығында семинар-кеңес өткізіп, оған шардаралықтармен қатар Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал, Отырар, Сайрам, Арыс аудандарының диқаншылары да келіп қатысты.

Қазіргі таңда алқаптағы пияз өнімін жинау жұмыстары басталып жатыр. Пияздың бетіндегі қураған шөп-шаламды алдымен орып алып, қазуға дайындап қойған екен. Арнайы техника алқаппен бір жүргенде екі жүйекті қатар қазып шығады екен. Үлкендігі қос жұдырықтай келетін пияздар жердің бетінде пырдай болып қалып жатты. Ендігі жұмыс – тек қапқа салу ғана. Дән егетін техниканың өзі бірнеше функцияларды атқарады екен. Ең кереметі - пияздың тұқымын құйып сеппей, керекті дәнді ғана дәлдеп себетіндігі. Бір мезгілде жерді де тегістейді, арық та қазады, топырақты да нығыздайтын техника түрінің бәрі де шетелден алыныпты.

– Біз жаңа технология арқылы бұрыннан істеп келе жатқан ауыр жұмыстардан біржолата құтылдық. Пияз өте дәлдікпен егіледі, арамшөп гербицид арқылы жойылады, өнімді жинау да техниканың күшімен атқарылады. Қазірге тәжірибе ретінде егіп көрдік. Көрші Жамбыл облысындағы Қордай ауданында пияз егіп жатқан әріптестерімізбен бірігіп, голландтық әдіс бойынша ектік. Келесі жылы егіс көлемін мұнан әрі арттыруды жос­парлап отырмыз. Біздің бар құпиямыз осы, – дейді пияз егуге қаржы салған, яғни, инвестор Юрий Ан.

Семинарға келушілер шығын мен пияздан түсер табыстың да көлемін есептеп көрісті. Ю. Анның айтуына қарағанда, бір гектар алқапқа жерді дайындаудан бастап, өнім қапқа түскенге дейін 1 млн. 200 мың теңге қаражат жұмсалған. Бір гектар алқаптан жаңа технологияның арқасында 80 мен 100 тонна аралығында өнім аламыз деп отыр. Баяғы әдіспен еккен кезде өнімділік 20 тоннадан асса диқан қуанатын еді. 80 тонна деген бас айналатын жоғары көрсеткіш. Енді пияздың сатылу бағасына келейік. Базардағы нарқын кем дегенде әр келісін 50 теңгеден есептегенде бір гектардан алынатын 80 тонна пияздың құны 4 млн. теңгеден айналмақ. Бұл дегеніңіз үш есе пайда деген сөз ғой. «Жаушықұм» қожалығының инвесторы көтерме бағасымен әр килограмм жуаны 35 теңгеден де босататынын құлағдар етті.

– Елбасы Жолдауында айтылған жаңа технология бойынша өнімділікті арттырудың алғашқы қадамы «Жаушықұм» шаруа қожалығында іске асып отыр. Өнімділік көбейсе, ол біріншіден халықтың әл-ауқатының артуына септігі тиеді. Біздің аудан тұрғындары 1300-1400 тонна пиязды тұтынады. Пияз еккен диқандарымыздың өнімі ауданды ғана қамтамасыз етіп қоймастан, басқа өңірлерді де молынан қамтитын болады. Біздер шаруаларға қай дақылға сұраныс көп – сол дақылды орналастыруға бағыт беріп отыруымыз керек, – дейді Шардара ауданының әкімі Қамытбек Нұржанов.

Қанатбек Оспанбеков дәл осындай тәсілмен басқа да әлеуметтік маңызы бар дақылдар – сәбіз, картоп дақылдарын егуді де ойластыру қажет екенін айтты.

– Бүгінгі таңда елімізде азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету басты мәселе болып отыр. Көкөніс өнімдерін өндіруде біздің Оңтүстік облысы республикада алдыңғы орында. Сонда да жаңа технологияны өндіріске енгізу уақыт талабы. Осы әдіспен жайқалтып жуа еккен жаушықұмдықтардың тірлігін көрші аудан азаматтары да өндіріске енгізсе, құба-құп болар еді, – деді Қ. Оспанбеков.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ.

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Шардара ауданы.