12 Қыркүйек, 2013

Жеңілістің де жеңілісі бар

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрнағы күні түнде Астанадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде футболдан Қазақстан мен Швеция құрамалары 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында кездесті. Екі жақтың тең дерліктей деңгейде өткен кездесуі қонақтардың 1:0 есебімен жеңуімен аяқталды.

ERA 9644

Бұрнағы күні түнде Астанадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде футболдан Қазақстан мен Швеция құрамалары 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында кездесті. Екі жақтың тең дерліктей деңгейде өткен кездесуі қонақтардың 1:0 есебімен жеңуімен аяқталды.

Тегінде, әр нәрсенің өз ор­ны бар. Біз де тап осы матч­та өз командамыздың ұта сала­ты­нына кәміл сене қойған жоқ­пыз. Жасыратыны не, ойын бас­та­лардың алдында жігіттеріміз тек ірі есеппен жеңіліп қалмаса екен деп тіледік. Қалай дегенде де, Швеция құрамасы Шымкенттің іргесіндегі Қарабұлақ ауылындағы жұртпен шамалас қана халқы бар Фарер аралдары емес қой. Абырой болғанда, жасағымыз бұл күні жар­қыл­дап көрініп, қолынан келгенін жасап-ақ бақты.

Кездесуде алаң иелерін қонақ­тардың матчтың 28-секундында гол соғып кеткені де көп абыржыта қоймады. Соның нәтижесінде олар көп ұзамай өз бақыттарын қар­сы қақпа жақтан іздеуге шындап кірісті. Ал голды біздің қақпаға Златан Ибрагимович соқты.

Матчта қазақстандықтар бұрыш­тама беруден де қонақтардан қалы­са қоймады. Біз олардың 7 соқ­қы­сына 5 бұрыштама добымен жау­ап қайтардық.

Ал екінші таймның басын­да Қазақстан құрамасы есепті теңес­тіріп кете жаздады. Қазақ­стан­дықтар бұдан кейін де ашық белсенділік танытты.

Кездесу соңында біз­дің жігіттер тағы екі қауіпті шабуыл жасады. Алдымен Мақсат Байжанов шведтер айып алаңында ашық қалып, доп қабылдады. Бірақ оны ұра алмады. Келесісінде Дмитрий Шомко алыстан соққы жасады. Ойын осы қалпында соңына жетті.

Қазақта мұндайда «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген қанатты сөз көбірек айтылады. Біздің жігіттер де әлдеріне қарай шапты. Тым жа­ман шапқан да жоқ. Еуропа тур­нирлеріндегі кешегі «Шахтер» мен «Ақтөбенің» ойындары бұ­ларды да қамшылаған сияқты. Біз осыған сүйіндік.

Қазақстан құрамасы келесі ойынын 11 қазан күні Фарер аралдары командасымен өткізеді.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.

–––––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ.

Соңғы жаңалықтар