Қазағы аз Шемонайхада жақында 320 орындық жаңа қазақ мектебі салтанатты жағдайда ашылды. Аудан орталығына іргелес орналасқан бірнеше ауылдардың оқушылары үшін 100 орындық интернат та білім ордасының жанынан бой көтерді.

Мектептің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, ата-аналар мен мектеп оқушылары қатысты. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың құттықтауын жеткізген Жақсылық Омар мектеп құрылысын сапалы салып берген белгілі құрылысшы, «Өскемен-құрылыс» ЖШС-нің басшысы Ержан Сқақовқа аудан жұртшылығы атынан алғысын айтты. Ал аудан тұрғындары Ержан Сқақовтың Шемонайханың өркендеуіне ерекше үлес қосып, бірнеше ғимараттар құрылысын салып жатқанына ризашылығын білдіріп, ата салтымен иығына шапан жапты.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Түсіпбеков жаңа мектептің президенттік бағдарлама негізінде бой көтергенін атап көрсетті. Жаңа мектеп іші кірсе шыққысыз, әр оқушы жеке отыратын парта, қажетті құрал-жабдықтар бар. Бір сүйсінерлігі, Шемонайхадағы ұлты орыс бірнеше отбасы балаларын қазақша білім алуға беріпті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонайха ауданы.