Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде террорға қарсы орталық мүшелерінің екінші кеңейтілген отырысы болып өтті. Жиынға салалық ведомство және бейне желі арқылы аймақтардағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары қатысты. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады.
Отырыста Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев күн тәртібіне қойылған терроризм қаупінің таралуына себеп болатын бірқатар факторларды атап өтті. Бұдан біршама жыл бұрын біз терроризмді жекелеген елдер арқылы білетін болсақ, қазір оның ұғымының өзі бүкіл әлемге кең тарап үлгерді.Нақты айтар болсам, экстремистікжәне қылмыстық, соның қатарында қарулы топтарды жою бойынша арнайы, жиі түрде бірлескен ондаған операциялар әлденеше рет табысты өткізілді. Дегенмен, дәл қазіргі кезеңде азаматтардың діни сауатын ашу өте маңыздырақ болып отыр. Ол үшін алдымен, әуелі жас ұрпаққа білім дәнін егетін балалар бақшасындағы тәрбие мәселесіне зейін қоюымыз қажет. Шет елден діни саутын ашып келетін мамандарымыздың біліктілігіне де зерттеу жүргізген артықтық етпейді. Өйткені, өмір көрінісінен анық аңғарылғандай, басқа діннің жетегіне еріп кетіп жатқандардың сексен пайызы жұмыссыз жүрген жастар. Сондықтан біз және жергілікті атқарушы билік бұл тұрғыдағы мәселеге сергек қарауымыз тиіс.
Өз кезегінде сөз алған Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин радикалды дінге бой алдырып жүргендердің басым бөлігі жұмыссыздар қатарынан екенін жасырмады. Әрі сырттан келетіндер теріс ағымдардың таралуына әсер етіп жатқан көрінеді. Шет елдерге теологиялық білім алуға барғандардың да қарым-қабілетін тексеретін кез келіп жетті. Ол осындай мәселерді көтере келе, алдағы уақытта шет елде діни білім алғысы келетін талапкерлерді Дін істері агенттігінің реттейтінін жеткізді. «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың түрлі аспектілерін ақпараттық сүйемелдеудің бірқатар медиа-жоспарлары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, халқымыз үшін дәстүрлі саналатын исламды насихаттау және сәләфизм мен басқа да дін атын жамылған жат ағымдар идеологиясының зиянды әсерін ашып көрсету жөніндегі арнайы медиа-жоспар әзірленді. Сондай-ақ, діни-экстремистік және террористік топтардың ақпараттық қызметіне белгілі бір деңгейде шектеу қойылды.Бұл үшін діни бірлестіктердің интернет-ресурстарына мониторинг жүргізу жұмысы күшейтілді. Дегенмен, кейбір жекелеген сайттардың өз ақпарларының ішіне сынамалап теріс ағымдар туралы пікірлерді кіргізгенін жасыра алмаймыз. Ол бойынша 116 сайттың ісін қарау жөніндегі материал прокуратура органына жөнелтілді. Негізі, халықтың діни сауатын ашуда бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Сондықтан біз БАҚ өкілдеріне діни экстремизм мен терроризммен байланысты оқиғаларды жариялау жөніндегі әдістемелік ұсыныстар әзірледік»,- деді сөз орайында Ғ. Шойкин.
Отырыста шығып сөйлегендердің дені азаматтардың діни сауаттылығына ерекше назар аударды. Ол үшін алдымен имамдардың сауатын көтеру керектігі айтылды. Ал еліміз бойынша осы уақыт аралығына дейін 800 имам біліктілік курсынан өткен. Бастысы, бағыты беймәлім шет елдердегі діни оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтарды кері қайтару мәселесі қолға алынды. Бұл орайда дерекке жүгінсек, соңғы екі жыл ішінде сол жерлерде білім алып жатқан 232 азаматымыз елімізге кері қайтарылған. Қалған 440 азаматты уақыт создырмай елге әкелу мәселесін қарастыруымыз тиіс.
Жалпы, санаулы уақыт ішінде елімізде экстремистік және террористік іс-әрекетті анықтау, алдын алу және бейтараптандыру жүйесі қалыптастырылды. Халықаралық заң шығарушы-нормативтік база құрылып, экстремизм мен терроризм көріністерінің жолын кесу бойынша дәйекті мемлекетаралық ынтымақтастық қалыптастырылды.Терроризмге қарсы күрес бойынша жедел бөлімшелерді нығайтумен қатар, Ұлттық қауіпсіздік коми теті жанында ведомствоаралық терроризмге қарсы орталық пен оның штабы құрылды және осы бағыт негізінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жүктелді. Облыс және аудан орталықтарында, Астана мен Алматы қалаларында осындай құрылымдар – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдары жанында ТҚО Үйлестіру комиссиялары құрылды. ҰҚК ТҚО терроризм мен экстремизм көріністерінің енуіне құқықтық тосқауыл қоюға тікелей қатысты, бұл террористік қатерлерге қарсы іс-қимылдың барлық аспектілерін заңды түрде бекітуге мүмкіндік берді. Жиында осынау маңызды мәселелермен қатар алда тұрған міндеттер де аталып өтілді. Соның ең бастысы, ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу.
Отырыста шығып сөйлеген Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов биылдан бастап еліміз мектептерінде «Дінтану» пәні оқу бағдарламасына енгізілгенін атап өтті. Алайда, бұл пәннен дәріс беретін ұстаздар жетіспейді екен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н. Әбіқаев осы және жоғарыда көтерілген басқа да мәселелерді жедел реттеу керектігін айтып, жиынды қорытындылады.
Әмірхан Алмағанбетов.