Жуырда облыстық ТЖ департаментінің өрт сөндіру қызметі бойынша бастығы, полковник Нұрлан Атығаев журналистерге брифинг беріп, облыстағы өрт ахуалы туралы баяндап берді. Оның айтуына қарағанда бүгінге дейін 5,7 гектар жерді қамтыған 4 орман өрті болыпты. Сондай-ақ егіс өрттері 400 га жердің қауын да өрттеп кеткен. «Біз шаруаларды үнемі өрттен сақтандырып отырамыз. Облыста ондаймен айналысатын 206 адамдық 48 ұтқыр топ бар. Олар бүгінге дейін 112 рейд жасап, 43 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олардың төлеген айыппұлдары 13 мың теңгеден асып отыр», деді полковник.
Кейбір егіс өрттері кейде ауылға дейін жетіп, тұрғындарға қатер төндіріп қалады. Мәселен, М.Жұмабаев ауданындағы егістен тараған өрт желдің ұйытқуымен «Золотая нива» мен «Изобильное» ауылдарына дейін жетіп қалған. Өрт сөндіру қызметі мен ерікті өртсөндіргіштердің бірлесе қимылдаған жұмысының нәтижесінде өрт дер кезінде сөндірілген. Алайда ауыл шетіндегі ешкім тұрмайтын алты үйді өрт шарпыған.
Солтүстік Қазақстан облысы