Аймақтар • 21 Сәуір, 2020

Қостанай облысы: «Сарыбай» әлі бай

719 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Eurasian Resources Group (ERG) компаниясына тиесілі Рудныйдағы Соколов-Сарыбай кенішінің шығыс беткейі қайта қалпына келтірілді. Алпауыт кәсіпорын  осылайша шығынды үнемдеп, кен қорын ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл кәсіпорын жұмысын ілгерілетіп, мол мүмкіндіктерге жол ашады, - дейді кеншілер.

Қостанай облысы: «Сарыбай» әлі бай

COVID-19 пандемиясы елдегі ірі кәсіпорындарға да кері ықпал етіп отырғаны жасырын емес. Сондықтан карантин мерзімінің ұзарғанына қарамастан, ССКӨБ өз өндірісін жақсарту үшін жаңа жобаларды қолға алған. Екі Эйфель мұнарасы сыйып кететін Сарыбай кенішін де алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұр. Кеніштің шығыс беткейін жаңарту кен тиеу қоймасын қайта қалпына келтіруге және тау жыныстарынан шығарылатын ішкі кеніш үйіндісін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Яғни енді бұрынғыдай жынысты тым жоғарыда жатқан сыртқы үйінділерге тасудың қажеті жоқ. Бұл аймақтың экологиясына оң әсер етеді және кәсіпорынның кен сақтауға, шығаруға және тасымалдауға кететін шығындарын азайтады.

– Жобаның ұтымды тұстары өте көп. Қазір жобалық үйіндінің биіктігі 30 метрге аласарды. Бұл бізге не береді? Жоғарыға көтерілетін көлік жолының жалпы биіктігі кеніш игеру орнына дейін есептегенде 120-130 метрге төмендейді. Тау жынысын тасымалдау қашықтығы шамамен бір шақырымға қысқарады. Нәтижесінде тасымалдауға кететін шығын азаяды.

Сондай-ақ, 320 метр тереңдікте орналасқан кен қоймасы қайта қалпына келтіріледі.  Бұрын кенді қабылдау аймағы қойманың солтүстік қапталында болған, енді ол оңтүстік қапталға ауыстырылды. Нәтижесінде кенішті өндіру аяқталғанға дейін 1,2 млрд теңге үнемдей отырып, ішкі үйіндіні шығару қуаты кеңейеді. Бүгінгі таңда қойманың көлемі 30 мың текше метр. Бұл бір мезгілде 100-ге жуық пойызға кен тиеуге мүмкіндік береді. Кеніштің бүкіл шығыс беткейін -105 метр көкжиекте қайта қалпына келтіру кен қорын 44 миллион тоннаға арттырады. Бұл кеніштің қызмет ету мерзімінің ұлғаюына да әсер етеді, – деді Сарыбай кенішінің техникалық бөлім бастығы Александр Король.

                                                                                                                                  

 Қостанай облысы