Қазақстан • 21 Сәуір, 2020

Туысқан ұлт ғалымдары пандемияны тізгіндеуде тізе қоспақ

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір жер бетін жайлаған індетті бүкіл адамзат баласы бірлесіп жеңуге кіріскен. Дамыған елдерде COVID-19 вирусына қарсы препараттар дайындалып, вакциналар әзірленуде. Әрине, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Осындай қиын-қыстау кезде туысқан ұлттардың ғалымдары да тізе қоса отырып, пандемияны тізгіндеуге дайын. Кеше Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен өткен Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы президиумының онлайн отырысында осы мәселе қаралды.

Туысқан ұлт ғалымдары пандемияны тізгіндеуде тізе қоспақ

Суреттерді түсірген: Ерлан Омар «EQ»

Жақында Түркі кеңесі елдері Мемлекет басшыларының онлайн саммитінде бауырлас елдер арасында ғылымды дамытудың өзектілігіне байланысты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Осы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас мемлекеттердің коронавирусты ауыздықтау және оны еңсеру үшін жедел ақпарат алмасу, коронавирусқа қарсы іс-шаралар жүргізу, диагностика жасау және инновациялық емдеу тәсілдерін ойластыру, ғылыми ынтымақтастықты күшейту аса қажет екенін айтқан болатын. Бүгінде Түркі академиясының ұйытқы болуымен құрылған Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының төтенше төртінші басқосуы осы түйткілдердің түйінін таратуға тырысты.

Онлайн жиынды ашып, жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бастаманы қолдап, белсенді қатысқан Ғылым академиялары басшыларына ризашылығын білдіре келіп: «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төтенше саммитінің декларациясында мемлекет басшылары елдеріміздің ортақ игіліктері үшін тәжірибе алмасуда және өзінің ғылыми, инновациялық, технологиялық, медициналық әлеуеттерін толық жұмылдыра отырып, күш-жігерін біріктіруі қажет екенін атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты біз ынтымақтастық тетігін арттыруды, тәжірибе алмасуды мақсат ете отырып бүгін төтенше жағдайда жиналып отырмыз», деді.

3

Сөз кезегін алғаш алған Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының бірінші вице-президенті Иса Габиббейли ғылыми жаңалықтарымен бөлісіп, бейнеконференция форматындағы жиындарды жиі өткізіп тұру керектігін айтты. «Ғаламдық көзқараспен қарайтын болсақ, оқшаулану пандемияға қарсы күрестің бірден-бір жолы екенін байқаймыз. Алайда бұл қоғамның қалыпты және қарышты дамуына ықпал етіп, халықаралық қатынастарға әсерін тигізді. Адамзат үшін үлкен қасірет болған пандемия – ХХІ ғасырдың қатерлі ісігі. Бұл үлкен қасіреттен құтылу үшін ғалымдардың да үлкен жауапкершілігі бар. Академиялардың бүгінгі онлайн-конференциясы – ғалымдардың міндеттерін талқылау және коронавирусқа байланысты карантин жағдайында және пандемиядан кейінгі кезеңде бірлескен шешімдер қабылдау үшін маңызды платформа. Осы тұрғыда мен Халықаралық Түрік академиясының бастамасын жоғары бағалаймын. Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы осындай бірлескен зерттеулер жүргізу үшін ғылыми ынтымақтастық туралы кез келген ұсыныстарды талқылауға дайын», деген ол Одақтың төрағалығын Қырғызстан тарапына тапсырды.

Одақтың кезеңдік төрағалығын қабылдаған Қырғызстан Ғылым академиясының президенті Мурат Джуматаев декларация жобасын қолдай отырып, түркі әлемінде COVID-19 індетінің таралуы, белгілері, емдеу әдістері және нәтижелері туралы ортақ ақпарат базасын құруды ұсынды.

6

Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов болса таяуда ғана үндеу жариялағанын жеткізіп, Қазақстанның Ұлттық биотехнологиялық орталығы (Нұр-Сұлтан) мен Вирусология және микробиология институты (Алматы) сынақтан сәтті өткен вирусқа қарсы сантизайзер – дезинфекциялық құралдарын жасап шығарғанын айтты. Сондай-ақ ол ТӘҰҒАО мүшелігіне Мажарстан мен Тәжікстанды да тарту туралы ұсыныс білдірді.

Пандемияға қатысты арнайы ғылыми есептің дайындалғанын және оны бөлісуге дайын екенін жеткізген Түркия Ғылым академиясының президенті Музаффер Шекер: «Қазіргі кезде әріптестік өте қажет. Карантинде ғана отыру жеткіліксіз. Пандемиямен күресу стратегиясына жүйе керек. Індетке себеп болған вирустың қалай тіршілік ететінін қоғамға дұрыс ақпарат беріп, жете түсіндіру өте маңызды. Азаматтарымызды ғана емес, ауруға арашашы ақ халатты дәрігерлерді де қорғауымыз керек», деген ойын айтты.

Ал Одаққа алғаш рет ұйымның мүшесі ретінде қатысып отырған Өзбекстан Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов ғылыми ынтымақтастықты қолдап бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін атап өтті.

Жиынға қатысқан Татарстан Ғылым академиясының президенті Салахов Мякзюм мен Башқұртстан Ғылым академиясының президенті Гаязов Альфис та пайымды пікірлерін ортаға салып, өз ойларымен бөлісті. Президум жиыны қорытындысында арнайы шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар

Офри Арад «Қайраттан» кетті

Футбол • Бүгін, 09:30

Алматыда қойма өртенді

Оқиға • Бүгін, 09:03