немесе қоян терісі құрлы жоқ жолдар жайлы ойлар
Жақында еліміздің Көлік және коммуникация вице-министрі А.Бектұров Жамбыл облысындағы жиналысқа келді. Ауа райының қолайсыздығынан Астана-Тараз ұшағы болмай қалып, Алматы арқылы автокөлікпен жетуге мәжбүр болыпты.
Жиналысқа кешігіп келгеніне кешірім өтінген вице-министр “Алматы мен Тараздың арасында 8 сағат жүруіме тура келді. Жолдың сиқы адам шошырлық. Түгелдей дерлік ойылып кеткен” деді. Рас, жолдың жөні түзу кезінде бұл екі аралықты жүрдек көліктер 5-5,5 сағатта зулап өте шығатын. Бірақ...
Бүгінде Жамбыл облысының қаласы мен даласындағы жол ой-шұңқырға толып кетті. Жақында Құлан, Меркі, Қордай бағытына біздің де жолымыз түскен. Жолдың сиқы, шынында да, адамның жағасын ұстатқандай. Ошақтың орнындай болып үңірейіп қалған жол жүргізушіге де, жолаушығы да, тіпті, автокөлікке де ауыр тиеді. Дік-дік, тарс-тұрстан автокөлік доңғалағының резеңкесі жарылып та кетеді екен. Шұрқ тесіктен қашып, дұрыстау жермен жүрем деген қарсы бағыттағы көліктер бір-бірімен соқтығысып немесе жолдан шығып кетіп жатыр.
Біреулер бәлкім “Жыры бітпейтін бұл неғылған жол? Үкімет те, жергілікті билік те жол машақатынан құтылайық деген жақсы ниетпен жыл сайын қыруар қаржы бөліп жатқан жоқ па?” дер. Рас. Өткен жылы қыркүйек айының соңында облыс әкімдігінің мәжілісінде өңірдегі жол құрылысына жауапты басқарманың сол кездегі бастығы облыстық және аудандық мәндегі автомобиль жолдарының жағдайы жөнінде анықтама берген. Анықтама бойынша, Жамбыл облысының автомобиль жолдарының жалпы ұзақтығы 4999 шақырымды құрайды екен. Оның республикалық мәндегісі – 847, облыстық мәндегісі – 2224,3, аудандық мәндегісі 1927,7 шақырым болып шықты. Міне, облыстық және аудандық мәндегі осы автомобиль жолдарын жөндеу үшін 2006-2012 жылдарға арнайы бағдарлама жасалыпты. Оған арналған қаржы да қыруар – 5788 млн. теңгені құрайды. Атап айтсақ, 4088 млн. теңге республикалық, 1700 млн. теңге жергілікті бюджеттерден бөлініпті. Дегенмен, әлгі бастық анықтама берген күнге дейін жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат бағдарлама бойынша қарастырылған 5788 млн. теңгеден асып кетіпті. Яғни, 2006-2008 жылдар аралығында жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын жөндеуге 3096,7 млн. теңге бөлініп, бұл қаражат толығымен игерілген көрінеді. 2009 жылға жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын қаржыландыру көлемі 2133,0 млн. теңгені құрапты, оның ішінде республикалық бюджеттен 1132,7 млн. теңге көлемінде трансферт алынса, облыстық бюджеттен 775,3 млн. теңге және аудандық бюджеттерден 225,0 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қосымша жол жөндеу жұмыстарына 1730,5 млн. теңге бөлініпті.
– Сонымен, – деген басқарма бастығы, бағдарламаның іске асырылу барысында бүгінгі күнге дейін 6960,2 млн. теңге бөлініп, игерілуде.
Бәрін айт та, бірін айт, басқарма бастығының анықтамасын тамсанып қойып тыңдар құлақ болса тамаша-ақ енді. Бірақ... осы 6960,2 млн. теңге “жұмсалған” жұмыс неге көзге көрінбейді? Кей бөліктердегі жолдың асфальт жамылғысы бір қысқа да шыдамауы қалай? Биылғы қыстың бір айы, яғни желтоқсаны Тараз қаласында қарсыз, борансыз, жауынсыз, жадырап өтті. Сонда жөнделген жолдың қауқары қаңтар мен ақпанға да жетпегені ме? Қазақ “қоянның терісі бір жылға шыдайды” деуші еді, Жамбыл облысы жолшылары “төсеген” немесе “жамаған” асфальттың сапасын қоянның терісімен де салыстыруға болмағаны-ау сонда.
Тараз қаласының оңтүстік батысына таман Ықылас Дүкенұлы (бұрынғы Почтовая) атындағы көше бар. Қазір сол құдыретті қобызшының аты берілген көшемен жүру оңай емес. Бірақ біз тәуекел етіп көрдік. Адам шошырлық көріністі тәптіштемей-ақ қоялық. Ал Қазыбек би көшесі мен Әйтиев көшесінің қиылысы қаланың қақ ортасында. Бұл жердегі асфальт та бейбіт заманда бомба түскендей шұрқ тесік болып жатыр. Құралайды көзге атқан сұр мерген Ыбырайым Сүлейменов атындағы ұзын көше бар. Сол көшенің ортасының да ойылып, топырағы шашылып жатқанына бір жарым жыл болып қалды-ау. Бірақ осы уақыт ішінде Тараз қаласы әкімінің немесе орынбасарының “Ау, бұл қалай? Қане, тез жөндеңдер!” деп, жолға жауапты мекеме басшыларына тапсырма бергенін көрмедік. Абай мен Сухамбаев көшесінің қиылысында байқамасаң беліңді үзіп жібере жаздайтын бір ойдым жер бар. Тура жолдың ортасында. Тараздың шұңқырға толы жолдарын бес саусағындай білетін әккі жүргізушілер болмаса, Алматы жақтан ағызып келе жатқан ағайындардың оңбай қалуы бек мүмкін. Ойланатын жәйт...
“Өлең шіркін, өсекші жұртқа жаяр”, Тараздың тар көшелеріндегі жолдарың қайсыбір кемшілігін “түгендей” берейік, бірақ айтпаса атасы өлетін бір сорақы жәйт тағы бар. Ол мынандай мәселе. Бір мекеме, кәсіпкер немесе қарапайым тұрғын да болуы мүмкін, көшенің бір бетінен екінші бетіндегі ғимаратына немесе үйіне құбыр тартуы керек болса жолды арық тартқандай қақ жарып, “жырта” салатын болып алды. Әрине, бетін жапқан болады. Бірақ ол “жамау” асфальттың бұрынғы сапасымен, қалыңдығымен және тегістігімен сәйкес келмей “арық-атыз” болып қала береді. Бұл мысалға көз жеткізу үшін “ана көше, мына иін” деп атын атаудың қажеті шамалы, қызығушылық танытқан басшыға Тараздың кез келген көшесінен тауып беруге болады. Тіпті облыс әкімі ғимаратының тура іргесіндегі жолда да осындай “тыртық” бар (Қазыбек би көшесі, ғимараттың сол жағы).
Мұндай кемшіліктер қала сыртындағы жолдарда да анықталып отыр. Мысалы, Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент жолының кейбір телімдерінде атқарылған күрделі жөндеу жұмыстары барысында салынған асфальт төсенішінде ақаулар анықталған. Үшарал ауылына кіреберіс пен Төле би-Шоқпар жолдарында жол үсті жұмыстары сапасыз орындалыпты. Өңірде сапасыз салынған немесе жүрдім-бардым жөнделген бұдан басқа жолдар қаншама?
Облыстағы жөнделген жолдар мен оған қолданылатын құрылыс материалдарының сапасына “Жамбылжолзертхана” мемлекеттік мекемесі мен техникалық және авторлық қадағалау мекемелері бақылау жасауы керек. Бірақ бұл мекемелер бір қысқа жетпей ойылып қалған асфальт жолға жауапты немесе көше жолын “арық-атыздарымен” қақ бөліп тастаған заңды және жеке тұлғалар алдында дәрменсіз сияқты.
Облыс экономикасы күретамырының” бірі автожол екені белгілі. Бірақ Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласынан басталып Тұрар Рысқұлов атындағы, Меркі, Шу және Қордай аудандарымен Алматы, Қарағанды, Астана асатын жолдың маңызы ешкімді ойландырмайтын сияқты. Әлде басшылар енді басталғалы отырған “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” күрежолы бар қиындықтан құтқарады деп қол қусырып қарап отыр ма? Оның құрылысы 2,5 немесе 3 жылға созылуы мүмкін. Оған дейін жоғарыда аты аталған аудандарға халық қалай қатынайды? Мекеме, кәсіпорындар өзара қалай байланыс жасайды? Барыс-келіс, алыс-беріс қайтіп жүзеге асады?
Тұрар Рысқұлов атындағы ауданнан қайтып келе жатқанда жұмысшылардың жол үстіндегі шұңқырларға құм төгіп жүргенін көрдік. Иә, кәдімгі сусылдаған құм. Ол жаңбырлы көктемде бір күнге де жетпей лай боп, ағып кетпей ме? Жоғарыда айтылған анықтамада “Ағымдағы жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстарынан бөлек биыл (2009 ж. айтып отыр – К.С.) “Жол картасы” бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарына барлығы 1730,5 млн. теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1 250,3 млн. теңге, жергілікті бюджеттерден – 480,2 млн. теңге. Бұл қаражатқа 27 жоба іске асырылуда, барлығы 296 шақырым жол жөнделетін болады. Оның ішінде, жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеу бойынша 16 жоба – 268,9 шақырым және Тараз қаласы ішіндегі көшелерге күрделі жөндеу бойынша 11 жоба – 27,1 шақырым” деген сөздер де айтылған.
Сұрақ: сонда осыншама қыруар қаржы қайда кетті? “Жолға” ма, әлде “солға” ма?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.