Саясат • 22 Сәуір, 2020

Посткеңестік кеңістіктегі ең либералды құжат

420 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Карантин мен оқшаулану режіміне қарамастан, Парламенттің заң шығарушылық қызметі тоқтаған жоқ. 14 сәуірде Сенатқа «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы ұсынылды. Бұл заң жобасының қандай ерекшелігі бар?

Посткеңестік кеңістіктегі ең либералды құжат

Біріншіден, көпшілік заң жобасын тал­қылауға және әзірлеуге өте белсенді түрде қ­атысты. Құжат тұжырымдамасын дайын­дау ке­зеңінде бірнеше қалада, соның ішінде Ақ­­парат және қоғамдық даму министрі Дәу­­рен Абаев­тың қатысуымен бірнеше қо­ғам­­­дық тың­дау өтті. Әсіресе министрдің Ал­маты мен Қарағандыдағы азаматтық қо­ғам өкіл­дері­мен кездесуінде заң жобасы жан-жақты тал­қыланды. Сонымен қатар HAQ және Talda.kz интернет-алаңдарында ЕҚЫҰ, USAID, БҰҰ Адам құқықтары жөнін­­дегі Жоғарғы Комиссарының Кеңсесі сияқ­ты халық­аралық ұйымдардың және Гер­мания, Ұлы­британия, Нидерланд, АҚШ ел­ші­лік­терінің өкілдері аталған құжат төңірегінде бейбіт жиналыстар туралы ойларын ортаға салды.

«Митингілер туралы» заң жобасы қоғам­ның қызығушылығын туғызып отырғаны түсінікті. Бұл – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі алаңында бастау алған және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан қолдау тапқан саяси реформалар топтамасындағы маңызды мәселенің бірі. Құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.

Сондай-ақ заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына қоғам қайраткерлері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері – Ерлан Саиров, Марат Башимов, Мұрат Әбенов, Асылбек Қожахметов, Мұхтар Тайжан және басқалар кіргенін атап өткен жөн. Азаматтық қоғамның заң жобасын  әзірлеу бойынша жұмыстарға осындай кең көлемде қатысуы барынша либералды және прогрессивті құжат дайындауға мүмкіндік берді.

Екіншіден, заң жобасы бойынша жұмыс карантин және оқшауланудың ерекше жағдайында жүргізілді. Онлайн-талқылаулар барысында жұмыс тобының құрамына кірген қоғам белсенділері мен сарапшылардың пікірлері заң шығарушылық жұмыстарына кеңінен қарастыруға оң ықпалын тигізді. Цифрлы технологиялардың заңнамалық жұмыста қолданылуы Қазақстан тарихында алғаш рет болып тұрған шығар. Болашақта бұл тәжірибенің аясын кеңейткен жөн.

Заң жобасының жұмысын карантиннен кейінгі кезеңге қалдырмағаны – құжаттың өте маңызды екенін аңғартады. Әйтпесе төтенше жағдайдың кезінде заң не күзде, не 2021 жылы ғана қабылданатын еді. Олай болғанда азаматтық қоғам күзгі саяси маусымда 1995 жылғы барынша ескірген митинг туралы заңмен келетін еді. Дегенмен осы жылдың күзінде саяси күштер парламенттік сайлау науқанына дайындықты төмен деңгейде бастайды. «Митингілер туралы» заң саяси-қоғамдық кеңістікті реттейтін құжаттардың ең маңыздысы ретінде жаңа жағдайға сәйкес келуі керек екені де анық.

Үшіншіден, митингтер туралы қазақ­стан­дық заң посткеңестік кеңістіктегі ең ли­бе­рал­ды болып шықты. Ең айқын айыр­машы­лық – ми­т­ингтер мен бейбіт жиындарды ұйым­­дас­­тыру, ескерту немесе рұқсат беру қағидат­та­ры және өтінімді беру мен қараудың соңғы мерзімі.

Сенаттың қарауына енгізілген «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасында митингтерді ұйымдастырудың ескерту қағидаты белгіленді және хабарлама іс-шараны өткізуден 5 жұмыс күні бұрын ұсынылуы керек.

Ресейде де ескерту қағидаты бар, алайда ми­­тинг­ке қатысу туралы өтініш көпшілікке ар­нал­ған іс-шара өтетін күнге дейін 15-тен ерте емес және 10 күннен кешіктірілмей берілуі керек.

Қырғызстанда – ескерту қағидаты, өтініш беру мерзімі күнтізбелік 12 күннен кешік­тірілмейді.

Өзбекстанда «Азаматтардың митингілері, жиындары және демонстрациялары туралы» заңы алғаш рет әзірленіп, өткен жазда талқылауға шығарылды. Оның нормалары митингтерді ұйымдастырудың рұқсат етілген қағидатын қарастырады, ал өтініш іс-шарадан 30 күн бұрын берілуі керек.

Сонымен қатар жоғарыда аталған елдер­дің ешқайсысының митингтер туралы заң­намасында Қазақстан заңының 3-бабында бекі­тілген (бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу принциптері бөлімінде) «бейбіт жиындарды өткізу пайдасына презумпция» деген ұғым жоқ.

Бейбіт жиындарды өткізу пайдасына презумпция – 2007 жылы ЕҚЫҰ / ДИАҚБ-ның Сарапшылар кеңесі дайындаған «Бейбіт жиналыстар бостандығы туралы нұсқаулық» құ­жатта көрсетілген алты (олардың қата­рындағы біріншісі) қағидаттың бірі.

Бұл қағидатты бекіту бейбіт жиналыс­тар өткізу бостандығы құқығы адамның негізгі құқықтарының бірі болғандықтан, оны іске асыру мүмкіндігінше реттелместен қамтамасыз етілуі керек. «Заңда тікелей тыйым салынбаған кез келген нәрсені рұқсат етілген деп санаған жөн, ал жиынға қатысқысы келетіндер оны өткізуге рұқсат алуы керек емес. Заңда жиындар бостандығы пайдасына презумпция анық және біржақты белгілену керек» делінген ЕҚЫҰ / ДИАҚБ құжатында.

Бұл қағидаттың митингтер туралы қазақ­стан­дық заңнамада бекітілгені оның про­грес­сивті сипатын көрсетеді. Қазіргі уақытта елдің заң шығарушы органының жұмыс топтарында «Саяси партиялар туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңдарына түзетулер (партияны тіркеудің сандық шегін азайту және партиядағы әйелдер мен жастарға квоталар белгілеу бөлігінде), сондай-ақ «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобалары талқыланып жатыр. Бұл заңнамалық құжаттар «Митингтер туралы» заңмен бірге Қазақстандағы қоғамдық-саяси кеңістікті қайта құруға, партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыруға, сайланған органдарға жан-жақты, теңгерімді сипат беруге жағдай жасайды.

 

Жанар Төлендинова,

саясаттанушы