Коронавирус • 22 Сәуір, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Грекияда мигранттарға арналған қонақ үйден вирус табылды

382 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл топтамада әлемнің 185 елінде тараған COVID-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.

22 сәуірде Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 2 564 190, өлім саны - 177 445, айыққандар саны - 681 842 адам болды (жаңартылған уақыты 09:57).

18:11

Грекияда мигранттарға арналған қонақ үйдің 2 қызметкері мен 148 уақытша тұрғыны COVID-19 вирусын жұқтырған.

Қонақ үйді БҰҰ басқарады, онда 470-ке жуық пана іздеушілер тұрады, олардың ішінде балалар да бар. Көпшілігі Түркиядан заңсыз жолмен Грекияға келген Конго мен Камерун тұрғындары.

Вирусты жұқтырғандардың барлығында ауру еш симптомсыз өтіп жатыр. Жергілікті билік осы ауданда коменданттық сағат пен қозғалысқа екі апталық шектеу енгізді.

в


16:46

Оңтүстік-Шығыс Азияда Сингапурдың жағдайы алаңдатады

Аймақтағы коронавирус ең көп тараған ел Сингапур болып тұр.

Онда вирус жұқтырғандар саны 10 мыңнан асты. Бүгін 1 016 жағдай тіркелген.

Науқастардың көбі шетелден келіп жұмыс істейтін азаматтарға арналған жатақханаларда тұратыны белгілі. Өзге тұрғандар да вирус жұқтырудан қорқып, өздерінің және жақындарының денсаулығына алаңдап отыр.

Ел билігі ғимараттардан сау адамдарды көшіріп, індеттің алдын алуға тырысып жатыр. Дегенмен тұрғындар мемлекет осыған дейін неге қол қусырып отырған деген сұрақтар қоюда.

839 адам жазылып шыққан. Ал елде инфекциядан 11 адам қайтыс болды делінген.

вчч


15:13

АҚШ-тың Миссури штаты Қытай билігін сотқа берді

Миссури штаты Қытай билігін коронавирус қаупін толық айтпады, сондықтан ғаламдық пандемия тудырды деп айыптады.

Одан бөлек көп адамның өлімі, экономикалық дағдарыс секілді пандемия салдарына да Қытай кінәлі деп сотқа берген.

Сарапшылар басынан бастап бұл істің Миссури үшін сәтті аяқталатынына күмәнмен қарады, себебі АҚШ заңы кейбір шектеулермен жалпы өзге мемлекетті сотқа беруге тыйым салады.

Жауап та көп күттірмеді. Қытай билігі бүгін Миссури штаты таққан айыпқа «дәйек пен заңды негіздің» болмауын алға тарта отырып, сотқа берген арызын жоққа шығарды.   

Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің өкілі Гэн Шуан бұл америкалық соттың құзіреттілігінде емес деп жауап берді. Одан бөлек ол АҚШ-қа коронавирус туралы соңғы мәліметтің 3 қаңтардан бастап берілгендігін айтты.

Калифорния университетінің Халықаралық құқық профессоры Шимейн Кейтнер егер АҚШ Қытайға қандай да бір айып таққысы келсе оны сот арқылы емес, халықаралық форум алаңында жүзеге асыру керектігін ескертті.

в


12:02

Tайландта өткен тәулікте COVID-19-ды тағы 15 адам жұқтырып, 1 адамның көз жұмғаны белгілі болды

Осы уақытта вирусты жеңіп, сауығып шыққандар бойынша да рекордтық көрсеткіш 244 адам тіркелді.

Індет басталғалы мұнда жалпы 2 826 адам вирус жұқтырған, коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны — 49, ауруынан айыққандар 2 352-ге жетті.


11:31

НАТО ғалымдары COVID-19 коронавирусын зерттеуге жұмылдырылды

НАТО-ның бас ғылыми кеңесшісі Брайан Уэллс коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі бағдарламаның іске қосылғанын жариялады. Осылайша ол НАТО-мен жұмыс істейтін ғалымдарды альянсқа вирусты анықтау, ақпарат жинауды жақсарту, аумақтар мен ғимараттарды зарарсыздандыру шаралары, қоғамның вирусқа төзімділігін арттыру және пандемиядан кейін қалыпқа келуге жәрдемдесу мүмкіндіктері туралы өз ұсыныстарын жіберуге шақырды.

Бұдан өзге, альянс Франция мен Италиядағы өзінің ғылыми орталықтары арқылы коронавирусқа қарсы күресте пайдасын тигізе алатын жаңа жабдықтар мен әдістемелерді жасау бойынша түрлі ғылыми бағдарламаларды жүргізе бастады.

ы


11:10

Тайландта 31 шілдеге дейін шетел азаматтарына виза автоматты түрде ұзартылады.


Грузияда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты төтенше жағдай режимі 22 мамырға дейін ұзартылды.


Хакасияда COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы науқас көз жұмды.


Беларусьте коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 459 адам анықталды.

Бұл елде жалпы 6 723 адам коронавирусты жұқтырған. Жақында тағы 4 адамның көз жұмғаны белгілі болды. COVID-19-дан қайтыс болғандардың жалпы саны — 55. Оған қоса тағы 63 науқас ауруынан айығып шыққан. Жалпы жазылып шыққандар саны 577-ге жетті.


Қырғызстанда тағы 22 адам коронавирус жұқтырған.

Атап айтсақ, Бішкекте ‒ 10 адам, Шу облысында ‒ 2, Ошта ‒ 4, Ош облысында ‒ 1, Жалал-Абад облысында ‒ 4, Нарын облысында ‒ 1.  Eлде барлығы 612 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.  


10:40

Жапонияда круиз лайнерінің экипажы COVID-19 инфекциясын жаппай жұқтырған

Costa Atlantica круиз кемесінің экипаж мүшелерінің арасында коронавирус инфекциясын 30-дан астам адамның жұқтырғаны анықталды. 

25 наурызда Costa Atlantica лайнері профилактика және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жолаушыларсыз Нагасаки портына жеткізілді, лайнер барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін сәуір айының соңында порттан кетуі керек еді. Алайда сәуір айының ортасында экипаж мүшелерінің бірінен коронавирус инфекциясы табылды. 

КВИ тестін тапсырған 57 команда мүшесінің 34-інің коронавирусты жұқтырғаны расталды. Кемеде барлығы 623 адам бар. 

Жапонияда COVID-19 анықталған адамдар саны - 12 255, оның ішінде Diamond Princess круиз кемесінде вирусты жұқтырған 712 адам бар. 296 адам көз жұмды, 236 адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. 2001 адам сауығып шыққан.

ы

Сурет: Kyodo News


09:58

Вирус жұқтырғандар саны 2,5 миллионнан асты

Дүниежүзінде 2 564 190 адам коронавирус жұқтырды.

177 445 адам қайтыс болды.

681 842 науқас құлан-таза айықты.

АҚШ-та 825 041 жағдай тіркелді, 75 538 адам сауығып шықты, 45 042 адам қайтыс болды.

Испанияда 204 178 жағдай тіркелді, 82 514 адам сауығып шықты, 21 282 адам қайтыс болды.

Италияда 183 957 жағдай тіркелді, 51 600 адам сауығып шықты, 24 648 адам қайтыс болды.

Францияда 159 299 жағдай тіркелді, 39 835 адам сауығып шықты, 20 829 адам қайтыс болды.

Германияда 148 453 жағдай тіркелді, 95 200 адам сауығып шықты, 5 086 адам қайтыс болды.

d