Қоғам • 22 Сәуір, 2020

Карантин «қызықтары»

2275 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Шынында қызықтың көкесі карантиннің кезінде болып жатыр. Өйткені, көп адамдар коронавирустың не екенін әлі де түсінбеуде. Енді біреулер амалының жоқтығынан осындай қадамға баруы мүмкін. Карантин кезінде таксимен заңсыз адам тасу, жалған ақпарат тарату, азық-түлік, басқа да тауарлардың бағасын көтеру сияқты жәйттер жиі орын алуда. Ал, біз сондай оқиғалардың «ең қызықтарына» ғана тоқталдық.

Карантин «қызықтары»

Алматы қаласының бір тұрғыны коронавирус індетіне шалдығуына байланысты өз-өзіне қол салғаны туралы видео жариялап, таратып жіберген. Кейіннен ол полицияға бұл әрекетті іші пысқаннан жасағанын, видеоны тек жақын достарына ғана таратқанын айтып, көпшіліктен кешірім сұрады.

Шығыс Қазақстан облысы, Ерейментау қаласының бір тұрғыны жергілікті төтенше жағдай кезінде төрт кәсіпкерге Павлодардан төмен бағада жеміс-жидек жеткізіп беремін деп, 66 мың теңгесін алып, қашып кеткен. Кейіннен полиция алаяқты Есіл ауданындағы бір қонақ үйде жатқан жерінен ұстады.

Ал, петропавлдық бір кәсіпкер интернет сауда арқылы 7 мың медициналық маскаға тапсырыс беріп, жеткізіп берушінің есеп-шотына 400 мың теңге аударып жіберген. Ақшаны алған адам содан ізім-қайым жоқ болған. Қазір оны полиция іздестіріп жатыр.

Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында кептерлердің жаппай қырылғаны туралы видео тарады. Жұрт мұны қалада жүргізілген дезинфекция жұмыстарының зияны деп жорамалдады. Ал, Орман шаруашылығы және жануарлары әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет кептерлердің әлденеден уланып өлгенін, арнайы сараптама бәрін анықтайтынын жеткізді.

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ершов ауылының учаскелік инспекторы карантин кезінде әбден еріксе керек, досы екеуі әзіл үшін видео түсіріп, WhatsAp желісі арқылы таратады. Яғни, видеода екі дос ауылдағы үйлердің бірінен 28 жыл бұрын жасырылған спирт толы бөшке тауып алады. Спиртті жағып көрген олар «Бізді енді коронавирус алмайды» деп мәз болады. Бірақ, бұл әзілге облыстық полиция департаменті күле алмады. Учаскелік инспекторды бірден жұмыстан шығарып жіберді.

Египеттен оралған қарағандылық ерлі-зайыптар екі апталық карантинге ауруханаға жатқысы келмей, әбден қиғылық салды. «Сап-саумыз, еш жеріміз ауырмайды» деп азар да безер болған оларды дәрігерлер көндіре алмай, ақырында көпқабатты үйдегі пәтерінің балконына полиция  өрт сөндіру көлігінің сатысы арқылы көтерілді. Ерлі-зайыптылар осыдан кейін ғана ауруханаға жатуға мәжбүр болды.

Ал, осының алдында қарағандылық тағы бір азамат карантинде жатқан әйелінің палатасына терезе арқылы кірген. Сол күні күн суық болғандықтан әбден тоңып қалған 36 жастағы жігіт Германиядан ұшып келген әйеліне жеке заттары мен темекісін терезе арқылы кіріп беріпті. Онда да бірден шығып кетпей бөлмеде біраз жылынған көрінеді. Қарағандылық азамат сот шешімімен он тәулікке қамауға алынды. 

Ел астанасында карантин аумағын арғы беттегі дүкеннен арақ алып келу үшін бұзған азамат ұсталды.

Өскемен қаласының бір тұрғыны тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 call-орталығына телефон шалып, өзінің Тайландтан оралғанын, бойында коронавирус белгілері байқалғанын айтқан. Кейіннен арнайы мамандар 39 жастағы бұл азаматтың денсаулығы сап-сау екенін, ешқандай шетелге шықпағанын, телефон соққан кезде мас болғанын анықтады. Оған айыппұл салынды.

Арнайы цехта маска тігуге кіріскен Павлодар облысындағы АП-162/3 мекемесінде жазасын өтеуші бір азамат ең алғашқы 20 масканы өзінің отбасына салып жіберді. «Мен осы жерде тігін тігуді үйрендім, қазір осы мекемедегі қызметкерлері үшін маска тігіп жатырмын. Бірақ, жалақымның есебінен 20 масканы отбасыма жіберу туралы басшылыққа өтініш жасадым. Мен отбасымды қатты сағындым және оларды өте жақсы көремін» деді жазасын өтеуші. 20 маска сотталушының әйелі мен қызына жеткізілді.

Алматыда бір жігіт қоқыс таситын көлігіне адам жасырып, блок посттан алып өтпекші болды. Мұндай жағдай Алматы қаласында бірнеше мәрте қайталанды.

Төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан Таразда бір үй келін түсіріп, беташар той істеді. Асаба жігіт «Коронавирус кет, кет...» деп ән салып, жұртты билеткен тойдың видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Беташарға әжептеуір халық жиналған. Той иесі бес тәулікке қамалып, полиция асабаға ескерту жасады.

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылының бір тұрғыны алтыншы баласының дүниеге келу құрметіне байланысты жұртты жинап, көкпар берді.

Алматы облысының таксистері жолаушы тасымалдаудың жаңа схемасын ойлап тапты. Яғни, Алматы қаласы мен Алматы облысының шекарасында орналасқан елдімекендер көп болғандықтан таксистер өз жолаушыларын блокпостқа жақын маңдағы үйлердің біріне жеткізіп, үй иесі жолаушыларды өз учаскесі арқылы қалаға өткізіп жіберіп отырған. Жолаушыларды арғы жақта басқа такси күтіп тұрады. Осылайша бір үйдің шарбағы кішігірім кедендік пунктке айналып, құқық қорғау қызметі анықтағанша екі жаққа да жолаушылар тоқтаусыз өте берген. Бұл қызметі үшін таксистер де, жер учаскесінің иелері де әжептеуір ақша алыпты. Тіпті, адам басына 5 мың теңгеден алған таксистер өз қызметтерін жарнамалап, WhatsAp желісі арқылы хабарландыру берген.

Алматы қаласында көлік қозғалысының азайып қалуы бір жігіттерге керемет идея берген сияқты. Мегаполистің күретамыры іспеттес әл-Фараби даңғылының үстінде кешке біреулер от жағып, кәуап пісірген. Яғни, тура көшенің үстінде жеңіл көлігінің жүк салғышының есігін ашып қойып, көк түтіндетіп кәуап пісіріп жатқан жас жігіттердің видеосы тарады. Полиция көгілдір көктемнің кешінде «маевкаға» шыққандарды тез анықтап, оның біреуі 15 тәулікке қамауға алынды.

Ал, қапшағайлық жастар 23 наурыз түнгі сағат 22:00 шамасында Алматы-Өскемен тасжолында автокөлік жарысын ұйымдастырған. Қапшағай қалалық сотымен құқық бұзушы С. кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде, 26510 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Алматы облысында бір әйел өзін жұртқа «әлеуметтік сала қызметкерімін» деп таныстырған. Сөйтіп карантинге байланысты арзан азық-түлік жеткізіп беремін деп, 73 жастағы зейнеткердің 100 мыңға жуық теңгесін алып, ұшты-күйлі жоқ болып кетіпті. Кейінірек полиция бұл әйелдің үстінен бұған дейін бес мәрте қылмыстық іс қозғалғанын анықтады. Бұл жолы да алаяқ әйел қолға түсіп, қарияның қаржысын қайтарып берді.

Сегіз жылға сотталып, Павлодардың түрмелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан Александр Skype байланысы арқылы сүйіктісіне сөз салды. Оның сүйіктісінің есімі Наталья екен. Төтенше жағдай жариялануына байланысты ғашығымен жақын арада жолығудың сәті түспейтінін аңғарған Александр түрме басшылығымен келісіп, осындай қадамға барыпты. Енді алдағы уақытта Александр мен Наталья онлайн арқылы некеге тұруды жоспарлап отыр. Әзірге жігіт өз қолымен неке сақинасын жасап, пошта арқылы салып жіберді. Айтпақшы, түрме басшылығы сотталушылар мен олардың отбасы Skype байланысы арқылы бір-бірлерімен сөйлесуге болатынын жеткізді.

Қостанай қаласында автобус жүргізушісі жолаушылардың біріне «Маска кимейсің бе?» деп айтқаны үшін соққыға жығылды. Көп ұзамай 31 жасар бұзақы ұсталып, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Тараз қаласында блок постта тәртіпке бағынғысы келмеген бір азамат полицияға дене жарақатын салды. Полиция қызметкерінің бетінен бірнеше мәрте соққы жасаған Тараз тұрғыны бұрын бірнеше мәрте сотталған екен.

Ақтау қаласының бір тұрғыны подьезінің карантинге жабылып жатқанын көріп, үшінші қабаттан секіріп кеткен. Бірақ, оңбай құлап, омыртқасын зақымдап алды. Бұл подьезден коронавирус жұқтырғандар анықталған екен.

Әлеуметтік желілерде Ақтау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің суреттері тарады. Суреттерде подьезден шығатын есік дәнекерленіп, астынан кішкентай тесік қалдырылған. Яғни, бұл үйдің тұрғындары сыртқа шыға алмайды, ал, кішкентай тесік сырттан заттар алу үшін арнайы жасалған көрінеді. Жергілікті әкімдік бұл үйдің төңірегінде дезинфекция жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сыртқы есіктің тек бекіткіші ғана дәнекерленген. Ал, кішкентай тесік тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жасалыпты. Яғни, бұл үйдің тұрғындары сыртқа шыққысы келмейді, өйткені, оларды суретке түсіруі мүмкін. Кішкентай тесік сырттан зат алып тұру үшін арнайы ойылыпты.

Теміртау қаласында карантинге байланысты банкке кіре алмаған бір әйел қолына пышақ алып, өтіп бара жатқан жолаушыларға тұра жүгірген.

37-жастағы азамат Шу стансасынан Атырауға баратын жүк пойызына жасырынып мініп кеткен. Қызылордада полиция түсіріп алды.

«Төтенше жағдай кезінде 700 мың теңге әлеуметтік көмек беріледі» деген жарнамамен біреулер адамдарға телефон шалып, жеке куәлік, салық төлеу нөмірі сияқты жеке ақпараттарын сұрай бастаған. Полиция бұларға алданып қалмауды ескертті.

Тоғыз адаммен стол теннисін ойнап, карантиен режімін бұзғаны үшін Ұлттық банктің Ақмола облыстық филиалының директоры үш тәулікке қамалды. Олардың ешқайсысында маска болмаған.

«42500 теңге жәрдемақы береміз» деген жалған телеграм-бот пайда болды. Алаяқтар ол ақшаны алу үшін алдымен Бірыңғай әлеуметтік төлем төлеу қажет екенін айтып, әлдебір есеп-шоттарды жіберген.

Алматы қаласы, Жетісу аудандық әкімдігінің қызметкерлері 280 мың теңге көлемінде пара алып, тұрғындардың ары-бері өтуіне рұқсат берген. Күдіктілер қамауға алынды.

Жамбыл облысының бір таксисті көліктегі өз орнын полиэтилен кленкасымен қоршап алып, жолаушылар тасымалдауды жалғастыра берген. Бұл қауіпті індеттен барынша сақтанған түрі болса керек.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Министрлер үйінің маңында қояндар жүргені туралы видеолар пайда болды. Шамасы ақ қояндар Ақ ордаға жақын жердегі орманнан келген сияқты.

Бір жақсысы, карантин кезінде барлық өңірлер мен қалаларда қылмыстық оқиғалар азайды.

 

Соңғы жаңалықтар

Egov Chatgpt сияқты жұмыс істейді

Технология • Бүгін, 22:48

Бішкекте бес жүлде бұйырды

Спорт • Бүгін, 19:18