Руханият • 22 Сәуір, 2020

Бүгін қос бірдей халық ақыны 70-ке толды

1646 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ́́́́́ Тобылдың топжарғаны Әсия Беркенова мен  Отырардың от ауыз, орақ тілді һас жүйрігі Әселхан Қалыбекова 70 жасқа толып отыр. Екеуі бір жылда, бір айда, бір күнде дүниеге келген. Ел алдында да бірге жүріп, өткен ғасырдың сексенінші жылдары ұлттық өнер - айтыстың дамып, түрленіп, жаңа биікке көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты.

Бүгін қос бірдей халық ақыны 70-ке толды

«Айдын жырдың қос аққуы» атанған  екі ақынның арасындағы достық әлі үзілген жоқ. Соңғы жылдары Әселхан  Әсиясын іздеп Қостанайға бірнеше рет келіп кетті. Әсия апамыз да әрнені себеп етіп, қолы қалт еткенде оңтүстікке барып, Кәмшат апасына ұқсайтын құрдасының құрымдаған шайын ішіп, сағыныш құмарын тарқатып келеді. 

«Отырар» энциклопедиясында Әселханның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі туралы: «Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын» - деп жазылыпты. Бұл анықтама Әсия апамызға да құйып қойғандай шақ екеніне шәк келтірмеңіз.   

Әсия – айтыскер ақын, тәлімгер ұстаз. 2000-шы жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті жанынан «Өнер студиясын» ашты. Бұл орталық бүгінде жастар шығармашылығын шыңдайтын нағыз өнер мектебіне айналған. Студияда талапкер ақындармен қатар,  өнерлі жастар тәлім алады. «Бәдрисапа» би тобы, вокал сыныбы, домбырашылар ансамблі де осында. Бүгінде есімдері елімізге танылған бірсыпыра талантты жас осы «Өнер студиясының» түлектері.

Сырт қараған кісіге суықтау көрінетін Әсия апамыздың ішкі жан дүниесіне үңіліп көрген адам керім бір жылылық пен нәзіктікті, түзу адамға тән берік ұстанымды, елге жанашыр азаматтықты бірден аңғарады. Ақынның бұл қасиеті қағазға әдіптелген жазба өлеңдерінде көзге ұрып тұр.

Не  бiтiрдiм, тындырдым, сiрә, ненi,

Сын садаққа   iлгелi  ел  мына  мені,

Ақ толқынға  орап  ап  жыр  теңiзi,

Гүлдеткелi сөзiмдi  құла  белi?

...Төрелердің  шықсам да  жиi  есiнен,

Төл өнердің күш алам иесінен.

Төбедегi  қамшысын  үйiргенде,

Төмендегi  ел қорғайды  киесiмен.

Әсия апамыздың ескерілмей, еленбай жатқан бір дүниесі осы жазба өлеңдері. Бірде әлі кітап бола қоймаған біраз өлеңдерін болмай сұрап едім. Электронды нұсқада берді.  Ары-бері көшіп жүргенде жоғалтып алдым. Қайта сұрауға дәт болмады.

«Өнер студиясынан» қанаттанған өнерпаздың бірі – елге ақындығымен қоса әнші-сазгерлігімен танымал болған Марғұлан Оспанов. Мектеп қабырғасында жүріп облыстық  айтыстарға қатысып жүргенде Марғұланға халық ақыны Сары домалақ деп ат қойып алған. Бүгінде біраз туындысы үлкен сахналарда орындалып жүрген сазгер ұстазының бірнеше өлеңіне ән жазды.

Журналистер ұстаханасы атанған әйгілі «Қостанай» телеарнасында жұмыс істеп жүргенде Әсия апамыздың өмірі мен шығармашылығын «Жаназық» бағдарламасына арқау еткен едік. Өз архивімде қалған бейнематериалдан қиып алып, ақынның сөзіне жазылған әдемі әнді  көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Қостанай