Заң жобаларының негізгі мақсаттары азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен ереуілдер өткізуге конституциялық құқықтарын іске асыру, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру болып табылады.
Заң жобалары Парламент Сенатында тіркелгеннен кейін қорытынды дайындау үшін Парламент Сенаты Аппаратының комитеттері мен бөлімдеріне жіберілді.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті жобаға бас комитет болды және Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов жауапты болып белгіленді. Депутатқа барлық материалдар, оның ішінде қоғамдық ұйымдар мен Қазақстан Республикасы азаматтарының өтініштері де берілді.
Биылғы 17 сәуірде заң жобасын әзірлеушілердің қатысуымен жұмыс тобының алғашқы отырысы болды.
Қазіргі кезде жұмыс тобының отырыстарын өткізу жоспарланып отыр, оған барлық мүдделі тұлғалар мен ұйымдар бейнеконференция (Zoom) арқылы қатысу мүмкіндігі бар.
Бас комитеттің төрағасы Владимир Волков сонымен қатар ЕҚЫҰ бағдарламалар Кеңсесінің Басшысы Елші Д.Сабомен телефон арқылы сөйлесті. В.Волков Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағдарламалар Кеңсесінің Басшысымен бейбіт жиналыстар өткізу жөніндегі халықаралық тәжірибені талқылады.