Өнер • 23 Сәуір, 2020

Әсия асуы

591 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақтың табиғи болмысы мен ерекше мәдениетінің ұлттық төлқұжаты іспеттес бекзат өнердің бірі – айтыс. ХХ ғасырдың орта шеніне таман көмескі тартып, ұлт жадынан өшіп бара жатқан төл өнерге заман сәулесін түсіріп, жандандырып, қайта түлеткен халық таланттарының ішінде – Тобылдың топжарғаны берен тілді Әсия Беркенова да жүрді. Қазақстанның халық ақыны биыл сәуірде 70 жасқа толып отыр.

Әсия асуы

 Ноғайкөлден ұшқан аққу жыр

– Біз соғыстан кейінгі бес­жылдықта дүниеге келген ұрпақпыз. Сондықтан әр үйдегі бала саны да шек­теулі болды. Бір үйде бір ұл, бір қыздан. Үш-төрт баласы барлар өте аз еді. Ол кез­де ауылда жесірлер, бір шаңы­рақ­ты ұстап қалған абысын-ажындар көп. Оларға деген ағайын­ның қамқорлығы ерекше-тін, – дейді халық ақыны.

Әсия Әйіпқызы нағашы атасы мен әжесінің қамқор­лығын көріп өсті. Атасы ағаш­­­­тан түйін түйген шебер, әжесі науқас ұшықтап, құрт шақырып тіс емдейтін ши­пагер кісі екен. – Әжем он төрт құрсақ көтеріп, содан жалғыз анам қалыпты. Мен де анамнан жалғызбын. Сон­дықтан ауыл үлкендерінің мейіріміне бөленіп, ерке өс­тім. Мінезімнің еркіндігі, ой­ым­дағыны бүкпесіз айта са­латыным да содан бо­лар. Атам домбырамен күй шер­тіп, ән салатын. Анам­ның да әдемі қоңыр даусы бар-тын. Қараша ауылдағы қуа­нышты жиын, той-то­малақ домбыра, сырнайсыз өтпейтін. Ондайда ауыл ән­шілері «Елім-айдан» бас­тап зарлатып, неше түрлі халық әндерін құйқылжыта сайратып келіп, «Сәулем-ай­мен» аяқтайтын. Олардың салған әндерін біз де айтып жүрдік. Атам маған кішкентай кезім­нен домбыра үйретті. Кешкі шай ішіліп, қазандағы ет піскенше «Арынғазы», «Қо­салқа», «Келіншек» сияқ­ты то­лып жатқан күйлерді тар­тып, ән айтып отыратын. «Ба­тырлар жыры», «Қы­рық қыз» деген эпостарды кә­дімгідей түн ауғанша тың­дай­тынбыз. Ол кезде ауылда түнгі 12-ге дейін электр жарығы жанып тұрады. Атам маған сол жарық сөнгенше батырлар жырын оқытатын. Мені жүгіртіп, мәнерлеп, на­қышына келтіріп өлең немесе қара сөз оқуға үйреткен мек­­тептегі мұғалімдер емес, үйдегі ата-әжем еді. Ол кі­сі­лер өздері ұнатқан жыр үзін­­ділерін оқытып, оны түзетіп, дауыс ырғағына келтіртіп қайта оқытып отырушы еді...

Ақынның туған ауылы мен ата-әжесі жайлы естелігі сағыныш лүпілдеген көңіл тебіренісіне толы. Қаршадай құлыншағының бойынан өнер ұшқынын байқаған анасы кейін сырнай сатып алып береді. Бұрыннан домбыра тартып үйренген алғыр қыз бұл аспапты да тез меңгеріп алды. Кешқұрым мал өрістен қайтып, қой маңырап, қозы жамырап, сиыр сауылып, шай қойылып жатқанда есік ал­дына шығып сырнаймен ән айтып отыратын.

– Көр­ші Зоя апай дау­сымды естіп радиодан ән айтып жатыр екен деп, үйіне барып радионы олай бір, былай бір бұрайды. Бірақ жаңа ғана тыңдаған ән естілмейді. Содан Сәпия деген көрші әже­міз болды, сол кісіге барып: – Сәпия, сенің радиоң емес пе, жаңа ғана сырнаймен керемет бір ән айтылып жатыр еді, – дейді. Сәпия әже: – Ол Әсия деген радио ғой, – деп күлетін көрінеді. Осылайша Әсия ауылда «радио қыз» атанып кетеді.

Әсия Әулиекөлдегі Ш.Уә­лиханов мектебінде ұс­тазы Сағындық Досмағам­бе­тов­тен тәлім алды. Ол кезде Абай атындағы ҚазПИ-ді жа­ңа бітіріп келген Сағын­дық ағай домбырашылар ансамблін құрып, драма үйір­месін ашқан. Әсия осы мектептің үлгілі өнерпазы болды. Алғашқы ұстазы – Рафаэль Барт дейтін музыка пәнінің мұғалімі еді. Ал қазақ тілінен сабақ беретін Жұ­мағали Дәненов ағайы талапты шәкіртінің қанатқақты өлеңдеріне сыншы болды. Кейін мектепке Сағындық Дос­мағамбетов ұстазының жұ­байы Ақиіс Төлешқалиева апайы келді. Ауылға ке­лін болып жаңа түскен беті. Шә­­кіртінің алғашқы өлең­дерін мақтап, қолдап, қанат­тандырып жүрді. Сөйте-сөй­те Әсия мектеп бітірер жы­лы әдебиет пәні бойынша шығармасын тұтастай өлең­мен жазып шықты.

Кейін Әсия Әйіпқызы Нау­ырзым ауданына қарасты Өлеңді орта мектебінде ұзақ жыл ұстаздық етті. Орыс ті­лі мен әдебиетінен сабақ бер­ді. Мектептің тынымсыз жұ­мысы мен ауылдың қо­ңырқай тіршілігіне алда­нып, біраз жыл өлеңнен де қол үзіп қалды. Жас ұстаз­дың жүрек түкпірінде қал­ғып жатқан ақындық өнер­дің қайта оянып, лаулай түсуіне себеп болған 1980-жылы Алматыда өткен республикалық аламан айтыс еді. Осы айтыстан кейін жер-жерде айтысқа деген үлкен бір құлшыныс, серпін пайда болды. Жолбарыс Бая­зит, Ғұмар Ахметшин, Ақыл­­бек Шаяхмет сынды бел­гілі қаламгерлер бас­тап, сол кезде аудан-аудандарда айтыс өткізе бастады. Ке­зек Науырзым ауданына да жетеді. Ол айтысқа Әсия Әйіп­қызы да қатысып, әйгілі Қа­сымхан Алдабергеновпен сөз қағыстырады. Одан кейінгі облыстық айтыстарда ешкім Әсияның алдына шыға алмады. 1984 жылы Кенен Әзір­баевтың 100 жылдығына ар­налған республикалық ай­­тысқа барды. Алматы тө­рін­де алмастай жарқыраған алдас­пан тілді ақынның есімі осы айтыстан соң дүйім елге мәшһүр болған-ды.

 

Жоғалған сақина

Қостанайда қазақ әйел­дерінің ішінен дара шы­ғып, ел мақтанышына ай­нал­ған қос қарлығаш – Кәм­­шат Дө­ненбаева мен Әсия Бер­кенова. Бірі – ер-аза­­маттармен қатар темір тұлпар тізгіндеп, дәннен тау тұрғызып, Еңбек Ері атанса, екіншісі – сөз май­данында топ жарып, елдік пен ерлікті жырға қо­сып, халық ақыны атанды. Нар­дың жүгін, ардың туын көтер­ген қазақтың аяу­лы қос қызы қарапайым өмір­де де бірін-бірі аса қадір тұ­тып, құр­мет­теп өтті.

– Бірде қолындағы бір сақинасын алып, болмай менің қолыма салды. Кәм­шат апаның көзіндей тағып жүрейін деп бір тойға сол сақинаны кеңдеу болса да тағып барып едім. Бір ың­ғайсыз жерде қолымнан ұшты да кетті. Таппай қалдық. Со­ны өзім жаман ырымға жорыдым. Түйсігім алдамапты. Көп кешікпей, апамнан көз жазып қалдық... Осы жерде ақынның даусы толқып барып, үні дірілдеп, әңгіме күрт үзілді. Үнсіздік. Әппақ бет қыза­рып барып, екі көзден бу­лығып ірі-ірі, ып-ыстық жас моншақтады. Иә, әдетте дүниенің ағы мен қарасын да, қуаныш-наласын да ішіне бүгіп, ешқашан сыртқа сыр бермеген, бекзат мінез бір сәтке иіп кетіп, көз жасына ерік берді. Үнсіз іштей қосыла егіліп, ақынның бой жиып алар сәтін күтіп отырмын.  На­насың ба? Маған түйіле түсіп тіке қараған ақын көз жасын сүртпестен әң­гімесін әрі сабақтады. – Кәм­шат апа маған өмір бойы сіз деп өтті. Мен қы­сылып, «Апа, маған сіз деп айтпаңызшы мен қысыламын, сіз деп айтпаңызшы», деп қан­шама айтсам да, Кәмшат апа: «Жоқ, сен Алланың сүй­­ген құлысың. Тәңірдің таңбалаған перзентісің ғой, жа­ным Әсия! Сен көптің бірі емессің. Мен саған сен деп айта алмаймын», дейтін. Әсия Әйіпқызы әрі қарай сөйлей алмады. Ақын үшін соншалық аяулы жанға айналған батыр Кәмшатты еске алу іштегі кер­­мек сағынышты оятып, қаяу­лы көңілдің шемен шерін қозғады.

Талай аламан айтыстарда топ жарған хас жүйрік Әсия Беркенованың қолына қалам алып, өлең жазатын сәттері де аз емес. Мұндайда ақынның кө­ңіл түкпіріндегі сәулелі се­зімге оранған орамды ойлары мен сүйініш-күйініші ақ қағазға нәзік те, сұлу лирика болып төгіліп жатады.

 

ҚОСТАНАЙ