Инфекциямен күресіп жатқан үш дәрігер, төрт медбике, бес санитар айрықша жағдайда қорғалған. Ауысымнан шыққан бригада мүшелері тегіс дезинфекцияланып, ешкіммен байланысқа түспей өздері ғана тұратын «Алтын Орда» қонақүйіне арнаулы көлікпен жеткізіледі. Осы жерде ас-ауқаты да сырттан беріліп, ешкіммен араластырылмайды. Белсенді қоғамдық ұйымдар оларға бір реттік киім, тағы бірі барынша дәмді тағам дайындап беруді мойындарына алған. Үй-іші, бала-шағаларымен тек телефон арқылы хабарласады. Кейбір облыстарда қосымша ақы төлеу туралы шешімнің енді ғана қабылданып жатқанын естиміз. Ал біздің дәрігерлер наурыз айындағы қосымша ақы – 825 мың теңгені тегіс алған. Әрине, ынталандырудың ең зоры осы екені сөзсіз.
Қала көшелеріне шықсаңыз жүргінші мүлде аз. Ана жер, мына жерде қараң-құраң адамдарды кездестіресіз. Облыс басшылығы эфирге жиі шығып, тұрғындарға карантин талабын сақтауды айтып отырады.
Көшелерді КамАЗ-дар жарыса дезинфекциялап жүр. Қалай десек те карантиннің талаптары қатаң сақталған. Жоғарыдағы жетістік осындай жіті істердің нәтижесі. Алла да «сақтансаң – сақтаймын» деген ғой. Карантиннің талабын «ұзын арқан, кең тұсауға» салмай, тым болмаса осы сынақ күндері қатаң сақтайтын болсақ, індетті жеңеміз.
Солтүстік Қазақстан облысы