Жақында Текелі қаласының әкімдігінен еріктілер келіп, үйімізге азық-түлік, басқа да тұтынуға қажетті заттар, медициналық керек-жарақ жеткізіп берді. Шын қуандық. Елеп, ескеріп қолұшын берген азаматтарға алғысымыз шексіз. Отбасымызда 5 бала өсіріп отырмыз. Өзім атаулы әлеуметтік көмек аламын. Қосымша кәсібіміздің тоқтауына байланысты кіріс көзі де қысқарған еді. Мемлекет тағы да қиындықта қалдырмай арнайы тағайындаған 42 500 теңге өтемақы берді.
Бәрінен бұрын әкімдік берген «Балаларға тарту» атты әлеуметтік пакет отбасындағы кішкентайлар үшін лайықты сый болды. Мұны ұйымдастырған демеушілерге, көп балалы аналарға барлық жағынан көмек беріп, қаржылай да, азық-түлік түрімен де қолдап отырған мемлекет тізгінін ұстаған жандарға аналық алғысымды арнаймын. Қиын күндер артта қалып, еліміз берекелі де бейбіт өмірге қадам бассын.
Әсел ЕРДЕНБЕКОВА,
көп балалы ана
Алматы облысы,
Текелі қаласы