Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Атырау: Оқушы авторлық құқықты анасының атына тіркеді

931 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атыраулық 11-сынып оқушысы  Эльдар Құрмашев өзі іске қосқан KazMessage мобильді қосымшасының авторлық құқығын анасының атына тіркеді. Авторлық құқықты растайтын куәлік 15 сәуірде берілген.

Атырау: Оқушы авторлық құқықты анасының атына тіркеді

Оның айтуынша, бастапқыда авторлық құқықты өз атына тіркеуді көздеген. Алайда, бұған Эльдарда электронды цифрлы қолтаңбаның болмауы  кедергі келтірген. Сол себептен, авторлық құқықты анасы Алмагүл Құрмашеваның атына тіркеуіне тура келді.

– Авторлық құқықты тіркету үшін халыққа қызмет көрсету орталығына хабарластым. Ондағылар электронды цифрлы қолтаңбаның қажеттігін айтты. Бірақ, дәл қазір маған электронды цифрлы қолтаңбаны алу мүмкін болмай тұр. Себебі, қазір бұл орталық қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен. Ал, қолтаңбаны алу үшін камера арқылы жеке куәлікті, өзіңді көрсету керек. Үйдегі компьютерімде камера болмағандықтан, әзірге авторлық құқықты анамның атына тіркеуге ұйғарым жасадым. Кейін карантин мерзімі аяқталып, бәрі қалпына келген кезде өз атыма қайта тіркетуді көздеп отырмын, - дейді жас өнертапқыш Эльдар Құрмашев.

Сәуірдің 15-де Эльдар Құрмашевтың  KazMessage мобильді қосымшасын іске қосқанына 1 ай болды. Ол 15 наурызда мобильді қосымшаны Playmarket-ке енгізген еді. Содан бері KazMessage-ні  2500 адам жүктеп алған. Оның 2400-і – қазақстандық. Қазір жаңа қосымшаны 1500 адам белсенді қолданып жүр.  

– Статистиканы күн сайын қарап отырмын. Әсіресе, өз отандастарымның қызығушылық танытқаны қуантады. Жаңа мобильді қосымшаны қолданатындардың арасында Қырғызстан мен Өзбекстанның, Оман Сұлтанаты мен Германия, Иордания елдерінің азаматтары да  бар, - дейді атыраулық 11-сынып оқушысы Эльдар Құрмашев.

3