Айтулы шабуылшының спорттық ғұмырында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Мәскеудің «Динамо» клубының түлегі 2005 жылы мұхит асып, «Вашингтон Кэпиталз» клубының жейдесін киді. АҚШ-қа келген жылы-ақ Овечкин ең үздік дебютантқа табысталатын «Колдер Трофи» жүлдесін иеленді. Сегіз рет ең мерген шабуылшы және үш рет ең құнды ойыншы атанды. ҰХЛ-дың «Жұлдыздар матчында» жеті рет өнер көрсетті. 2009 жылы ҰХЛ-дың соңғы онжылдығындағы ең үздік хоккейшілер тізіміне енді. ҰХЛ тарихындағы 100 даңқты ойыншылар қатарына орын тепті.
Ресейдің құрамасына 17 жасында қабылданған Александр Овечкин айтулы мемлекеттің намысын қорғаған және гол соққан ең жас хоккейші ретінде тарихта қалды. Ұлттық комананың сапында ол үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін күміс және төрт дүркін қола жүлдегер атанды. Осындай атақ даңқы бола тұра Овечкин Олимпиада тұғырына әлі бірде-бір рет көтерілген емес. Енді ол сол олқылықтың орнын толтырғасы келетінін мәлімдеді.
- Олимпия ойындарында топ жаруды бала кезімнен армандағанмын. Алайда осы жоспарды жүзеге асырудың реті бір келмеген еді. Енді сол олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтып отырмын, - дейді даңқты хоккейші.