Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Талапты жасқа қолдау көрсетуде

223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде жоғары мектептердің мақсаты білім берумен қатар, жастардың бойындағы жоғарғы адами құндылықтарды дамытуды, ізгілікке, мейірімділікке, қайырымдылыққа, инабаттылыққа жəне əдептілікке баулуды көздейді. Жоғары мектеп студентінің рухани-адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына тəрбиемен қатар оны қоршаған ортасы да əсер ететіні белгілі. Оларға өзінің айналасындағы жақындары, отбасының жəне жеке топтардың əсері ғана емес, сонымен бірге қоғамның бүкіл ахуалы, дүние жүзілік қоғамдастықтың өмір сүру, тіршілік ету амал-тəсілдері ықпал жасайды. Бұл ретте Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде студенттеріміздің жақсы оқуына, оқу-тәрбие үдерісіне белсене қатысуына, азаматтық көзқарастарының қалыптасуына толық жағдай жасалған.

Талапты жасқа қолдау көрсетуде

- «Мақтансаң – шәкіртіңмен мақтан» демекші, мұндай жастар өз арамызда, олардың бірі – ынта қойып, тапсырылған іске ерекше ықыласпен кірісетін шәкіртім, «Мұнай газ ісі» мамандығының 4-курс студенті Аманиязов Ермек. Күні кеше Конрад Аденауэр қоры ұйымдастырған Sur-Place бағдарламасы аясындағы республикалық конкурстың стипендиаты атанды, аталған конкурсқа қатысып, ақпан айында Ақтөбе қаласында осы қор өкілдігінің директоры Томас Хельммен сұхбатқа қатысып келген болатын, дейді «Мұнай газ инжинирингі» кафедрасының доценті М.Каражанова.

Айта кетерлік, Қазақстандық ЖОО-дарының студенттеріне арналған жергілікті гранттардың Sur-Place бағдарламасы 2007 жылдан бері Қазақстанның жас элитасын қолдап келеді. К.Аденауэр қоры еліміздегі азаматтық қоғам ұйымдарымен, университеттермен, саяси партиялармен және жекелеген элиталармен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып, аймақтық және жаһандық саяси әріптестікті дамытуға негізделген. Бұл қор бағдарламасының негізгі мақсаты жастардың оқуда өз қабілеттерін ашу ғана емес, өз білімін, күші мен бастамасын өз елінің саяси және әлеуметтік өміріне қатысуға арнауға ұмтылатын дарынды жастарға қолдау көрсету. Қатысушыларды іріктеу елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысатын жеке өмірлік нық ұстанымы, дүниетанымы кең және айқын мақсаты бар студенттерді анықтау негізінде жүргізіледі. Қордың басым бағыттары саясат және БАҚ, жергілікті өзін-өзі басқару, саяси білім болып, техникалық салаларға салыстырмалы түрде аз назар аударылатындықтан және тапсырыс берген 400 кандидат ішінен іріктелген 30 шақты студент арасынан табылған Ермектің бұл жетістігі, әрине, ұстаздары үшін қуанарлық жайт.

Ұстаздарының үкілі үміті Ермек 2017 жылы KazEnergy және Shell компанияларының ұйымдастыруымен Student Energy Challenge атты республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орын алса, сол жылы Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту орталығынан тұңғыш Президент күніне орай өткізілген «Тұңғыш Президент және менің Отаным» атты қалалық шығарма жазу байқауында 2-ші орынды иемденді. 2019 жылы 31 наурызда ТШО және NCOC мұнай компанияларының және SPE қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық «Atyrau International Petroleum Olympiad» техникалық олимпиадасында топтық есепте 1-ші орынды иемденіп, марапат ретінде NCOC компаниясында өндірістік тәжірибеден өтіп келді. Қатысқан шаралардың өзектілігі, мақсаты, міндеттері, ұсыныстары туралы ой тұжырымдап, ерекше мән беруі оның одан әрі қанаттанып, биік белестерден көрінуіне бірден-бір себепші болды.

- Шәкіртімізді мақтан ете отырып, оның кәсіби маман болып қалыптасуымен қатар, еліміздің болашағына, бірлікке, жасампаз тірлікке қызмет етуіне үлкен үмітіміз бар, - дейді ұстазы М.Каражанова.